2021 жылы бородулихалықтар ауыз сумен 100 пайыз қамтылады

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ  тілшісі. Биыл Бородулиха ауданының орталығын ауызсумен қамтудың үшінші кезеңі іске асырылып жатыр.

Жоба аясында 2020-2021 жылдары жүргізілетін құбыр төсеу жұмыстары нәтижесінде ауыл тұрғындары 100 пайыз ауызсумен қамтылатын болады.

Жобаның жалпы атауы – Бородулиха ауылындағы сумен қамту жүйелерін қайта жаңғыртудың үшінші кезеңі деп аталады. Аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің бас маманы Мәдениет Нұрлыбековтың айтуынша, аудан орталығын ауызсумен қамту жобасының бірінші кезеңі 2006-2007 жылдары, екінші кезеңі 2007-2009 жылдары аралығында атқарылған екен. Дегенмен, туындаған бірқатар кедергілерге байланысты нысан 2014 жылы ғана қолданысқа берілген.

2018 жылы жобаның үшінші кезеңінің жобалық-сметалық құжаттамасы жасалды. Жалпы Бородулиха ауылы жергілікті тұрғындар атап кеткен кіші-ірім шағын аудандарға бөлінеді. Мысалы, олардың Лесхоз, Кең дала, Май зауыты сияқты атаулары бар. Жобаның осыған дейінгі кезеңдерінде бөлінген қаржының мөлшері шектеулі болғандықтан ауыл ішіне түгелдей дерлік ауызсу құбырларын тартуға мүмкіндік болмады. Енді міне, үшінші кезең сол кезде қалып қойған аумақтарды ауызсумен қамтуға мүмкіндік беріп отыр, – дейді Мәдениет Нұрлыбеков.

Құзырлы мекеме маманының хабарлауынша, жобаның үшінші кезеңі жоғарыда айтып өткен Лесхоз, Кең дала, Южный шағын аудандарының бір бөлігіне, Достық көшесінің бір бөлігіне, ЖЭУ аудандарына ауызсу құбырларын салуды көздейтін көрінеді. Осылайша, ауыл халқын 100 пайыз ауызсумен қамтуға қолжеткізілмек.

Ауыл тұрғындарына құбыр арқылы келетін суды Глуховка аумағындағы ірі жерасты көлінен алып отырмыз. Бұл көлдің суы көпшіліктің ауласындағы скважина суы сияқты түгесіліп қалмайды. Өйткені батыс шекарасы Петропавловка ауылынан, шығыстағы Камышенкаға, оңтүстікте Семейге дейін созылған алып жерасты көлінің суы таусылмайтыны анық. Сондай-ақ суы өте сапалы. Үшінші кезеңмен 1520 адамды, яғни ауыл тұрғындарының 30 пайызын ауызсумен қамтимыз деп жоспарлап отырмыз, – деді Мәдениет Нұрлыбеков.

2018 жылы "Central Asia Industrial Company" ЖШС арқылы сараптаманың оң қорытындысы алынған жобаға облыстық бюджеттен 15 млн теңге бөлінгенімен, 5,621 млн теңгесі үнемделген екен. Сметалық есептеу сомасы 913,564 млн теңгені құраған жоба бойынша ауыл ішіне 37278 метр құбыр төсеу көзделді. Өткен жылы семейлік мердігер "ВостокСтрой Групп" ЖШС-і жұмыстарды бастап кетті. 2019 жылы республикалық бюджеттен бөлінген 75 млн теңге толық игерілсе, биыл бөлінген 340 млн теңге қаражаттың мамыр айында 34,1 млн теңгесі игеріліп, жоспарланған жұмыстардың көлемі 89,9 пайызды құрады.

Жобаға түгелдей дерлік жергілікті жерде, яғни Шығыс Қазақстанда жасалған құбырларды, бетон жапқыштарды қолданып жатырмыз. Биылғы жобаның тағы бір ерекшелігі – су құбырларын әр тұтынушының ауласының шетіне дейін жеткізіп беретіндігімізде. Осыған дейін мұндай болған емес. Бұған дейінгі жылдары әр тұтынушы ауызсуды көшедегі негізгі магистральдан үйіне дейін өзі тартып алатын. Ал енді құбырды тұтынушының ауласының шетіне дейін тарту жұмыстары жобалық-сметалық құжаттамада мердігерге міндеттелген, – дейді Мәдениет Нұрлыбеков.

Суы мол өңірде орналасқан Бородулиха ауылына бір демде ауызсу құбырларын тарта қоюдың тіптен мүмкін емес екенін алға тартқан бөлім маманы, ауылдың кейбір шағын аудандарында жерасты суларының тым таязда жатқанын айтып өтті.

Мысалы Лесхоз ауданында жерасты сулары көктемгі маусымда 50-80 сантиметр тереңдікте ғана жатады. Ал ауызсу құбырлары кем дегенде 3 метр тереңдікте көмілуі қажет. Шілде, тамыз айларында жерасты сулары тартылады. Сол себепті көктемгі уақытта біз жерасты сулары тереңде жатқан аудандарда құбыр төсеу жұмыстарын жүргізіп, жаңағы Лесхозға жаз ортасынан ауа келіп жұмыс жүргіземіз. Мұның тағы бір пайдасы қаражат үнемделеді. Қазіргі уақыттың өзінде біз 14 млн. теңгені үнемдедік. Бұл өз кезегінде мәселесі туындаған жерлерді бюджеттен қол жайып қосымша қаражат сұрамай-ақ жөндеп алуға мүмкіндік береді, – деп қосты Мәдениет Кеңеспекұлы.

Қоса кетсек, жоба өтпелі болғандықтан көзделген миллиардқа таяу бюджет қаражатының қалған 406,8 млн теңгесі 2021 жылы бөлініп, ауызсу құбырларын төсеу жұмыстары келесі жылдың қазан айында толық аяқталатын болады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы