2025 жылы Ақтау әуежайында жаңа әуе рейстері ашылады

2025 жылы Ақтау әуежайынан Өскемен, Қарағанды, Қостанай бағытына жаңа әуе рейстерін ашу жоспарланып отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ mangystaumedia.kz сайтына сілтеме жасап.

Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен баспасөз мәслихатында Маңғыстау облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Берік Ізғалиев мәлімдеген.

Қазір Ақтау халықаралық әуежайы арқылы 8 ішкі бағытта және 13 халықаралық бағытта әуе рейсі қатынайды. Биыл 6 айда Ақтау әуежайы арқылы 755 254 жолаушы тасымалданған. Былтыр 6 айда 678 320 жолаушы болған.

 Жаңа әуе рейстерінің бағасын халыққа қолжетімді болады. Сонымен қатар теміржол көлігі саласында «Маңғыстау - Семей» бағытында 33 вагон,«Маңғыстау- Алматы» бағытында 90 вагон, Атырау бағытында 36 вагон, Оралға 20 вагон, Ақтөбе бағытында 9, Бейнеу бағытында 8 вагон жаңартылды. Ал Маңғыстау облысы бойынша автомобильмен тұрақты жолаушы тасымалында барлығы 16 тасымалдаушы, 48 маршрут, 292 автокөлік қызмет көрсетеді. Жаңартылған автобустардың үлесі - 80%, - деді Берік Ізғалиев.

Сондай-ақ, 2024 жылдың соңына дейін барлығы 102 автобус сатып алынады.

 Басқарма тарапынан «Маңғыстау» теміржол вокзалын реконструкциялау жобасын іске асыру бойынша жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу үшін конкурс жарияланып, конкурс жеңімпазы ретінде «Архи Просто» ЖШС танылды. 01.07.2024 жылы аталған жоба мемлекеттік сараптамаға жолданды. 2024 жылдың қыркүйек айында мемлекеттік сараптамадан оң қорытынды алу жоспарланып отыр. Теміржол вокзалын реконструкциялау жобасы орындалған соң «Маңғыстау» вокзалының өткізу қабілеті тәулігіне 2000 адамнан 4000 адамға дейін ұлғаятын болады,-дейді Берік Ізғалиев.

Биыл «Хонда-Өмірзақ ауылы» жобасы толық аяқталып, автожол қолданысқа берілді.

Сонымен қатар «Өңірлерді дамыту бағдарламасы» бойынша 4 жобаға 4,6 млрд теңге бөлініп, қазіргі таңда 58 км бойынша жұмыстар жүруде. Атап айтқанда, «МАЭК» су қабылдағышынан Құрық теңіз портына дейінгі автомобиль жолын қайта жаңарту, Ақтау қаласындағы ұзындығы 6,2 км ХГМЗ теміржол өткелінен №17 бекетке дейінгі автомобиль жолын қайта жаңарту, 1 ш/а автомобиль жолын қайта жаңарту, Ақтау қаласында ұзындығы 8,0 км ХГМЗ ауданындағы қиылысқа дейін, Каспий энергетикалық хабының сыртқы инфрақұрылымын салу, 19 а шағынауданынан бастап №20 бекет маңы қиылысына дейінгі автомобиль жолын жаңарту жұмыстары жүргізіледі,-деді спикер.

«Ауыл – ел бесігі бағдарламасы» бойынша биыл 19 жобаға 5,8 млрд. теңге бөлініп, орындалып жатыр.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: mangystaumedia.kz
Өзгелердің жаңалығы