2025 жылы мұнай өндіру көлемі 105 млн тоннаға жетуі мүмкін
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Энергетика министрінің бірінші орынбасары Махамбет Досмұхамбетов Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында мұнай-газ саласындағы инвестициялық жобалар туралы баяндап берді.
«Мұнай-газ саласында өңдеу, өндіру, инфрақұрылым бойынша бірқатар инвестициялық жобалар іске асырылуда. Мұнай өндіруде 3 ірі кен орнында: Теңізді келешек кеңейту жобасы 2023 жылдан бастап жылдық өндіру деңгейін 12 млн тоннаға ұлғайтуға мүмкіндік береді; Қашағанның 1-кезеңін кеңейту жобалары 2022 жылы өндіруді тәулігіне 420 мың баррельге және 2027 жылы тәулігіне 500 мың баррельге жеткізуге бағытталған; Қарашығанақта өндіру деңгейін ұзарту жобалары өндіру деңгейін ұзақ мерзімге сақтауға мүмкіндік береді», - деді Энергетика министрінің бірінші орынбасары.Ол осы жобалардың нәтижесінде 2025 жылы республика бойынша мұнай өндірудің жылдық көлемі 105 млн тоннаға жетеді деп күтілетінін айтты.
«Теңіз бен Қашағанда алдағы уақытта мұнай өндірудің ұлғаюына байланысты еліміздің басты экспорттық бағыты Каспий құбыр консорциумы магистральдық құбырының өндіру қуатын қазақстандық учаскесінде жылына 72,5 млн тонна дейін арттыру жобасын іске асыру мәселесі пысықталып жатыр. Сондай-ақ Кеңкияк-Атырау мұнай құбырында іске асырылып жатқан жобаны, яғни Кеңкияк-Атырау мұнай құбырының реверсі жобасының маңызды болып отыр. Осы жоба Қазақстанның батысынан Шымкент және Павлодар мұнай өңдеу зауыттарына мұнай жеткізуді жылына 6 млн тоннаға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Өздеріңізге белгілі, бүгінгі таңда аталған мұнай өңдеу зауыттарына мұнай Ақтөбе мен Қызылорда облыстарының кен орындарынан жеткізіледі. Сондықтан да бұл жобаның стратегиялық маңызы жоғары, ол мұнай зауыттарын жүктеуге бағытталған. Жоба 2020 жылы аяқталады», - деді Досмұхамбетов баспасөз мәслихатында.
Бірінші вице-министр мұнай-химия секторының 9 айдағы нәтижелерін баяндап берді.
«Битум өндіру 702 мың тоннаны құрады, 2019 жылға арналған жоспар – 767 мың тонна. Өндіру көлемі еліміздің жол саласының қажеттілігін толығымен қанағаттандырады. Атырау мұнай өңдеу зауытында 9 айда экспортқа бағытталған 107 мың тонна хош иісті көмірсутек өндірілді. 2019 жылға арналған жоспар – 180 мың тонна», - деді Досмұхамбетов.
Ол тамыз айында Алматы облысында жылдық қуаты 100 мың тонна жанар-жағармай өндіретін зауыт пайдалануға берілгенін, осы өндіріс ішкі нарықтың жанар-жағармайға деген қажеттілігін қамтамасыз етуге және жақын шетелге экспортты жүзеге асыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Алдыңғы жаңалық
Ербол Еділов жаңа қызметке тағайындалды
Өзгелердің жаңалығы