2024 жыл: Қазақстандағы басты оқиғалар

2024 жыл еліміз үшін ерекше оқиғалармен есте қалды. Экологиялық мәдениетті дамыту, технологиялық серпілістер, экономикалық табыстар және құқықтық жүйедегі маңызды өзгерістер — осының бәрі Қазақстанның тұрақты дамуы мен болашағының жарқын бейнесін көрсетеді. BAQ.KZ тілшісі 2024 жылдың ең маңызды бес оқиғасын ұсынады.

"Таза Қазақстан"

2024 жылдың сәуірінде Мемлекет басшысының бастамасымен “Таза Қазақстан” экологиялық акциясы басталды. Бастапқыда бұл шара 8 сәуір мен 13 мамыр аралығында өтеді деп жоспарланған болатын. Әр апта нақты тақырыптарға арналды: "Таза өлке", "Киелі мекен", "Жасыл аймақ", "Өнегелі ұрпақ", "Мөлдір бұлақ". Алайда халықтың кең қолдауының арқасында акция ұзартылып, жыл бойы жалғасатын тұрақты жобаға айналды.

Акцияға 5,83 миллионнан астам азамат қатысып, 1,1 миллион тоннадан аса қоқыс жиналып, 1,6 миллион ағаш отырғызылды. Ұзақ мерзімді нәтижелерді қамтамасыз ету үшін 2024–2029 жылдарға арналған экологиялық мәдениетті дамыту тұжырымдамасы бекітілді.

"Таза Қазақстан" — бұл бір реттік шара емес, экологиялық жағдайды жақсартып, халықтың экологиялық санасын арттыруға арналған жүйелі жоба.

Референдум: АЭС керек пе – иә немесе жоқ?

6 қазанда Қазақстанда АЭС құрылысы туралы референдум өтті. Нәтижесінде 71,12% азамат атом электр станциясын салу идеясын қолдады. Референдумға 7,82 миллион адам (63,66%) қатысты. Бұл шешім тек технологиялық прогресс пен энергетикалық қауіпсіздікке бағытталған қадам емес, сонымен қатар қазақстандықтардың саяси өмірге белсенді қатысатынын көрсететін маңызды белгі.

Мемлекет басшысы АЭС құрылысын халықаралық консорциум арқылы жүзеге асыру идеясын қолдайтынын айтты. Бұл Қазақстан үшін қауіпсіз әрі заманауи шешімдерді қамтамасыз етеді.

Moody’s агенттігі Қазақстанның несие рейтингін көтерді

9 қыркүйекте Moody’s халықаралық агенттігі Қазақстанның ұзақ мерзімді несие рейтингін Baa2-ден Baa1 деңгейіне көтерді. Бұл — еліміздің тәуелсіздік тарихындағы ең жоғары көрсеткіш.

Рейтингтің өсуі институционалдық және саяси ортадағы оң өзгерістермен, сондай-ақ экономиканың тұрақты әртараптануымен байланысты. Бұл жетістік экономикалық тұрақтылықты нығайтып, халықаралық аренадағы беделімізді арттырып, шетелдік инвестицияларды тартуға оң әсер етті.

Рекорд астық жиналды

Елімізде ауыл шаруашылығы саласында айтарлықтай жетістікке қол жеткізілді. Аграрлық сектордың жұмыстарының нәтижесінде 2024 жылы орташа өнімділік 16,1 ц/га болып, жалпы 26,7 миллион тонна астық жиналды. Салыстырмалы түрде, 2023 жылы орташа өнімділік 10 ц/га болған еді. Бұл рекорд аграрлық сектордың дамуындағы маңызды қадам екенін көрсетеді.

Соттағы новелла

2024 жылы еліміздің сот жүйесінде үлкен жаңашылдық болды. Дәлірек айтқанда, сот отырыстары алғаш рет онлайн көрсетіле бастады. Миллиондаған азамат екі маңызды сот процесін, соның ішінде Алматы қаласындағы автобус қатысқан өлімге әкелген жол апаты ісін бақылады.

Бұл бастама сот жүйесінің ашықтығын арттырып, халықтың оған деген сенімін нығайтты. Сонымен қатар ашық сот процестері жастардың құқықтық мамандықтарға деген қызығушылығын арттырып, құқықтық сауаттылықты жоғарылатты.

2024 жыл Қазақстанның даму тарихында ерекше орын алды. Экология, экономика, энергетика және құқық саласындағы жетістіктер еліміздің тұрақты даму бағытындағы сенімді қадамдарын айқындай түсті. Бұл өзгерістер қоғам игілігі мен ел болашағына қызмет етеді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Арман Мухатов -архив
Өзгелердің жаңалығы