2025 жыл Қазақстан үшін астық өнімділігі бойынша рекордты жыл болды
Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров елдегі 2025 жылғы егін жинау жұмыстарына қорытынды жасады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Айтуынша, республика бойынша астық жинау толығымен аяқталды. Сондай-ақ аяқталған маусым ауыл шаруашылығы өндірісінің тұрақты өсімін көрсеткен.
Биыл тек дәнді дақылдар бойынша ғана емес, сонымен қатар бұршақты және майлы дақылдар сияқты жоғары рентабельді әрі сұранысқа ие дақылдар тұрғысынан да рекордтық жыл болды. Бұл дақылдарға егіс алқаптарын әртараптандыру шеңберінде ерекше назар аударылды, - деп атап өтті ведомство басшысы.
Министр ұсынған деректерге сәйкес, республика көлемінде биылғы астық жинау науқаны толық аяқталды. 16 млн гектар жерден орта есеппен гектарына 17 центнерден өнім алынып, ел қамбасына 27 млн тонна астық құйылды. Оның ішінде бидай 12,2 млн гектардан орылып, жалпы көлемі 20,3 млн тоннаға жетті. Бұл өткен жылмен салыстырғанда шамамен 500 мың тоннаға артық көрсеткіш.
4 млн тоннаға жуық арпа жиналды. Бұршақ дақылдарының түсімі алғаш рет 1 млн тоннаға жетті. Майлы дақылдар бойынша бүгінгі күннің өзінде рекордтық 4,3 млн тонна жиналды және егін жинау жұмыстары жалғасып жатыр. Сонымен қатар, 2,9 млн тонна картоп, 3,8 млн тонна көкөніс, 2,6 млн тонна бақша дақылдары жиналды. Мақта жинау жұмыстары аяқталды. Тамшылатып суаруды қолдану арқасында кейбір шаруашылықтар гектарынан 50 центнерге дейін өнім алды, - деді Айдарбек Сапаров.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда жаңа өнімнен 2,2 млн тонна астық экспортталғанын жазған болатынбыз.