2025 жылы 276 мыңнан астам қазақстандық жәрдемақыны өтінішсіз алды

2025 жылы Цифрлық отбасы картасы (ЦОК) арқылы 529,6 мың қазақстандық әлеуметтік-еңбек саласындағы мемлекеттік қызметтерді проактивті түрде алу мүмкіндігі туралы SMS-хабарлама алды. Оның ішінде 276,2 мыңнан астам азамат жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдерді өтінішсіз рәсімдеу құқығын пайдаланды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәліметінше, Цифрлық отбасы картасы мемлекеттік органдардың барлық қолданыстағы ақпараттық жүйелеріндегі деректер негізінде қалыптастырылады. Қазіргі таңда жүйеде Қазақстанның 20 млн азаматы туралы ақпарат жинақталған. Бұл 6,2 млн-нан астам отбасын қамтиды.

Цифрлық отбасы картасын енгізудегі басты мақсат – азаматтардың мемлекеттік қолдау шараларына тең қолжетімділігін қамтамасыз ету. ҚР Әлеуметтік кодексінде ЦОК әлеуметтік саясаттың орта және ұзақ мерзімді басымдықтарын айқындайтын құрал ретінде бекітілген. Сонымен қатар, жүйе күнделікті «электронды хабарлаушы» қызметін атқарып, азаматтарды әлеуметтік мәртебесіне қарай кепілдендірілген мемлекеттік көмек алу құқығы туралы автоматты түрде хабардар етеді.

Қазіргі уақытта Цифрлық отбасы картасы арқылы өтініш бермей-ақ 11 түрлі жәрдемақы мен әлеуметтік төлемді рәсімдеуге болады. Олардың қатарында еңбекке қабілеттілігінен айырылу және жұмыссыз қалу жағдайына байланысты әлеуметтік төлемдер, асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақылар мен төлемдер, бала тууына және бала күтіміне байланысты жәрдемақылар, мүгедектігі бар балалардың ата-аналары мен қамқоршыларына арналған төлемдер, мүгедектік жәрдемақылары, көпбалалы отбасыларға және «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлеріне берілетін жәрдемақылар, атаулы әлеуметтік көмек, сондай-ақ жерлеуге арналған біржолғы төлем бар, - делінген министрлік хабарламасында.

Сондай-ақ Цифрлық отбасы картасы арқылы зейнетақы төлемдерін алу құқығы, «қандас» мәртебесінің аяқталу немесе ұзарту мерзімдері, жұмыссыз азаматтарға көрсетілетін жұмыспен қамту шаралары туралы автоматты хабарламалар жолданады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы