2022 жылы «ҚР Әлеуметтік кодексі» заң жобасы әзірленеді
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 2022 жылы үкімет 26 заң жобасын әзірлеуді жоспарлап отыр. Оның 16-сы Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындауға бағытталған. Бұл туралы Әділет министрі Марат Бекетаев мәлімдеді.
Бірінші жартыжылдықта 7 заң жобасын, екінші жартыжылдықта 19 заң жобасын әзірлеу жоспарлануда. Келесі жылы «ҚР Әлеуметтік кодексі» жобасы, жергілікті өзін-өзі басқару, кәсіптік біліктіліктер, агломерацияларды дамыту, жылу энергетикасы туралы заң жобалары және т.б. әзірленеді, - деді ол.
«Қазақстан Республикасының әлеуметтік кодексін» және «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы», «Сәйкестікті бағалау туралы», «Кәсіби біліктілік туралы», «Жылу энергетикасы туралы», «Агломерацияларды дамыту туралы» бес жаңа заң әзірлеу жоспарда бар.
Премьер-Министр мемлекеттік органдардың бірінші басшыларына заң жобаларының сапалы әзірленіп, Үкімет пен Парламентке уақтылы енгізілуін қатаң бақылауды тапсырды.
2021 жылы Үкімет 25 заң жобасын әзірлеген. Оның 5-уіне Мемлекет басшысы қол қойған, 1-уін Парламент қабылдады, 18-і Парламент қарауында жатыр, 1-уі өткен жылдың соңына дейін Парламентке енгізілуі керек болды.