2021 жылдың соңына дейін барлық қылмыстық істі тергеу автоматтандырылады
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Орталық коммуникациялар қызметінде Бас прокуратурада жүргізіліп жатқан цифрлық жобалар таныстырылды, деп хабарлайды Елорда Инфо.
Электрондық қылмыстық және әкімшілік өндірістердің қазақстандық форматын енгізу, сондай-ақ мемлекеттік органдарды тексеру, азаматтардың өтініштерін тіркеу үрдістерін автоматтандыру және аналитикалық құралдарды жасау туралы түсіндіріп өтті.
«Қазір цифрлы Қазақстан бағдарламасына кірген бес жобаны жүзеге асырып жатырмыз. Олар электронды қылмыстық іс, электрондық әкімшілік іс жүргізудің бірыңғай тізімі, тексеру субъектілері мен объектілерінің бірыңғай тізімі, электронды өтініштер және аналитикалық орталық», - дейді ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитет төрағасының орынбасары Бағлан Бекбауов.
Ол сөз арасында екі жыл бойы Бас прокуратура өзге де тиісті органдармен бірлесіп аталған бес ірі жобаны жүзеге асыру үшін тиісті жұмыстар атқарып жатқанын мәлім етті.
«Біз электронды қылмыстық іс аясында бүкіл қылмыстық соттық іс жүргізуді сандық технологияға көшіріп жатырмыз. Алдағы уақытта жазалау тәртібін де автоматты жүйеге ауыстырмақпыз. 2018 жылы І кезеңде біз аса ауыр емес қылмыс түрлерін зерттеумен айналыстық. Осы жылдан бастап орташа деңгейлі қылмыс түрлерін электронды жүйеге көшірумен айналысып келеміз. Ал 2021 жылдың соңына дейін жоспар бойынша бүкіл қылмыс электронды форматқа көшіріледі», - дейді Бас прокуратура өкілі.
Ол жаңа жүйе енгізілмес бұрын түрлі құқық қорғау органдарында сынақтан өтіп, оң нәтиже бергенін жеткізді. 2018 жылдың алғашқы тоқсанын алар болсақ, электронды форматта тексерілген қылмыс түрі 0,9 пайызды құраса, сол жылдың соңына дейін көрсеткіш 4,6 пайызға артыпты. Ал биыл 18 пайызды құрап отыр. Жалпы жаңадан енгізіліп жатқан бұл жүйенің қандай артықшылығы бар?
«Бұл жобаны енгізу құқық қорғау органдарының жұмысын жеңілдетіп қана қоймай, қорғаушылар мен қылмыстық іске қатысушыларға бірқатар мүмкіндік береді. Сол сияқты соттың ашықтығы қамтамасыз етіледі және материалдарды бұрмалау істері азаяды. Айтарлығы, адвокаттар үшін «жария сектор» ақпараттық портал іске қосылды. Бұл арқылы адвокаттар да, қылмыстық іске қатысушылар да белгілі бір деңгейде ресми құжаттардың көшірмесін сұрауға, арыз жазуға, өтініш беруге, сұрақ қойып, онайн режімде жауап алуға мүмкіндік қарастырылған», - деп түсіндірді ол.