2022 жылы ҰБТ тапсыру уақыты тағы 40 минутқа ұзартылады
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 2022 жылы ерекше білім беру қажеттіліктері бар талапкерлерге ҰБТ тапсыру үшін қосымша уақыт беріледі. Бұл туралы БҒМ баспасөз қызметі хабарлады.
Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің тапсырмасы бойынша Ұлттық тестілеу орталығы ерекше қажеттіліктері бар талапкерлер ҰБТ-ны қолайлы жағдайларда өтуі үшін бірқатар шаралар қабылдайтын болады. Осылайша, келесі жылы көру, есту, тірек-қимыл аппаратының функциялары бұзылған оқуға түсушілер негізгі 240 минуттан басқа тестілеу тапсырмаларын орындау үшін қосымша 40 минут алады. Яғни, олар ҰБТ - ны басқаларға қарағанда ұзағырақ - 4 сағат 40 минут ішінде тапсыра алады.
Біз үшін жұмыстың ең басты бағыты талапкерлердің мүдделері болып табылады. Біз ҰБТ-ны жылына бірнеше рет өткіземіз. Және де біз талапкерлердің, соның ішінде ерекше білім беру қажеттіліктері бар талапкерлердің тестілеуді ыңғайлы тапсыруы үшін жағдай жасауды жалғастырамыз. Олар үшін ҰБТ тапсыру уақыты тағы 40 минутқа ұзартылады. Сонымен қатар ерекше қажеттіліктері бар талапкерлерге арналған тапсырмалардың мазмұнына да өзгерістер енгізіледі. Олар үшін сызбаларсыз, диаграммаларсыз тест нұсқалары жасалды. Осыған дейін білім және ғылым министрі А.Аймағамбетов бізге осындай тапсырма берген болатын. Бұл өзгерістер олар үшін ҰБТ - дан өтуді айтарлықтай жеңілдетеді, – деп атап өтті ҚР БҒМ Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев.
Бұл ретте, тестілеуді тапсыру кезінде ашықтық қағидатын қамтамасыз ету маңызды. Осыған дейін министрлік кешенді шаралар қабылдаған болатын. Келесі жылы тестілеу "1 компьютер - 2 камера - 1 тестіленуші" қағидаты бойынша жүргізіледі. Оқуға түсушінің жұмыс орнында негізгі камерадан басқа, тестіленушінің дыбысын жазу және қозғалысын тіркеу үшін қосымша алдыңғы веб-камера орнатылады. Фронталды веб-камера оқуға түсушінің жеке басын сәйкестендіруге және ҰБТ кезінде бөгде адамдардың кіруін болдырмауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ бұл емтихан тапсыру барысына бақылау жүргізу және тестілеудің ашықтығын қамтамасыз ету үшін қажет.
ҰБТ-2022 аяқталғаннан кейін күнтізбелік жылдың соңына дейін бейнежазбаларға талдау жүргізіледі. Тыйым салынған заттарды пайдалану немесе басқа да бұзушылық фактілері анықталған жағдайда, оқуға түсушінің ҰБТ нәтижелері жойылады.
Айта кетейік, 2022 жылы ҰБТ электронды форматта өтеді. Оқуға түсушілер дәстүрлі түрде 3 міндетті пәнді (Қазақстан тарихы, математикалық сауаттылық, оқу сауаттылығы) және 2 бейінді пәнді тапсырады.