2021 жыл әдеби аударма үшін өнімді жыл болды

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Әсіресе отандық баспаларымыз шетел әдебиетінің озық үлгілерін қазақ тіліне түпнұсқадан тікелей аударып, елдер арасындағы әдеби байланысты жандандыра түсті. Бұл туралы ф.ғ.к., доцент Лаура Дәуренбекова Жазушылар одағының әдеби жыл қорытындысы жиынында айтты.

Оның айтуынша, Мәдениет және спорт министрлігінің ұсынысымен 2021 жыл «Балалар әдебиеті» жылы деп жарияланған. Аталған жыл аясында шетел жазушыларының балаларға арналған таңдаулы туындылары қазақ тіліне аударылып, балаларды қызықтыратындай, түрлі түспен безендірілген сапалы кітаптар жарыққа шыққан.  

Атап айтқанда, «Фолиант» баспасы «Балақай және шатырда тұратын Карлсон»  шығармасымен танымал болған швед жазушысы Астрид Линдгреннің  балаларға арналған мейірімді қыз «Ұзын шұлық Пиппи» туралы шығармасы, Италияндық жазушы Родари Джанидің балаларды адамгершілікке, әділеттілікке тәрбиелейтін «Чиполиноның басынан кешкендері», «Джельсомино Суайттар елінде» ертегілері қазақ тілінде жарық көрді,- деді  Дәуренбекова.

Сондай-ақ ол бала жаны қиялдан туған хикаяларға, фантастикалық оқиғаларға әуес екенін айта келе,   балаға түрлі қиялдарға құрылған таңғажайып оқиғалар арқылы санасына ой салатын шығармалар керек екенін жеткізді.

Осындай үдеден шығатын бала талабын орындайтын туындылар аударма арқылы жарыққа шығып жатқаны көңілге медеу. Мәселен, «Алтын сақа» балалар баспасынан Ж.Зинелованың аударуымен 5 кітаптан тұратын «Шетел ертегілері»,  дат жазушысы Г.Х. Андерсеннің адамды жақсылық жасауға баулу, өзгеге көмек көрсету, шындықты айту, өтірікке құмар болмау керектігін шытырманға толы оқиғалармен жеткізетін бірнеше ертегілерін (аударған С.Ерғали) жарыққа шығарған,- деді ол.  

Лаура Дәуренбекова сөз арасында соңғы жылдары «Steppe & WORLD» баспасы да балаларға арналған әлем әдебиетінің жауһарларын ұсынып келе жатқанын айтты. Аталған баспа әлемге әйгілі балалардың жата-жастана оқитын ұлыбританиялық жазушы Жоан Роулиңтің «Хәрри Поттер» шығармалар жинағын қазақ тіліне аударуымен назарға ілінген.

Баспа бір ғана емес бірнеше кітаптардың аудармасын ұсынды.  Соның ішінде 2021 жылы шыққан Руал Даһлдың «Жеймс пен дәу шабдалы» шығармасы бар. Шығармада ата-анасынан ерте айрылған Жеймс Хенриге сиқыр дарыйды. Нәтижесінде оның өмірі өзгереді. Джеймс пен оның шабдалы хикаясы оқырманды алға жетелеп, саяхат барысында жәндіктермен таныстырады. Шегірткенің құлағы қайда? Неліктен құрттардың көздері жоқ? Жібектің пайдасы қандай? деген сияқты т.б. қызықты сұрақтарға жауаптар алады,-деді ол.

Оның айтуынша, әдебиетіміздің көркем аударма саласы дамып келеді. Сатылы аудармаға қарағанда, тікелей аударма жасаудың артықшылығы, пайдалы екенін сезілген.

Осы уақытқа дейін біздің қаламгерлеріміздің шығармалары өзге тілге орыс тілі арқылы аударылып келді. Ендігі кезекте ақын-жазушыларымыздың шығармалары әлем тілдеріне тікелей ана тілімізден аударылса, қазақ әдебиетінің өрісі кеңейер еді. Отандық баспаларымыз осы жағына назар аударса деген тілек бар,-деді  Л. Дәуренбекова баяндамасында.
 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы