2025 жылға дейін Солтүстік Қазақстанға 10 мың адам көшіріледі

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов бүгінгі Үкімет отырысында айтты.

Министр Солтүстік Қазақстан облысының 2021-2025 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспарында өңірге инвестициямен бірге білікті мамандар тартуға, жаңа өндіріс көздерімен жұмыс орындарын ашуға бағытталған нақты шаралар қарастырылғанын жеткізді. 

Өңірде 2025 жылға дейін 97 мың жұмыс орнын құру жоспарланған, оның ішінде мемлекеттік бағдарламалармен жеке кәсіпкерлердің бастамасы бойынша 71 мың жанға жұмыс орны құрылады. Сондай-ақ кешенді жоспар аясында іске асырылатын жобалар бойынша 16 мың тұрақты және 10 мың уақытша жұмыс орны құрылады. Барлығы 69 мың тұрақты жұмыс орны ашылмақ, - деді ол. 

Одан бөлек Nur Otan партиясының сайлауалды тұжырымдамасы бойынша алдағы бес жылда 3,5 мың адам Бастау бизнес жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқытылып, 1 700 жасқа бизнес идеясын іске асыру үшін қайтарымсыз мемлекеттік грант беріледі.  

Сонымен қатар ол еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыруды ынталандыруға, демографиялық дезбаланстың және кері көшу-қоныс сальдосының әсерін азайтуға бағытталған бірқатар жұмыс атқарылатынын айтты.

Біріншіден, бизнес процесті оңтайландыру үшін бос жұмыс орындары туралы мәліметтерді алу, қоныс аударуға өтінім беру және қабылданған шешіммен танысу электронды еңбек биржасы арқылы жүзеге асырылады, - деді министр. 

Сондай-ақ ол қоныс аударушыларды жұмыспен қамтуға, жаңа жерге бейімдеуге жағдай жасау үшін көшуге берілетін бір реттік жәрдемақы мөлшерін 35 АЕК-тен 70-ке дейін өсіру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтты. Оған қоса жұмыс берушілерді ынталандыру мақсатында қоныс аударушылардың еңбекақысының бір бөлігін субсидиялау, оқыту шығындарын өтеу бойынша шаралар қабылданбақ. 

Жалпы аталған жоспар жұмыстары 2025 жылға қарай өңірге 10 мыңнан астам жұмыс күшін көшіруге, демография мәселесінің жақсаруына оң әсерін тигізеді. Оған қоса жұмыссыздық деңгейін 4,9 пайызға дейін азайтуға мүмкіндік береді, - деді Шәпкенов.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы