2023 жылы қой етін экспорттауды бастаймыз – Ерлан Байдәулет
Бұл туралы ИЫҰ елдерінің азық-түлік қауіпсіздігі бойынша «IOFS Day» форумының қорытындысы туралы кездесуде Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымының бас директоры Ерлан Байдәулет айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қазақстан жері өте өнімді. Біздің жеріміз де, мүмкіндігіміз де бар. Мемлекет басшысы сол потенциалымызды дұрыс пайдалануымыз керегі туралы айтып отыр. Біз халықаралық ұйым болғандықтан, ауыл шаруашылығы министрлігіне көмектесіп жатырмыз. Біздің ойымызша, Қазақстанның агрохаб болуға толықтай потенциалы бар. Соны жүзеге асыру үшін барлығымыз кірісеміз, - деді ол.
Сонымен қатар, биыл қой шаруашылығына ерекше назар аударылып отырғанын жеткізді.
Соңғы екі айда Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірнеше жұмыс жүргізілді, кездесулер өтті. Бізге қой етімен айналысатын ірі компаниялар келді. Қысқа мерзімде олар қой шаруашылығы Қазақстанда қандай жағдайда екеніне куә болды. Шынын айтқанда көптеген проблемалар бар, оларды шешуіміз керек, - деді бас директор.
Ол ұйымның қой шаруашылығына қатысты ғалымдарды шақырып, кезінде жұмыс атқарған қой шаруашылығы институты жұмысын қайта жандандырып жатқанын баяндады.
2023 жылы қой етін экспорттауды бастаймыз. Қазір Қатар, Біріккен Араб Әмірліктері және Сауд Арабиясымен жұмыс істеп жатырмыз. Біздің ойымызша, келер жылдың аяғына таман жақсы нәтижелер көрсетуі тиіс, - деді Ерлан Байдәулет.