2025 жылы Мәжіліс 100 заң қабылдады

2025 жылы Мәжіліс 100 заң қабылдады. Қабылданған заңдардың басым бөлігі лудомания, онлайн-алаяқтық, некеге тұруға мәжбүрлеу секілді қоғамдық кеселдермен күресуге бағытталған.

BAQ.KZ тілшісі биыл қабылданған заңдардың бірқатарын назарларыңызға ұсынады.

Мәжілістің ақпаратынша, қабылданған заңдардың 24-іне депутаттар бастамашы болған.

Қабылданған заңдардың басым бөлігі лудомания, онлайн-алаяқтық, некеге тұруға мәжбүрлеу секілді қоғамға қауіпті құбылыстармен күресуге бағытталған.

Сонымен қатар депутаттар дарынды балаларды қолдау, бірыңғай медициналық көмек пакетін енгізу, сондай-ақ дропперлерді қылмыстық жауапкершілікке тартуды көздейтін бірқатар маңызды нормаларды бекітті.

Биыл Мәжіліс қабырғасында қабылданып, еліміздің өркендеуіне және халықтың әл-ауқатын арттыруға ықпал ететін маңызды заңдар мыналар:

- Су, Бюджет, Салық, Құрылыс және Цифрлық кодекстер бойынша жұмыс аяқталып, құжаттар қабылданды.

- Енді халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздары білім гранттарын конкурссыз алады.

Президент мәдениет, білім беру және тәлімгерлік мәселелері туралы заңға 2025 жылғы 10 ақпанда қол қойды.

- Ғимараттарда және онлайн-кеңістікте букмекерлік кеңселер мен тотализаторларды жарнамалауға тыйым салынды.

2025 жылғы 25 сәуірде Президент денсаулық сақтау, ойын бизнесі мәселелері туралы заңға қол қойды.

- Күрделі ауруларды ертерек анықтау үшін тегін көрсетілетін кепілді медициналық көмек тізіміне онкоскрининг енгізілді.

2025 жылғы 25 сәуірде Президент денсаулық сақтау, ойын бизнесі мәселелері туралы заңға қол қойды.

- Конституцияның 30 жылдығына байланысты 17 мыңға жуық сотталған адам рақымшылық талаптарына ілікті.

Президент 2025 жылғы 19 маусымда ҚР Конституциясының отыз жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы заңға қол қойды.

- Кепілсіз онлайн несиелер рәсімдеу кезінде “салқын ақылға салып” шешім қабылдауға мұрсат беру енгізілді.

2025 жылғы 30 маусымда Президент қаржы нарығын дамыту, қаржылық көрсетілетін қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау, байланыс мәселелері бойынша заңға қол қойды.

- Үлескерлік құрылыс саласында үй-жайларды сатып алуға байланысты алдын ала шарттар жасауға тыйым салынды.

2025 жылғы 30 маусымда Президент тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу, автомобиль жолдары және мүгедектігі бар адамдарды тасымалдау жөніндегі қызметтерді көрсету туралы заңға қол қойды.

- Депутаттар 1991-2021 жылдар аралығында қазақ тапқан құқық қорғау, арнаулы мемлекеттік органдар, азаматтық қорғау органдары қызметкерлерінің және әскери қызметшілердің 500-ден астам отбасына ай сайынғы жәрдемақы төлеу мәселесін шешті.

2025 жылғы 30 маусымда Президент құқық қорғау қызметін жетілдіру, құқық қорғау органдарының қызметкерлерін және әскери қызметшілерді тұрғын үймен қамтамасыз ету және әлеуметтік қорғау туралы заңға қол қойды.

- Некеге тұруға мәжбүрлеу заңмен реттелді.

Мемлекет басшысы 2025 жылғы 16 шілдеде қылмыстық заңнаманы оңтайландыру мәселелері туралы заңға қол қойды.

- Алаяқтық схемаларға қатысы бар тұлғаларға, яғни дропперлерге қылмыстық жауапкершілік енгізілді.

Президент 2025 жылғы 16 шілдеде қылмыстық заңнаманы оңтайландыру мәселелері туралы заңға қол қойды.

- “Жасанды интеллект туралы” жаңа заң қабылданды. Қазақстан Еуропалық Одақтан кейін осы салада жеке, арнайы заңы бар екінші юрисдикцияға айналды.

Президент тиісті құжатқа 2025 жылғы 17 қарашада қол қойды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Мәжіліс
Өзгелердің жаңалығы