2023 жылдан бастап автожолдарды жөндеуге арналған бағалар қолмен енгізілмейді

Dorsmeta бағдарламасы смета жасау кезінде адами факторды жояды және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

ҚР ИИДМ Автомобиль жолдары комитетінің тапсырысы бойынша «ҚазжолҒЗИ» АҚ мамандары республикалық маңызы бар қалалық жолдар мен автомобиль магистральдарын күтіп ұстауға, ағымдағы және орташа жөндеуге арналған бағаларды есептеу процестерін автоматтандыруға мүмкіндік беретін «цифрлық сметалық жүйені» құруды жалғастыруда.

«Dorsmeta» бағдарламасы есептеулерді нақтылауға, белгілі бір жұмыстарды орындау құнын анықтайтын қаржылық құжаттарды дайындауды жеделдетуге арналған. Тағы бір маңыздылығы – тапсырыс берушілердің немесе жол жөндеу мердігерлерінің есеп айырысу кезінде адами факторды болдырмауы және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуы.

Бұған дейін орташа жөндеу бойынша сметалық құжаттама қолмен жасалатын. Әр маман ондаған арнайы жинақты қарап, бағаларды енгізуге мәжбүр болатын. Бұл біріншіден ұзақ, екіншіден сенімсіз. Себебі, қателіктер кетіп қалу ықтималдығы жоғары. Көптеген стандарттары бар автоматтандырылған есептеу жүйесі үлкен қателіктердің алдын алуға септігін тигізеді. Мысалы, бір артық сан енгізіліп кетсе, бағдарламаның интерфейсі бірден қателікті көрсетеді, – дейді «ҚазжолҒЗИ» АҚ-ның инженер-сметашысы Жайна Самажанова.

Аталмыш бағдарлама бойынша жұмыстар 2019 жылдан бастап жүргізілуде, жобаны 2023 жылы пайдалануға беру жоспарда бар.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы