2025 жылы Қазақстан су ресурстарын қалай басқарды?
Қазақстанда су ресурстарын тиімді пайдалану мен су шаруашылығы саласын жаңғырту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр. Вегетация кезеңінде тұрақты суаруға 11,1 млрд текше метр су алынып, бұл ауыл шаруашылығы саласының жалпы ішкі өнімінің 30 пайызына дейінгі үлесін қамтамасыз етті. Бұл көрсеткіш су ресурстарының агроөнеркәсіп кешені үшін стратегиялық маңызын айқын көрсетеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ирригация жүйелерін жаңарту
Егіс алқаптарына су беруді жақсарту және экологиялық мақсаттағы су жіберудің тиімділігін арттыру үшін 1840 шақырым ирригация каналдары механикалық тазалаудан өтті. Нәтижесінде су өткізу қабілеті артып, шығын көлемі азайды.
Су үнемдеу технологиялары
Су үнемдеу технологиялары қолданылатын аумақ 543,5 мың гектарға жетті. Осылайша Мемлекет басшысының жыл сайын шамамен 150 мың гектар жаңа алқапта су үнемдеу жүйелерін енгізу жөніндегі тапсырмасы кезең-кезеңімен орындалып келеді.
Ал 2026–2028 жылдарға арналған су үнемдеу технологияларын енгізуді субсидиялау көлемі 4 есе ұлғайтылды. Бұл шешім шаруаларды заманауи әрі тиімді суару жүйелеріне көшуге ынталандыруға бағытталған.
Ауыз сумен қамту
2025 жылы 237 елді мекенде ауыз сумен қамту сапасы жақсарып, жалпы алғанда 449 мың адам сапалы ауыз суға қол жеткізді. Бұл – халықтың өмір сүру сапасын арттырудағы маңызды қадам.
Инвестиция және халықаралық әріптестік
Су шаруашылығы саласының негізгі капиталына 579 млрд теңге инвестиция тартылды. Келесі жылы Ислам даму банкімен бірлескен су қоймалары мен каналдарды салу және реконструкциялау жобасының алғашқы кезеңі іске қосылады.
Кадрлық әлеуетті нығайту
Сала қызметкерлерін қолдау мақсатында «Қазсушар» мекемесі мамандарының жалақысы 50 пайызға дейін артты. Сонымен қатар филиалдарға 576 жаңа арнайы техника беріліп, олар құрылыс, жөндеу және тазалау жұмыстарына белсенді тартылып жатыр.
Бұдан бөлек, су шаруашылығы саласының 1000-нан астам маманы Қазақстанда және шетелде біліктілігін арттырды. Оның ішінде 125 маман Қытай кәсіпорындарында оқудан өтіп, ҚХР-мен бірлескен бағдарламаны жалғастыру жөнінде келісімге қол жеткізілді.
Су үнемдеу мәдениеті
Қоғамда су үнемдеу мәдениетін қалыптастыруға бағытталған акцияларға 2 миллионнан астам оқушы қатысты. Ел көлемінде ашық сабақтар, сурет байқаулары, эко-жарыстар және өзге де танымдық іс-шаралар ұйымдастырылды.
Сарапшылардың пікірінше, атқарылған бұл кешенді шаралар су ресурстарын басқарудың тиімділігін арттырып қана қоймай, ауыл шаруашылығының тұрақты дамуына және халықтың әлеуметтік әл-ауқатын жақсартуға негіз болады.