2025 жылға қарай отандық әуе компанияларда 145 жеке ұшақ болады
Көлік министрі Қостанай облысына жұмыс сапарымен келді. Марат Қарабаев дәстүрлі түрде өңір тұрғындарымен кездесіп, азаматтарды жеке қабылдады, деп хабарлайды BAQ.KZ Көлік министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Облыс тұрғындарымен кездесу «Жастар сарайында» өтті. Кездесуге 70-ке жуық жергілікті кәсіпкер, қоғам белсенділері мен БАҚ өкілдері келді. Өңір тұрғындары облыстың көлік инфрақұрылымының нашарлап кетуіне қатысты мәселелерді көтерді. Автожолдардың сапасы, елді мекендер ішінде және қала арасындағы автобус қатынасы мен теміржол көлігіндегі сервистің төмен деңгейі де талқыланды.
Бұдан басқа, облыс тұрғындары ведомство басшысынан Қостанай әуежайын қайта жаңартудың қаншалықты орынды екендігі жөнінде сұрады. Өйткені билеттің қолжетімсіздігіне байланысты авиакөлік өңірде аса сұранысқа ие емес.
Әуе қатынасына қатысты сұрақтар қоғамда жиі талқыланатын мәселе. Билеттер қымбат, ол рас. Қазірі таңда жаңа лоукостер мен халықаралық компанияның отандық нарыққа шығу мәселесін пысықтап жатырмыз. Бәсекелестік пайда болса, сәйкесінше билет құны да төмендейді. Сонымен қатар азаматтардың әл-ауқаты да өсіп келеді. Бұл әуе тасымалдарға деген сұраныстың жыл ішінде 27 пайызға өсуімен түсіндіріледі. Аталған сұранысты қанағаттандыру үшін біз жаңа ұшақтарды сатып ала бастадық. Биыл тағы 11 ұшақ сатып аламыз, содан кейін Қазақстанда 100 ұшақ болады. Ал 2025 жылға қарай отандық жолаушылар авиакомпанияларының 145 жеке борты болады деп жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ жаңа авиамаршруттарды іске қосу жоспарымызда бар, – деді Марат Қарабаев.
Министрдің жеке қабылдауына автобуспен жолаушылар тасымалын ұйымдастыру және Яндекс такси мен Индрайвер агрегаторларының қызметіне қатысты мәселелер бойынша азаматтар жазылды. Азаматтардың арқалап келген өтініштерін мұқият тыңдаған соң министр аталған мәселелерді шешу үшін нақты ұсыныстар қажет екендігін тілге тиек етіп, келесі аптада тасымалдаушылардың мәселелерін егжей-тегжейлі талқылау үшін тағы бір кездесу ұйымдастырылатынын айтты.