2024 жылы білім саласында не өзгереді
Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев биыл білім саласында қандай өзгерістер болатынын айтып берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Былтыр білім саласына бөлінген бюджет 1,4 есеге ұлғайып, 5 трлн теңгеге жетті.
Мектепке дейінгі білім беру мекемелерінде 67 мың жаңа орын ашылып, 2-6 жастағы балаларды қамту 91%-ға дейін артты. Сондай-ақ апатты және үшауысымды мектептер мәселелерін шешуге бағытталған 137 мың орындық жаңа 165 мектеп іске қосылып, 12 аптатты 29 үшауысымды мектептің мәселесі шешімін тапты.
Сонымен қатар еліміздегі 230 мектеп күрделі жөндеуден өтіп, 2 100 мектеп жаңғыртылды. Оның 1008 ауыл мектебі.
Бизнестің тікелей қолдауының арқасында 75 колледждің материалдық-техникалық базасы заманауи жабдықтармен жаңартылды.
Ұлттық баяндама әзірленді
Әрбір адам мектепке дейінгі тәрбиеден бастап 18 жыл бойы Оқу-ағарту жүйесінде болады. Осы тұста біздің басты міндет – әр білім беру деңгейінде баланың бойында сұранысқа ие тиісті құзыреттіліктерді қалыптастыру. Осы орайда кәсіби қауымдастық сарапшыларымен бірге «Баршаға қолжетімді сапалы білім» ұлттық баяндамасының жобасы әзірленді. Жоба педагогикалық қауымдастық арасында кең көлемде талқыланды, - деді министр Ғани Бейсембаев.
Балабақшада не өзгереді?
Мектепке дейінгі білім беруде «Балабақша – жайлылық пен даму аумағы» ұстанымы іргелі болып жарияланды.
Балабақшаға бармайтын балаларға ерекше көңіл бөлінеді. 3,5 мың мектепке дейінгі ұйымда ата-аналарға кеңес беру пункттері құрылған. Бұл жұмыс балалар мектепке дейінгі тәрбиемен толық қамтылғанша жалғасады.
Ата-аналарға арналған мобильді қосымшаларды әзірлеу басталды. Барлық балабақшада мектепке дейінгі және бастауыш білім мазмұнын үйлестірудің жаңа тәсілдері қолданылады. Бұл балаларды мектепке сапалы даярлауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Баланың жеке даму картасының негізінде оның жеке оқу траекториясы анықталып, бастауыш мектепке беріледі, - деді бас ұстаз.
Үздік балабақшалардың базасында құрылған 79 құзыреттілік орталығы білім беру округтерінің тірек ұйымдарына айналады. Бұл тәжірибе барлық мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту жүйесіне таратылады.
Алдағы уақытта өзін-өзі оқытудан бастап қажеттілік бойынша біліктілікті арттыру курстарына дейінгі педагогтерді даярлау және олардың әлеуетін арттыру бағытындағы бірлескен жұмыстар жоспарланып отыр.
Сапалы мұғалім - сапалы білім
Балабақша мен бастауыш мектептің қызметіндегі өзара сабақтастық пен үндестік орта білім беру сапасын арттыруда маңызды рөл атқарады.
Халықаралық және ұлттық зерттеулердің нәтижелері ұтымды әрі пайдалы шешімдер қабылдауға мүмкіндік ашады.
Оқу бағдарламалары мен мектеп оқулықтарын қайта қарау. Негіздемелік Мемлекеттік білім беру стандарттары, баламалы оқу жоспарлары мен бағдарламалары STEAM тәсілдеріне негізделген пәндер мен тақырыптарды біріктіру қағидаты бойынша жүзеге асырылады. Бұл оқу пәндерін “кеңінен” емес, “тереңдетіп” оқуға көшуге мүмкіндік береді, - деді Оқу-ағарту министрі.
Бейсембаев атап өткендей, мектепке сапалы дайындықтан өткен маманның келуі өте маңызды.
Колледждер мен жоғары оқу орындарының педкадрларды даярлаудың білім беру бағдарламалары білім беру мазмұнының өзгеруін ескере отырып, құрылуы тиіс. Бұл жұмысты Ғылым және жоғары білім министрлігімен бірге қолға алдық. Педагогтің үздіксіз кәсіби даму моделі әзірленді. Мектеп мұғалімдеріне күрделі тақырыптармен жұмысты ұйымдастыру бойынша әдістемелік көмек жасалады, - деп айтты ведомство басшысы.
“Әр мектеп – үздік мектеп” қағидасын жүзеге асыру үшін барлық өңір Жол картасын әзірледі. Мақсатты шаралар еліміздің барлық мектебін қамтиды. Әдістемелік кабинеттермен сүйемелденетін тірек мектептерде оқу округтері құрылады. Бұл жұмысқа инновациялық мектептер тартылады.
Сонымен қатар Тәлімгерлік туралы заң жобасында «білім сапасы» ұғымы енгізілген. Былтыр Білім сапасының ұлттық негізі бекітілді. Білім сапасын ішкі және сыртқы бағалаудың бірыңғай тәсілдері әзірленді.
ЭЫДҰ стандарттарын ескере отырып, студенттерді бағалаудың ұлттық жүйесінің халықаралық аккредитациясынан (RCEC) өту бойынша жұмыс басталды.
Мектепте кез келген азамат өмірінің 11 жылын өткізеді – бұл өмірлік дағдыларды қалыптастырудағы негізгі орта.
Колледждер профиль бойынша бөлінеді
Қарқынды дамып келе жатқан еңбек нарығы жүйені өзгертуді талап етеді. Ең алдымен колледждерге түгендеу және профильдеу жүргізіледі.
Бейіндеу салалық кластерге сәйкес жүргізіледі. Мысалы, оңтүстік - өнеркәсіп, HOREGA қызметтері; орталық және шығыс - құрылыс, машина жасау; солтүстік - ауыл шаруашылығы; батыс - мұнай өндіру, қызмет көрсету және өңдеу. Бұл академиялық және өндірістік қуаттарды салалық колледждерге топтастыруға мүмкіндік береді.
Жетекші колледждермен шағын контингенті бар ауылдық колледждерді біріктіру жалғастырылады. Өңірлік экономиканың қажеттіліктерін ескере отырып, салалық құзыреттілік орталықтарының желісі кеңейтіледі. Олар студенттердің өндірістік практикасының, мамандарды қайта даярлаудың, микроквалификация алудың базасына айналады. Студенттердің кәсіпкерлік дағдыларын қолдау үшін – “идеядан” бастап өз ісін ашуға дейін және одан кейін жыл бойы сүйемелдейтін “Бизнес-стартап” орталықтарын құру бойынша жұмыс жалғасады, - дейді министр.
Бұған дейін коледждер өздерінің тапқан табыстарын мүлдем пайдалана алмайтын. Бүгінгі таңда Парламент мемлекеттік колледждердің өз өндірісінің өнімін сатудан түскен кірістерді өз бетінше пайдалануы бойынша нормаларды қолдады. Аталған заңнамалық түзетулердің кәсіпкерлікті дамытуға серпін беруі күтіліп отыр. Енді колледждердің шағын бизнес құруы және қосымша табыс табуы бойынша оң тәжірибелер көрініс бере бастайды.
Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру мақсатында техникалық және кәсіптік білім жүйесін қаржыландырудың икемді моделі әзірленіп жатыр.
Сондай-ақ Ұлттық біліктілік жүйесінің цифрлық платформасымен интеграциялана отырып, Білім беру бағдарламаларының ұлттық портфелі әзірленеді.