2023 жылы елорда полициясына терроризм туралы 7 қоңырау түскен
2023 жылы елорда полициясына терроризм туралы 7 қоңырау түскен. Бұл туралы Полиция департаментінде өткен брифингте Экстремизмге қарсы күрес басқармасының бастығы полиция полковнигі Данияр Шымырқұлов айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, телефон арқылы жалған хабарлама берген адамды табу бүгінгі күні полиция үшін аса қиындық тудырмайды. Ал бұзақылық жасаған адам жазадан құтыла алмайды.
Полицияда жабдықталған заманауи технологиялардың арқасында қылмыстың бұл түрін жасаған адамдар бір тәулік ішінде анықталады. Ойланбай жасалған әрекеттің аяғы келтірілген материалдық зиянды өтеп, қылмыстық жауапкершілікке тартылуға әкеп соқтырады, - дейді Данияр Шымырқұлов.
Оның дерегіне сәйкес, 2022 жылы Астанада «102» каналына терроризм жайында жалған хабарламамен шақырған 157 қоңырау түскен. Олардың 15-і бойынша қылмыстық іс тергеліп, қылмыс жасаған барлық тұлға кезекші тәулікте ұсталды.
2023 жылы 273-бап бойынша «102» каналына 7 қоңырау түсті. Ол расталмағандықтан, қылмыстық іс тіркелмеді, - деп айтты полицей брифингте.
Басқарма бүгінгі күні терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау бойынша ақпарат-насихат жұмыстарын БАҚ желісі арқылы және семинар мен конференция, дөңгелек үстел жұмыстар ұйымдастыру арқылы жүргізіп жатыр. Сонымен қатар Астана қаласында террористік тұрғыдан осал 776 нысанда қызметкерлер кездесулерді тұрақты түрде өткізеді.