2022 жылы мұғалімдердің айлығы тағы 25%-ға өседі
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Білім күніне орай ұйымдастырылған салтанатты іс-шара кезінде айтты.
Биыл еліміз бойынша 394 мың бүлдіршін 1-сыныпқа қабылданды. Олар үшін тағы бір қуантарлық жаңалық - Әліппенің қайтарылуы. Орыс сыныптарында оқитын балалар үшін Букварь әзірленді. 1-сынып оқушылары Әліппе мен Букварьды алғашқы оқу жартыжылдығында үйренеді. Желтоқсанда Әліппемен қоштасып, одан әрі Ана тіліне көшеді, - деді елдің бас ұстазы.
Аймағамбетовтың айтуынша, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев білім, ғылым саласын ерекше назарда ұстауды тапсырған болатын. Осыған байланысты мемлекеттік қолдаудың арқасында білім саласында ауқымды әрі тың жобалар іске асырылып жатыр.
Соның бірі - ұстаздардың мәртебесі мен жалақысы. Сондай-ақ арнайы заңның аясында мұғалімдерді өзіне тән емес жұмыстардан босатып, қағазбастылықтан арылту мүмкіндігіне ие болдық. Расымен бұл бағытта кешенді жұмыс жасалды, - деп түсіндірді Білім министрі салтанатты іс-шара кезінде.
Сонымен қатар министр Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес келесі жылы мұғалімдердің жалақысы тағы 25%-ға артатынын еске сала кетті.
Еске сала кетейік, бұған дейін Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов елорда маңындағы Қосшы қаласында №2 мектепте алғашқы қоңырауға қатысып, 1-сынып оқушыларына Әліппе табыстағанын хабарладық.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы