2020 жылы КВИ бойынша БАҚ-та 274 мың материал жарық көрген

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің алқа отырысы кезінде Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Кемелбек Ойшыбаев айтты.

2020 жылдың қорытындысы бойынша елімізде коронавирустық инфекциямен күресу жұмыстары ақпараттық күн тәртібінің басты тақырыбы болды. Жалпы, барлық мемлекеттік органдардың қызметін толық ақпараттандыру мақсатында министрлік 2020 жылға арналған «Жасампаздыққа толы жылдар» республикалық медиажоспарын әзірлеп, жыл басында үкімет отырысында бекіткен болатын. Оның негізгі бағыттары – Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру және волонтерлар жүйесінің дамуы болған. Бірақ, коронавирусқа байланысты наурыз-мамыр айларында Қазақстанда төтенше жағдай жарияланған кезде COVID-19-ға қатысты жасалып жатқан жұмыстарды халыққа тез жеткізу мақсатында Үкіметтің шешімімен республикалық коммуникациялық орталық құрылды. Оның жұмысына біздің министрлікпен қатар Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері де атсалысып келеді. Наурыз айында coronavirus2020.kz іске қосылды. Сайт бүгінге дейін статистикалық, инфографикалық, сараптамалық материалдармен толықтырылып келеді. Сайтқа күніне 100 мыңнан астам адам кіреді. Сонымен қатар, интернет ресурсқа қазақстандықтардан келіп түсіп жатқан 41 мыңнан астам өтінішке мемлекеттік органдар жедел жауап берді. Телеграм мессенджерінде coronavirus2020 атты ресми канал іске қосылды, оған қазіргі таңда 300 мыңнан астам оқырман тіркелген. Сондай-ақ, шілде айында stopfake.kz сайты іске қосылды. Ол БАҚ-та, әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде таралып жатқан ақпараттарды анықтап, фейк екенін мәлімдеп, халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізумен айналысады. Қазірге дейін 450-ге жуық материалдың жалған болып шыққаны анықталды, - деді ол. 

Кемелбек Ойшыбаев төтенше жағдай кезінде ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі басты ақпарат алаңына айналғанын айтты. Оның айтуынша, онлайн режимде 200-ге жуық брифинг өткізілген. 

Барлық телеарналарда бірқатар бағдарлама коронавирус тақырыбына бағытталды. Сонымен қатар, «Телемедицина», «Онлайн доктор», «Медициналық телеконсультация» сияқты 15-тен астам арнайы бағдарлама ашылды. КВИ-дің алдын алу тақырыбы бойынша 250-ден астам бейнеролик дайындалды, республикалық БАҚ-та бес мыңнан астам инфографикалар мен телеграфикалар жарияланды. Осылайша, министрлік мемлекет тарапынан қабылданған дағдарысқа қарсы шаралар туралы ақпараттандыру бойынша ауқымды жұмыс жүргізді. Жалпы, 2020 жылы КВИ тақырыбы бойынша БАҚ-да 274 мың материал жарық көрген. Сонымен қатар, 2020 жылы үкімет тарапынан мемлекеттік емес БАҚ-ға қолдау көрсетілді. 67 коммерциялық теле-радиоарна мерзімді телерадио хабарын тарату ақысын төлеуден босатылды. Бүкіл БАҚ редакциялары жеке табыс салығын төлеуден босатылды. Жалпы, Үкімет қолдауының арқасында БАҚ-дың үнемдеген қаражаты 1 млрд теңгені құрады, - деді ол.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы