2025 жыл: Елді дүр сілкіндірген ең шулы сот процестері

Елімізде 2025 жыл түрлі қылмыс пен жасөспірімдер арасындағы агрессия оқиғалары болды. Сондай-ақ құқық қорғау органдарының жұмысы жайында қоғамдық талқылауларды күшейткен бірқатар даулы сот істерімен есте қалды. Сол істердің қатарында адам өлтіру, ірі көлемдегі алаяқтық, қатыгездікпен жасалған қылмыстар бойынша үкімдер болды. BAQ.KZ тілшісі жыл бойы ең шулы болғані сот процестеріне шолу жасады.

Шерзат Болаттың өлімі

Жыл бойы елде экономикалық қылмыстар, сыбайлас жемқорлық және ауыр зорлық-зомбылыққа қатысты сот процестері қаралғанымен, ең көп назарды Шерзат Болаттың өліміне қатысты іс аударды.

Бұған бірнеше фактор себеп болды: жасөспірімнің қаза табуы, жанжалдың жаппай төбелеске ұласуы, тұрғын ауданында қарудың қолданылуы, сондай-ақ қатысушылар мен куәгерлердің бір-біріне қайшы келетінін көрсетуі.

Түн ішінде басталған қақтығыс

Жанжал 2024 жылдың қазан айының 3-нен 4-не қараған түні Талғар қаласында болды. Тергеу нұсқасы бойынша, шамамен 23:20-да мас Дархан Аскентай «Камажай» дүкеніне кіріп, пиво мен темекі сатып алады. Төлем таныс жасөспірімнің туысының атына тіркелген банк шоты арқылы жасалған. Электронды чек төңірегіндегі дау Шерзат Болатпен кикілжіңге, ал кейін төбелеске ұласқан.

Ата-аналардың кешірім сұрап, шығынды өтеуге ұсыныс білдіруі жағдайды тоқтата алмады. Дүкенге екі тараптың да таныстары жиналып, олардың кейбірі мас және қолында пышақ болған. Төбелес лезде жаппай жанжалға айналған.

Қайғылы финал

Қақтығыс барысында Шерзат Болат жүрек тұсынан пышақ жарақатын алып, салдарынан көз жұмды. Жасөспірім ауруханаға жеткізілгенмен, қан жоғалтудан қайтыс болды.

Осы төбелес кезінде марқұмның ағасы Нұрғанат Ғайыпбаев та ауыр жарақат алған. Тергеу бұл әрекеттерді «кісі өлтіруге оқталу» ретінде саралады.

Куәгерлер бөтелке, тас, тіпті оқ ататын қару қолданылғанын, сондай-ақ ұялы телефон ұрланғанын хабарлаған. Тергеу мұны жанжалдың жартылай ұйымдасқан сипатын көрсететін айғақ деп бағалады.

Тергеу және қоғамдық реакция

Іс қоғам назарын бірден өзіне аудартты. Жаппай күш қолдану, жасөспірімдердің қатысуы, қарудың болуы азаматтар арасында кең талқылау тудырды. Қоғамда жасөспірімдер арасындағы агрессияның алдын алу, ересектердің ерте араласуы және жедел қызметтердің тиімділігі мәселелері көтерілді.

Куәгерлердің рөлі де талқының өзегіне айналды: көптеген адам неге ересектер мен үлкен жасөспірімдер қақтығысты тоқтатуға әрекет жасамады деген сұрақ қойды.

Тергеу дерегінше, кейбір куәгерлер қылмысты жасыруға бағытталған әрекеттер жасаған. Бұл жайттар қоғамда азаматтық жауапкершілік, зорлық жағдайында әрекет ету міндеттері және жастарға арналған профилактикалық бағдарламалардың маңыздылығы туралы пікірталастарды күшейтті.

Фото: Жоғарғы сот

Сот процесі

Негізгі сот отырыстары 2025 жылдың көктемінде басталды. Айыпталушыларға Қылмыстық кодекстің ауыр баптары - адам өлтіру, адам өлтіруге оқталу және бұзақылық бойынша айып тағылды.

Сотта марқұмның туыстары, куәгерлер және оқиғаға қатысушылар сұралды. Процесс эмоциялық сипаттағы және бір-біріне қайшы келетін айғақтармен қатар жүрді.

Кейбір куәгерлер алғашқы күндері шок пен қысым әсерінен нақтырақ мәлімдеме бергенін, ал кейін сөздерін өзгерткенін айтты. Сотта сол бастапқы жауаптардың бейнежазбалары зерттелді.

Айыпталушылардың біразы бастапқы көрсетулерінен бас тартып, оларды психологиялық қысыммен бергенін айтты. Бұл мәлімдемелер де жеке тәртіппен зерттелді.

Көп айға созылған тыңдаулар мен дәлелдерді егжей-тегжейлі зерттеген соң, сот үкім шығаруға кірісті. Сот барлық айғақтарды объективті бағалау қажеттігін, заңды қатаң сақтау маңызды екенін атап өтті.

Фото: видеодан скриншот

Сот үкімдері

Іс бойынша келесі үкімдер шығарылды:

  • Абзал Шынасыл - адам өлтіру, адам өлтіруге оқталу, бұзақылық бойынша 23 жыл тағайындалды.
  • Сакиев Равиль -адам өлтіруге оқталу, бұзақылық бабы бойынша – 20 жылға,
  • Азамат Тоқтаубаев - бұзақылық және бұрынғы соттылығын ескере отырып - 15 жылға,
  • Нұркияс Ілиясов - бұрынғы соттылығын ескере отырып, бұзақылық бабы бойынша -9 жылға,
  • Шыңғыс Белғожаев, Дархан Аскентай, Нұрбол Тоқтаубаев, Дидар Қалиахмет – бұзақылық бабы бойынша әрқайсысы 7 жылға бас бостандығынан айырылды.

Бұл үкімдер жасөспірімдердің қатысуымен болған топтық қылмысқа қатысты ең резонанстық істердің бірін заң жүзінде қорытындылады.

Оқиға қоғамға жастар арасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу және қақтығыстарды ерте кезеңде тоқтату қажеттігін тағы бір мәрте көрсетті.

Перизат Қайрат ісі: Қайырымдылыққа сенген халықтың ақшасы қайда кетті?

2025 жылы әлеуметтік желі мен жаңалықтарда ең көп талқыға түскен сот процестерінің тағы бірі – Астанада қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотта болған Перизат Қайраттың ісі. Ол қайырымдылықпен айналысып, балаларға, су тасқынынан зардап шеккендерге көмектесемін деп елден қаржы жинаған. Нәтижесінде қайырымшыл көрініп, қаржыны жымқырғандығы анықталды. Оның артынан миллиардтаған ақша, люкс өмір, қымбат көліктер, элиталы пәтерлер шықты.

Перизат Қайрат кім?

Перизат Қайрат 1991 жылы Ақтөбе облысында туған. Өзін қоғам белсендісі, волонтер, қайырымдылық қорының басшысы ретінде танытып келген азаматша. Ол «Biz Birgemiz Qazaqstan 2030» деген атаумен қор ашып, пандемия кезінде, су тасқыны кезінде, Палестинадағы соғыс кезінде халықтың эмоциясын, сенімін өте шебер пайдаланған.

Білімі – 9-сынып, кейін колледжге түскен, бірақ диплом алмағаны ресми айтылды. Бұған дейін де 2012 жылы қылмыстық іске тартылып, бірақ тараптардың татуласуына байланысты іс тоқтаған.

Қор қалай жұмыс істеген?

Сырттай қарағанда бәрі өте әдемі көрінген: әлеуметтік желідегі әсерлі видеолар, беделді адамдармен бірге суреттер, қайырымдылық кештері, аукциондар, ұрандар. Ол «Bizbirgemiz» қорын құрып, оны шынайы әлеуметтік бастамалармен байланысты етіп көрсеткен. Құрылтайшысы ретінде құжатта бірнеше адам көрсетілген. Қор пандемия кезінде белсенді жұмыс атқарып, кейін су тасқыны кезінде қорға ең көп қаражат жиналған.

Коллаж: BAQ.KZ

Ал тергеу не дейді?

Қордың құрылтайшыларының кейбірінің қолы қолдан жасалған. Перизат өз атына және туыстарының атына бірнеше банк шотын ашып, барлық ақша сол шоттарға түскен. Халық «балаларға, тасқыннан зардап шеккендерге, Палестинаға» деп ақша аударады, бірақ оның көп бөлігі мүлде басқа жерге кеткен. Оған Қылмыстық кодекстің 190-бабы 4- бөлігі, 2-тармағы – аса ірі мөлшерде жасалған алаяқтық, 218- бабы 2-бөлігі 1-тармағы және 3-бөлігі 3-тармағы – қылмыстық жолмен алынған мүлікті аса ірі көлемде заңдастыру бойынша айып тағылды. Прокурорлар олардың әрекеттерін алдын ала жоспарланған, қоғам сенімін қасақана теріс пайдалану арқылы жасалған қылмыстық схема деп бағалады.

Жиналған ақша қанша және қайда жұмсалды?

Тергеу дерегі бойынша, 2021-2024 жылдар аралығында әртүрлі қайырымдылық акциялары арқылы шамамен 3,5 млрд теңге жиналған. Бұл ақша балаларға арналған оңалту орталығы, су тасқынынан зардап шеккендер, Палестина халқына гуманитарлық көмек үшін жиналды деп көрсетілген. Ал шын мәнінде оның елеулі бөлігі элиталы пәтерлерге, Lexus, Mercedes, Haval сияқты қымбат көліктерге, Rolex сағаттарға,VIP нөмірлерге, Дубай, БАӘ-ге сапарларға, люкс қонақүйлерге кеткен.

Қайырымдылыққа жұмсалған ақшаның қайда жұмсалғанын туралы тізімдер шын мәнінде көп адамды таңғалдырды.

Жиналған ақшаға бірнеше элиталы тұрғын үй кешенінен пәтерлер мен автотұрақтар (Akbulak Rivera, Highvill Ishim Gold, Көк жайлау 3, Vela Village коттеджі), Lexus LX 600, Mercedes-Benz S 450 4MATIC, Haval H6 GT сияқты қымбат көліктер, Rolex сағаты, 3 беделді авто-нөмір (100 PKO 01, 777 KPK 01, 111 KPK 01), брендтік сөмкелер, аяқ киім, әшекейлер - 123 түрлі зат, жалпы құны 150 млн теңгеден асатын дүниелер сатып алынғаны айтылды.

Коллаж: BAQ.KZ

Сотта кім куәгерлік етті және компаниялар қанша ақша бөлді?

Сотта кәсіпкер Мөлдір Сүйіншіәлі қалай алданғанын айтты. Ол 2021 жылы Sheraton қонақүйінде өткен қайырымдылық кешіне шақырылғанын және Геннадий Головкиннің қолғабын аукционнан 10 млн теңгеге сатып алғанын жеткізді. Ақша ресми түрде қор есепшотына аударылған. Кәсіпкер өзінің ерекше балаларға арналған «Батыр» оңалту орталығын салуға кетеді» деген сөзге сенген. Бірақ кейін орталықтың құрылысы басталды ма, жоқ па -ешқандай нақты ақпарат болмаған. Сотта Мөлдір 10 млн теңгені қайтаруды талап етті.

Ал куәгер Әділхан Мусин ақшаның қалай «қолма-қол» болғаны туралы айтты. Перизат одан ақша қабылдай алатын жеке кәсіпкерлер тауып беруді сұраған. Қор ИП-лерге шартпен ақша аударады, ИП банктен шешіп алады, сосын Мусинге береді, ол әрі қарай жеткізеді. Осылай әр ИП шамамен 70 млн теңгеден алған, жалпы 200-210 млн теңге бір жолы қолма-қол берілген.

Сондай-ақ сотта қорға қомақты қаражат аударған кәсіпкерлер де куәлік етті. Галина Исаеваның айтуынша, су тасқыны кезінде кәсіпорын қорға 200 миллион теңге аударған.

Ал «Алматы Тазалық» мекемесі қызметкерлері бір күндік жалақыларын беріп, 3 млн теңге аударған. Сотқа куәгер ретінде келген тағы бір жан. Ол есепші Алтын Мусина. Ол Перизат Қайратпен бірге бірнеше жобада жұмыс істегенін айтқан. 

Оның сөзінше Палестинаға көмек көрсеткен есептерінде халықаралық аударым туралы шамамен 2 мың доллар көрсетілген өтініш алады. Кейін ол тура сондай құжаттың 100 мың доллар деп көрсетілген екінші нұсқасын алғанын айтты.

Палестинаға көмектесемін деді, бірақ…

Сот процесінің бұл бөлігі халықтың жүйкесіне ерекше тиді. Себебі адамдар Газа балалары үшін, соғыс аймағындағы бейбіт тұрғындар үшін ақша жібердік деп ойлады. Оқиға қалай болды? 

2023 жылдың қазанында Перизат Қайрат Қазақстандағы Палестина елшілігіне барып, «Газаға көмектесу үшін бірге жұмыс істейік» деген ұсыныс жасаған екен. Содан қаржы жинап, инстаграмда гуманитарлық жүк, көмек, хабтар, киім-азық түсіп жатқандай видеолар салған. Осы науқан арқылы 566 млн теңге жиналған.

Ал шын мәнінде ол ақшаның 7 млн теңгесі ғана елшілік шотына түскен. Қалған 559 млн теңге өзінің сапарларына, бизнесіне, мүлкіне кеткен.

Сот үкімі: Не шешілді?

Астанада өткен сот процесінде мемлекеттік айыптаушы Перизат Қайратқа 10 жыл, анасы Алашбаеваға 8 жыл түрме жазасын сұрады. Тергеу аясында Перизат Қайрат пен Ғайни Алашбаеваға қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің

  • 190-баптың 4-бөлігінің 2-тармағы – аса ірі мөлшерде жасалған алаяқтық;
  • 218-баптың 2-бөлігінің 1-тармағы – адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен қылмыстық жолмен алынған ақша мен өзге де мүлікті заңдастыру (жылыстату);
  • 218-баптың 3-бөлігінің 3-тармағы – аса ірі мөлшерде адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен жасалған ақша мен мүлікті заңдастыру (жылыстату) келесі баптары бойынша айып тағылған.

Сот шешімі бойынша Перизат Қайрат 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Ал анасы - Ғайни Алашбаева 7 жылға сотталды. Және ол қайырымдылық қызметпен айналысу құқығынан айырылып, мүлкі тәркіленеді.

Сонымен қатар екеуі бірге 51 жәбірленушіге 1,58 млрд теңге көлемінде шығынды өтеуге міндеттелді. Және мемлекетке баж ретінде қосымша ақша төлеуі керек. Ал тәркіленген мүлік аукционға шығарылып, сатылғаннан кейін түскен қаражат жәбірленушілерге беріледі.

Берденов ісі: Шымкенттегі қастандық қалай талқыланды?

Жыл ортасында болған Шымкент қаласының әкімінің орынбасары Руслан Берденовке жасалған қарулы шабуыл жылдың ең даулы оқиғаларының біріне айналды. Атыс, әкімдік қызметкері, «қызғаныш» туралы алғашқы болжамдар, мемлекеттік қызметтегі тексерістертің бәрі араласып, бұл істің айналасында пікірталас та, сұрақ та көп болды.

Қастандық қалай болды?

21 сәуір кешкісін Шымкент қалалық әкімдігі ғимаратының жанында әкім орынбасары Руслан Берденовке оқ атылды. Ол жарақат алып, ауыр халде ауруханаға жеткізілді. Дәрігерлер ұзаққа созылған ота жасап, өкпенің 20%-ын алып тастауға мәжбүр болды.

Берденовтің өзі сотта берген жауабында «алғашқы оқ тура басыма бағытталды. Еңкейіп үлгердім. Арқама төрт оқ тиді… Егер тұрмасам, өлтіретіні анық болды» деген.

Атқан адам жәбірленушінің жақындап келе жатқанын көріп, қаруын қайта оқтамақ болған. Бірақ көлігімен бірге келген жүргізуші шабуылдаушыға тосқауыл қойып, оны тоқтатуға тырысқан. Соған қарамастан айыпталушы қашып үлгергенімен, көп уақыт өтпей ұсталды.

Күдікті кім?

Айыпталушы – Ернар Жиембай, сол кезде «Тұрғын үй Шымкент» ЖШС директоры қызметін атқарған. Ол әкімдікке қарасты серіктестіктің қызметкері болатын.

Алғашқы болжамдар шабуылға қызғаныш немесе әдепсіз әрекеттер себеп болуы мүмкін деген нұсқаны талқылағанымен, бұл гипотеза кейін ресми түрде жоққа шығарылды.

Куәгерлер не деді?

Соттағы куәгерлердің сөздері айыпталушының соңғы уақытта жұмысына байланысты қыспақ сезінгенін меңзейді:

  • Жиембай қызметтен босату мәселесі көтерілгенін естіп, «Неге бұлай жасайды? Бір ай уақыт бермеді ме?» деп таңғалған.
  • Бірнеше күннен кейін ол инспектор Асанбайға «Не біреуді өлтіремін, не өзім өлемін» деп айтқаны хабарланған.
  • Бұған дейін оның тәртібінде айтарлықтай ескертулер болмағаны да көрсетілді.

Ал Берденов куәлігінде Жиембайды тек «бір-екі ресми кездесуде ғана көргенін», ешқандай араздық болмағанын, тек дресс-кодқа қатысты ескерту жасағанын айтты.

Сот үкімі қандай болды?

Тараптардың жарыссөзінде мемлекеттік айыптаушы Бауыржан Омарбеков Ернар Жиембайға 11 жыл 3 ай бас бостандығынан айыруды сұрады.

Сот айыпталушыны екі бап бойынша кінәлі деп тапты:

  • ҚР ҚК 99-бабы, 1-бөлім - Адам өлтіру
  • ҚР ҚК 24-бабы, 3-бөлім - Адам өлтіруге оқталу

Сонымен нәтижесінде сот оны 9 жыл бас бостандығынан айыру туралы шешім қабылдады. Сонымен қатар жәбірленушіге 118 890 теңге моральдық шығын төлеуге міндеттелді.

Айыптаушы сұраған мерзімнен үкімнің аз берілуі қоғамда да, әлеуметтік желілерде де түрлі пікір тудырды. Алайда сот жеңілдететін мән-жайларды назарға алғанын түсіндірді.

Қайырымшыл болып қаржыны жымқырғандар ісі

Жыл соңында тағы бір қайырымдылық қорының басшысы Ілияс Сариев пен Ақтоты Дүйсеева сотымен есте қалды. Алматы қаласының Алмалы аудандық сотында блогер мен «MM travel» компаниясының басшысына Қылмыстық кодекстің 190 бабы, 3- бөлігі, 4- тармағы- аса ірі мөлшердегі бірнеше рет жасалған алаяқтық бабы бойынша айып тағылды.

әлеуметтік желіден алынды

Прокурор 6 жыл сұрады

Сот залындағы жарыссөз барысында мемлекеттік айыптаушы екі айыпталушыны 6 жылға бас бостандығынан айыруды сұрап, жәбірленушілердің азаматтық талаптарын толық қанағаттандыруды сұрады. Тергеу мәліметтері бойынша, олар науқас балалардың еміне деп қаржы жинаған, аз қамтылғандарға үй алып береміз деп сендірген. 

Сондай-ақ, қажылыққа жолдама сатып, түрлі қайырымдылық шаралар арқылы қаражат жымқырып отырған. Жалпы келтірілген материалдық шығын – 33,5 млн теңгеден асып отыр.

Сот үкімі: шешім не болды?

Сот шешімі бойынша Сариев - Қылмыстық кодекстің 190-бабы бойынша кінәлі деп танылып, 3 жыл 8 айға бас бостандығынан айырылды. Ал Ақтоты Дүйсеева жазасын кейін өтеуге мүмкіндік алып, сот залынан босатылды. Ол 228 жылы жазасын өтейтін болады.

2025 жылдың ең шулы сот процестері көрсеткен бір шындық бар. Ол - қайырымдылық ісімен айналысатындар үшін заң тұрғысынан талапты күшейту керектігі және елімізде енді кез келген азамат соттың әділ, ашық қаралуын талап ете алуы. Бұл қоғамның құқықтық мәдениетінің өскенін көрсетеді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы