Қазақстандықтар 2020 жылы үш ай демалады
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Санаулы күннен кейін тарих есігін ашқалы отырған 2020 жылы Қазақстан халқы 120 күн, яғни үш ай демалатын болады.
Жаңа жыл әдеттегідей демалыспен басталады. 1-4 қаңтар аралығы – мейрам. Алайда оның есесіне, 5 қаңтарда (жексенбіде) жұмысқа шығады.
7 қаңтар (сейсенбі) да демалыс күні – Рождество.
Одан кейін демалысы көп айлардың бірі наурыз басталады. "Алғыс айту" күнімен басталатын айда, Халықаралық әйелдер күні мен Наурыз мейрамы қарсаңында 7-9 наурыз, 21-25 наурыз күндері жұмысқа шықпай-ақ қойсаңыз болады. Қосып есептесек, осы айдағы мейрам күндері 8 екен.
Әрмен қарай 1 мамыр – Бірлік күні. Бұл күннің жұма екенін ескерсек, ары қарайғы 2, 3 мамыр күндері де демалыс.
7 мамыр – Отан қорғаушылар, 9 мамыр – "Жеңіс күні" (Екінші дүниежүзілік соғыс) қарсаңында 7-10 мамыр аралығы тағы да жұмыс болмайды.
Астана күні – 6 шілде. Осыған орай үш күн (4,5,6 шілде) демалыс.
Сол секілді тамыз айында да үш күн демалыс беріледі. Себебі 30 тамыз – Конституция күні.
2020 жылдың ақырғы демалыс күндері желтоқсанда. Бірінші жұлдызы Тұңғыш Президент күні, 16 жұлдызы Тәуелсіздік күні (16-19 желтоқсан) және ай соңы – жаңа жыл мейрамы.
Осы күндерге аптаның сенбі-жексенбілерін қосып есептесеңіз 120 күн демалыс болады.