2022 жылы Ақтауда инженерлік желілерді жаңарту жұмыстарын бастау жоспарланып отыр
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы «Қалалық кеңістікті қалыптастырудың жаңа тәсілдері туралы» жиында «Каспий жылу, су арнасы» МКК басшысы Жасұлан Сүйіншалиев мәлімдеді.
Оның айтуынша, Ақтау қаласының инженерлік желілерінің жалпы ұзындығы 1200 шақырымды құрайды. Оның 464,4 шақырымы жылу құбырларына, 437,8 шақырымы су құбырларына және 329,6 шақырымы кәріз желілеріне тиесілі. 2012-2015 жылдары аралығында инженерлік коммуникациялардың 74 шақырымына немесе жалпы көлемнің 6 пайызына ғана жаңғырту жұмыстары жүргізілген. Желілердің тозуының орташа деңгейі 80% - дан астам.
Жүйе әбден ескірді. Осының салдарынан 2021 жылы қала бойынша 1495 апат орын алған. Ал тәулігіне шамамен 4 апат болып жатады. Желілерді тоқтату және жөндеу жұмыстарынан су мен жылуды өшіруге мәжбүрміз. Ал мұндай жағдайлар жылыту маусымы кезінде көптеп кездеседі. Нәтижесінде қала тұрғындары тарапынан наразылық туындайды, - деді Ж. Сүйіншалиев.
Жасұлан Сүйіншәлиев жиын барысында халықты жылу энергиясымен қамтамасыз ету мәселесінің маңыздылығына да тоқталып өтті.
Спикердің дерегінше, қаланың қарқынды дамуына байланысты жылу энергиясына деген қажеттілік шамамен 750 Гкал/сағ құрайды. Жылу энергиясының жалғыз көзі ретінде «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС жұмыс істейді. Кәсіпорында шамамен 500 Гкал/сағ өндіріледі, ал жылу энергиясына жалпы тапшылық 250 Гкал/сағ құрайды. Демек қаланың үштен бір бөлігінде жылу энергиясының тапшылығы бар.
Аталған мәселелерді есепке ала отырып, облыс орталығының аумағында арнайы қазандық салу бойынша шұғыл шаралар қабылдау қажет. Қазір әкімдік Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен бірлесіп осы бағытта жұмыс істеп жатыр. Жобаны жүзеге асыру үшін барлығы 194,3 млрд теңге қажет. Желілерді жаңарту ісін биыл бастап кетуіміз тиіс, - деді Ж.Сүйіншалиев.