2020 жылы ауыл шаруашылығы саласында қандай жетістіктерге қол жеткіздік?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметіне сүйенсек, бұл салада 2020 жылы айтарлықтай өсім байқалды, деп жазды strategy2050.kz. 

Атап айтқанда, 11 айдың қорытындысы бойынша, жалпы өнім көлемі 5,9 трлн теңгеге жетіп, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 5,3 %-ға артқан. 

Ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі бойынша 15 өңірде өсім бар

АШМ ұсынған мәліметке сәйкес, ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі бойынша 15 өңірде өсім бар. Оның ішінде Қостанай, Ақмола, Павлодар облыстары жоғарғы көрсеткішке қол жеткізген. Мұндай жетістікке негізінен өсімдік шаруашылығын арттыру арқылы қол жеткізілген. Оның жалпы үлесі 7,2% немесе 3,6 трлн тенгені құрады.

Пандемияға қарамастан 20,8 млн тонна астық жиналған

Биылғы күрделi ахуалға қарамастан Республика бойынша 20,8 млн тонна көлемiнде астық жиналған және оның сапасы өткен жылға қарағанда әлдеқайда жоғары. Бұл iшкi қажеттiлiктi толық қамтамасыз етiп қанай қоймай, бiр бөлiгiн экспортқа шығаруға мүмкiндiк берiп отыр.

ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров баспасөз мәжілісінде 7-8 млн тонна көлемiндегi астықты экспорттауға мүмкiндiк бар екенін атап өткен еді.

Мәселен, былтыр қазан айында ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті мен «ҚТЖ» АҚ-ның деректері бойынша Қазақстан шетелге 862 мың тоннаға жуық астық пен ұн экспорттаған. Оның 617 мың тоннасы бидай, 164 мың тоннасы бидай ұны (235 мың тонна астық эквивалентінде) және 9,7 мың тонна арпа.

Бидай мен ұнның басым бөлiгiн Өзбекстан (327,6 мың тонна), Ауғанстан (230,3 мың тонна) және Тәжiкстан (150,5 мың тонна) сатып алған. Арпаның барлық көлемi дәстүрлi түрде Иранға экспортталған.

48 тауарлы-сүт фермасы, 8 құс фабрикасы пайдалануға берiлдi 

Ал мал шаруашылығына келер болсақ, жалпы өнiм көлемiнiң өсiмi 2,3 трлн теңгеге жеткен. Оның ішінде ет өндірісі - 3,7%-ға, сүт - 3,2% -ға артқан.

Осы орайда айта кету керек, 2020 жылы жалпы саны 16,2 мың бас iрi қара малы және өндiрiстiк қуаты жылына 93 мың тонна сүт өндiретiн 48 өнеркәсiптiк және отбасылық тауарлы-сүт фермасы пайдалануға берiлдi. Оның iшiнде жалпы мал басы 12,5 мың IҚМ және өндiрiстiк қуаты жылына 87,8 мың тонна сүт болатын 17 өнеркәсiптiк тауарлы-сүт фермасы бар. Нәтижесiнде биылғы 11 айда сүт өндiру 3,2%-ға артып, 5,6 млн тоннаға дейiн өстi.

Бұған дейін сүттi мал шаруашылығының тиiмдiлiгiн арттыру үшiн асыл тұқымды малды субсидиялау қағидаларына бiрқатар өзгерiстер мен толықтырулар енгiзiлгенін атап өткен жөн. Нақтырақ айтсақ, сүттi мал шаруашылығында импортталған асыл тұқымды аналық мал басын сатып алу үшiн субсидиялау нормативтерi бiр басқа 225-тен 400 мың теңгеге дейiн, ал отандық мал шаруашылығында бiр басқа 150-ден 200 мың теңгеге дейiн ұлғайтылған еді. Сонымен бірге, сүттің бағасын арзандатуды субсидиялау да қарастырылған.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің дерегінше, 2020 жылдың қорытындысына сәйкес, жалпы қуаттылығы жылына 95 мың тонна құс етiн өндiретiн ет бағытындағы 8 құс фабрикасы пайдалануға берiлдi. Олардың қатарында «Макинск құс фабрикасының 2-кезегi», «Астрахан құс» АЕК» ЖШС құс фабрикасын жаңғырту, «Otan Green Food» ЖШС құс фабрикасын құру, «Алатау Құс» ЖШС құс фабрикасын кеңейту, «Наурыз Агро ЛТД» ЖШС құс фабрикасын кеңейту, «Риван» ЖШС құс фабрикасын құру, «Poltry-Agro» ЖШС құс фабрикасын жаңғырту, «Шымкент құс» ЖШС құс фабрикасын жаңғырту жобалары бар.

 Азық-түлік өндірісі 3,6%-ға өсті

Сондай-ақ азық-түлік саласында да өсім байқалады. Биылғы 11 айда азық-түлік өндірісінің көлемі 3,6%-ға немесе 1,7 трлн теңгеге дейін өскен. Мәселен, күріш өндіру - 23,5%-ға, сары май - 21,5%-ға, шұжық өнімдері - 11,8%-ға, макарон - 8,1%-ға, ұн 2,8%-ға, ірімшік пен сүзбе - 3,3% -ға артқан.

Министрліктің дерегінше, былтыр, яғни 2020 жылы 4 млн тонна картоп, 4,3 млн тонна көкөніс, 2,5 млн тонна бақша дақылдары мен 297,2 мың тонна мақта жинады. 2,5 млн тонна май дақылдары жиналған.

Ауыл шаруашылығына салынған инвестиция 4,7%-ға артты

Жалпы ауыл шаруашылығына салынған инвестиция 4,7%-ға артып, 454,2 млрд теңгені құраған. Оның ішінде азық-түлік өндірісіне салынған инвестиция көлемі 18,6%-ға өсті.

Айта кетейік, еуропалық комиссияның ресми деректерiнде, экспорт көлемi бойынша Қазақстан Еуроплаық Одақ елдерiне органикалық агроазық-түлiк өнiмдерiн жеткiзетiн 123 елдiң iшiнде 9-орында. Ал органикалық бидай мен майлы зығыр тұқымдарын сату бойынша республика абсолюттiк көшбасшылар қатарына кiредi.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы