2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасы талқыланды

Бүгін мәжілісте АМАNАТ партиясы фракциясының кеңейтілген отырысы болып өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Отырыс барысында депутаттар Үкімет мүшелерімен бірге «2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасын талқылады. Оның ішінде осы жалдардағы Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферт, республикалық және облыстық бюджеттер арасындағы жалпы трансферттердің көлемі туралы, республикалық маңызы бар қалалар мен астана бюджеттері бар.

Қаралып жатқан мәселенің маңыздылығына тоқталған Павел Казанцев, ел бюджеті еліміздің басты қаржылық құжаты ғана емес, бұл – адамдардың, өндірістің, ғылым мен білімнің, денсаулық сақтаудың тағдыры екенін атап өтті.

Сондықтан бұл мәселеге барынша байыппен қарауымыз керек. Алдағы сәрсенбіде біз республикалық бюджет жобасын Мәжілістің жалпы отырысының қарауына шығаруды жоспарлап отырмыз. Бұл ретте ел бюджетінің мемлекет басшылығы алдымызға қойып отырған міндеттерді толық шешуі маңызды. Бұл Сайлау тұғырнамасында да, Мемлекет басшысының Жолдауында да айтылды, – деді Павел Казанцев.

Сондай-ақ Премьер-министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев 2023 жылғы түсімдер теңгені құрайтынын жеткізді.

2023 жылы шығыстар биылдың жоспарына қарағанда 2,2 трлн теңгеге ұлғайып, 21 трлн теңгеге немесе жалпы ішкі өнімге 17,4%-ке жоспарланып отыр, – деді вице-министр.

2023 жылға экономиканың нақты секторын қолдауға арналған бюджет шығыстары 2,5 трлн теңге сомасында жоспарланған. Олар өңдеу өнеркәсібін дамытуға, өңірлерде жалғасатын инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға, кәсіпкерлікті, шағын және орта бизнесті дамыту және қолдау, көлік және газ тасымалдау жүйесін дамытуға бағытталған.

Отырыста фракция мүшелері де сөз сөйлеп, Үкіметке өз ескертулері мен ұсыныстарын білдірді. Мәжілісмендер әлеуметтік саланың басым бағыттарына тоқталып, қаралып жатқан заң жобаларында шешімін күткен бірқатар өзекті мәселелерге назар аударды.

Талқылауды қорытындылай келе, Мәжілістің вице-спикері Павел Казанцев жалпы депутаттардың ұсыныстары бойынша су және газбен жабдықтау, инфрақұрылым, денсаулық сақтау, автомобиль жолдарын дамыту, инженерлік-коммуникация саласындағы өңірлік жобаларды жүзеге асыруға жалпы сомасы 51,6 млрд теңгенің шығыстары қолдау тауып отырғанын атап өтті. Оның ішінде «АМАNАТ» фракциясы депутаттарының ұсынысы бойынша осы мақсаттарға қосымша 20 млрд теңге бөлінген.

Жиын қорытындысы бойынша АМАNАТ партиясы фракциясының мүшелері ұсынылған бюджеттік заң жобаларын мақұлдап, Мәжілістің жалпы отырысында қарау барысында қолдау көрсету туралы шешім қабылдады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы