2022 жылы әлемдік экономика 4,9%-ға өседі – Ерғалиев

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Сенаттың жалпы отырысында Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев «Әлеуметтік-экономикалық даму болжамы» және «Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферт туралы» заң жобаларын таныстырды.

Министр еліміздің алдағы 5 жылға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамын жасады.

Оның сөзінше, былтыр жалпы ішкі өнім бойынша есептік статистикалық деректерді және экономика дамуының биылғы қаңтар-шілде айларындағы қорытындылары мен Халықаралық қаржы ұйымдарының әлемдік экономиканың өсуі бойынша жаңартылған болжамдарын ескере отырып қалыптастырылды.

Келесі жылы әлемдік экономика 4,9%-ға, 2023 жылы – 3,5%-ға өседі деп күтіліп отыр. Халықаралық қаржы ұйымдарының консенсус-болжамы бойынша келесі жылы мұнайдың бағасы барреліне 64,5 доллар, ал 2023 жылы 58 доллар деңгейінде болады. Болжам пандемиядан кейінгі қалпына келтірудің жаһандық үрдістерін ескере отырып әзірленді, - деді министр.

Әсет Ерғалиев Қазақстанның негізгі сауда әріптестерінің экономикасының белселділігі байқалып отырғанын айтты.

Әлеуметтік-экономикалық дамудың болжамында әлемдік тауарлар нарығындағы бағаның құбылмалығы, халықаралық сауда және инвестициялық трендтер есепке алынды. Осы жағдайларды ескере отырып, макроэкономикалық көрсеткіштер болжамы консервативті тәсілде қалыптасты. Бюджетті жоспарлауға негіз ретінде базалық сценарий алынды. Оған сәйкес мұнай бағасы барреліне 60 доллар деп болжанып отыр, - деп түсіндірді Ұлттық экономика министрі Сенатта.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы