2025 жылға дейін студенттердің стипендиясы 2 есеге өседі
2025 жылға дейін студенттердің стипендиясы 2 есеге өседі. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бүгін Л. Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-де Ғылым және жоғары білім министрлігінің кеңейтілген алқа отырысы өтіп жатыр.
2025 жылға дейін студенттердің стипендиясын 2 есе өсіру жоспарланып отыр. Сондай-ақ 2025 жылдан келесі кезеңге стипендия тағы осынша артады, - деді Саясат Нұрбек министрліктің кеңейтілген алқа отырысында.
Министрдің айтуынша, осы себептен бюджетте тиісті қаржының көлемін ескеру керек.
Біз біртіндеп гранттың құнын арттырамыз. Себебі, жоғары оқу орындары стипендия мен оқытушылардың жалақысын өсіруге мүмкіндік берілуге тиіс. Барлық студентті халықаралық цифрлық кітапханаларға тегін қосылуға жағдай жасау жоспарда бар. Бұл білім алу үшін маңызды, - деп баяндады Ғылым және жоғары білім министрі.
Бакалавриат студенттері 2022 жылы 36 000 теңге алса, 2025 жылға қарай 52 000 теңгеге дейін жетеді. Ал докторанттар 2022 жылдан бері 195 000 теңге алады, 2025 жылға қарай оның көлемі 262 000 теңге болады.