2022 жылға қарай медициналық қызметтер тарифі қайта қаралмақ

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Медициналық қызметтерге арналған тарифтер 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап медицина қызметкерлерінің жалақысын арттыруды ескере отырып, қайта қаралады. Бұл туралы бүгін Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжановтың қатысуымен өткен 2020 жылғы қызмет қорытындылары мен 2021 жылға арналған міндеттер бойынша ведомствоның кеңейтілген алқа отырысында Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой мәлімдеді. 

2022 жылғы 1 қаңтардан бастап жалақының өсуін ескере отырып медициналық қызметтерге арналған тарифтер қайта қаралады, университеттік клиникалар үшін коэффициенттер, сондай-ақ өңірлермен ұйымдастырушылық-әдістемелік жұмыс үшін ҰО мен ҒЗИ үшін коэффициенттер әзірленеді, - деді Цой.
Сондай-ақ ол СOVID-19 жұқтырған науқастарды стационарда емдеуге және жазылып шыққандарға медициналық оңалту үшін жаңа тарифтер көзделгенін хабарлады. Бұл тарифтер бір күндік төсек-орынға есептегенде стационарларда емделу шығыстарын төлеу бойынша жинақталған деректерді ескере отырып, клиникалық-шығын топтар қағидаты бойынша әзірленді. Сонымен қатар мобильді бригадаларға және қашықтықтан консультацияларға тарифтер әзірленді.
2021 жылы мамандандырылған, оның ішінде жоғары технологиялық, медициналық көмек көрсетуге ақы төлеу әдістерін, сондай-ақ онкологиялық бейіндегі емделіп шыққан жағдайларды төлеу әдістерін жетілдіру бойынша жұмыс жалғасады. Сонымен қатар алғашқы медициналық-санитарлық көмекке тарифтерді белгілеу басталды. Пациенттердің жағдайының ауырлығын ескере отырып, кардиохирургия, миокард инфарктісі, инсульт, травматологиялық және инфекциялық аурулар бойынша тарифтерді пилоттық сынақтан өткізу жоспарлануда. 2021 жылы денсаулық сақтау субъектілерінің негізгі құралдарын жаңарту мақсатында біз жол картасын іске асыру және 2020-2022 жылдарға арналған ТМККК шеңберінде және МӘМС жүйесінде медициналық қызметтерге тариф белгілеу әдістемесін жетілдіру бойынша жұмысты жалғастырамыз, - деді министр.

Сондай-ақ Денсаулық сақтау министрлігі жеке қорғаныс құралдарына арналған шығыстарды өтеу жөнінде ұсыныстар әзірлейді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы