2020 жылы қабылданған ел өміріндегі елеулі заң жобалары

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. 2020 жыл әлемнің қай еліне болмасын оңай болған жоқ. Коронавирус індеті Қазақстанды да айналып өтпеді. Сондықтан наурыз айынан бері мемлекеттік органдардың 70 пайызы қашықтан жұмыс істеді. Оның ішінде Парламент депутаттары да бар. «Халық қалаулыларының» 65 жастан асқандары үйден жұмыс істеді. Соған қарамастан белсенділіктері төмендемей, бірнеше заңды талқылап, қабылдап та үлгерді. Желтоқсанның соңына дейін Мемлекет басшысының қол қоюын күтіп тұрған тағы бірнеше заң әлі бар. Биыл әсіресе саяси заңдар қабылданған жыл болды.


«Митинг» өткізудегі өзгерістер

Алғашқысы 6 маусым күшіне енген «Бейбіт митинг туралы» жаңа заң. Толық атауы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» деп аталады.

Аталмыш заңға сәйкес, бұдан былай бейбіт жиналыс өткізу үшін рұқсат алу қажет емес. Оны алдын ала ескертіп, өткізуге болады. Егер бейбіт шеруді өткізу заңға қайшы келсе, әкімдік оны өткізбеуі мүмкін. Бірақ оған себеп болуы тиіс. Ал демонстрация, шеруді өткізу үшін хабарландырудың басқа формасы жүзеге асырылады. Келісім туралы өтініш керек. Онда қатысушылар жүретін маршрут, пайдаланылатын көлік құралдары көрсетілуі қажет.

Жиналысты, митингіні немесе пикетті өткізу туралы хабарлама бастапқыда ұсынылған 15 күннен 5 жұмыс күніне қысқарды. Ал жергілікті биліктің хабарламаға жауап беру уақыты 10 күннен 3 жұмыс күніне дейін қысқарды. Демонстрация немесе шеруді келісу туралы өтінішті беру мерзімі 15 күннен 10 жұмыс күніне дейін, ал оны қарау мерзімі 10 күннен 7 жұмыс күніне дейін қысқарды. Бейбіт жиын өткізетін арнайы орындарды жергілікті орган белгілейді, - деген болатын Сенатта сол кездегі Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев.


Партия құруды жеңілдеткен заң жобасы

Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2019 жылы желтоқсанда өткен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің екінші отырысында берген тапсырмасы бойынша биыл «Сайлау туралы» заңға – бір, «Саяси партиялар туралы» заңға екі өзгеріс енгізілді.

Біріншісі – саяси партиялардың депутат болудан үмітті адамдары тізімінде әйелдер мен жастардың үлесі 30 пайыз болуы тиіс. Алдағы 10 қаңтарда өтетін Мәжіліс пен Мәслихат сайлауында осы өзгеріс басты назарға алынды. Бұл жерде партия тізіміндегі 30 пайыздың 29-ы жастар, 1 пайызы әйелдер немесе керісінше бола ма, әлде он бес те он бес бола ма – оны партияның өзі шешеді.

Қазір әлемдегі мемлекеттердің басым бөлігі әйелдер мен жастардың сайлау процесіне тең қолжетімділігіне кепілдік беру үшін қажетті шаралар қабылдап жатыр. Халықаралық тәжірибе аясында ұсынылып отырған жаңа нормалар әйелдерді елдің қоғамдық-саяси процестеріне белсенді тартуға мүмкіндік береді, - дейді заң жобаларын әзірлеген Әділет министрі Марат Бекетаев.

Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин бұл мәселе қоғамда және жұмыс тобында көп талқыланғанын айтты. 

Біріншіден, көптеген елде сайлау кезінде партиялық тізімде жастарға арналған квота міндетті түрде бекітілген. Екіншіден, қай кезде болса да, қандай қоғамда болса да, жастарға деген сенім өте зор. Әрине, жастардың өмірлік тәжірибесі аздау да болуы мүмкін, бірақ олардың заманға сай идеялары, олардың заманға сай ұсыныстары өте көп. Қазақ халқы осындайда «Асыл – тастан, ақыл – жастан» дейді. Сондықтан, меніңше, жастар квотасы партиялық тізімде заң бойынша міндетті түрде болу керек. Әрине, 29 жасты біреулер жастау дейді, біреулер жасы жетті дейді, бірақ олардың заманға сай жаңа креативті идеялары бар, ұсыныстары бар. Сондықтан, меніңше, одан қорықпауымыз керек, - деді Нұрлан Нығматулин.

Екіншісі – саяси партияларды тіркеу үшін мүшелер санын 40 мыңнан 20 мыңға азайтты. 

Бұл ұсыныс саяси партияларды құру тәртібін жеңілдетеді, сондай-ақ мемлекеттік шешімдерді әзірлеу және қабылдау процестеріне оң әсерін тигізеді, - дейді Бекетаев.


Мәжілісте «оппозиция» болады

Саяси заңдардың қатарында «Парламенттік оппозиция туралы» заң жобасы бар. Мемлекет басшысының тапсырмасымен әзірленген заң бойынша парламенттік оппозиция құрылып, олар қаралатын барлық заң жобасын талқылауға араласады. Сондай-ақ заңға альтернативті құжат әзірлей алады. Тіпті парламенттік тыңдау, Үкімет сағатын ұйымдастыру құқығына ие болады. Заң 2021 жылдан бастап күшіне енеді.

Заң жобасында парламенттік оппозицияға мынадай құқықтар беріліп отыр:

• бір сессия ішінде кемінде бір рет мемлекет пен қоғамның тыныс-тіршілігіне қатысты өзекті мәселелер бойынша парламенттік тыңдау өткізуге бастамашылық жасау;

• парламенттік сессияда кемінде екі рет Үкімет сағаттарының күн тәртібін белгілеу;

• оппозиция мақұлдамайтын Үкіметтік заң жобаларына альтернативті заң жобаларын енгізу.

Оппозициялық фракциялардың басшылары немесе өкілдері Парламент палаталарының бірлескен отырыстарында, Мәжілістің жалпы отырыстарында, тұрақты комитеттердің, жұмыс топтарының отырыстарында, парламенттік тыңдаулар мен басқа да шараларда сөз сөйлей алады.

Ал осы заңға ілеспе заң жобасы бойынша мәжілістің бір тұрақты комитетінің төрағасы тек оппозиция депутаттарының арасынан сайланады. Мәжілістің екі тұрақты комитетінің хатшыларын да парламенттік оппозиция ішінен сайлау ұсынылып отыр.


Ернар Айдарлар «есірмейтін» болады

Саяси заңдардан бөлек, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі әзірлеген «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне лотереялар және лотерея қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бар. Кейінгі кезде әлеуметтік желілердің әлеуетін пайдаланып, жарнамасы «жер жаратын» лотереяларды кім көрінген ойната беретін болды. Осындай ойындардың құқықтың негізін күшейтіп, лотерея қызметін жедел реттеуге бағытталған арнайы заң жобасы қабылданды.

Құжатта лотерея операторы болып саналмайтын тұлғаның лотерея ойындарын жүргізгені үшін әкімшілік жауапкершілік белгіленген. Жеке тұлғаларға – 100 АЕК, шағын бизнес немесе коммерциялық емес ұйымдар үшін – 300 АЕК, орта бизнес үшін – 500 АЕК, ірі бизнес үшін - 1 000 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады. Ал бір жыл ішінде қайталанып жасалған заңсыз іс-әрекеттер үшін жеке тұлғаларға – 200 АЕК, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – 700 АЕК, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 1 000 АЕК, ірі бизнес үшін 2 000 АЕК айыппұл салынып, әкімшілік құқық бұзушылықтың табысы тәркіленеді.

Үкіметтің 2017 жылғы қаулысымен «Сәтті Жұлдыз» АҚ лотерея операторы болып 15 жыл мерзімге белгіленді.


Букмекерлерді көшіретін заң жобасы

Президент қол қойған заң жобаларының бірі - ойын бизнесі туралы. Заң жобасы ойын бизнесі саласындағы заңнаманы жетілдіруге, букмекерлік кеңселер мен тотализатордың қызметін бақылаудың тиімділігін артыруға бағытталған. Ойын бизнесі туралы заң жобасының жаңашылдығы – букмекерлік кеңселерге тек спорттық оқиғаларға ставка қоюға рұқсат етіледі. Яғни, ставка қоюға болатын оқиғалар тізімі тек спорттық шаралармен шектеледі.

Заңға сәйкес букмекерлік кеңселер мен тотализаторлардың кассалары Алматы облысы Қапшағай су қоймасының жағалауындағы және Ақмола облысы Бурабай ауданындағы екі ойын аймағы аумақтарында орналастырылады. Сондай-ақ жақын туыстарының өтініші бойынша соттың құмар ойындарды және бәс тігуді теріс пайдаланатын адамдарды әрекет қабілетін шектей алады. Яғни, отбасы мүшелері мен жақын туыстары өз жақындарын зиянды әрекеттен шектеу құқығына ие бола алады. 

Бірақ сала өкілдері жаңа нормаларға наразылық білдіруде. Букмекерлік кеңсе басшылары құмар ойындар туралы заңға енгізілген түзетулер тек букмекерлерге ғана емес, сонымен бірге азаматтардың құқықтарына да қарама-қайшы деп отыр. Букмекерлерлік кеңсе қожайындары былтыр бюджетке 18 млрд теңге төлеген.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы