2023 жылы әлемде 17 млн электромобиль сатылған
Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында депутат Самат Мұсабаев айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Мәжіліс депутаттары елімізде экологиялық таза көлікті танымал ету және электромобильдерге арналған инфрақұрылымды дамыту мақсатында аталған заң жобаларына бастама жасап отыр.
Бүгін Мәжілістің пленарлы отырысында депутат Самат Мұсабаев осы мәселеге қатысты заң жобасын таныстырды.
Бүгінгі таңда электромобильдер әлемде кең таралып, оған деген сұраныс геометриялық түрде өсіп келеді. Электромобильдердің әлемдік сатылымының соңғы үш жылдық динамикасына көз жүгіртетін болсақ, 2020 жылы әлемде 3 млн 240 мың электромобиль сатылды. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда 43 пайызға көп. 2021 жылы бүкіл әлем бойынша 6,5 млн электромобиль сатылды, бұл 2020 жылмен салыстырғанда 109 пайызға өскен. 2022 жылы электромобильдер сатылымның жаңа рекордын орнатты, әлемде 7,8 млн сатылды. 2023 жылы әлемде шамамен 17 млн электромобиль мен гибридті автомобиль сатылды, - деді депутат.
Оның сөзінше, Қытай 2030 жылға қарай бензинді қозғалтқыштардан толық бас тартуды жоспарлап отыр. Зерттеушілердің пікірінше, 2035 жылға қарай әлем бойынша эксплуатацияда 130 миллион электромобиль болады.
2021 жылы Глазгода өткен дүниежүзілік климат саммитінде Ұлыбритания, Үндістан, Австрия, Польша, Канада, Түркия және басқа елдер, барлығы 33 ел, сонымен қатар ірі алты автомобиль өндіруші: General Motors, Ford, Mercedes, Volvo, Jaguar/Land Rover және BYD (Build Your Dreams) 2040 жылға дейін іштен жану қозғалтқышы бар көліктерден толық бас тартатынын жариялады.
Депутат Мұсабаевтың айтуынша, электромобильдердің іштен жанатын қоғалтқышы бар көліктермен салыстырғанда экологиялық және экономикалық жаңғынан тиімділігі басым.