2020 жылғы бюджеттің жартысы әлеуметтік салаға арналған
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы ОКҚ алаңында Мемлекет басшысының 2020 жылғы әлеуметтік бастамаларын жүзеге асыру бойынша баспасөз конференциясы аясында премьер-министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев айтты.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, биылғы жылдан бастап бюджеттік мекемелерде істейтін мұғалімдердің, дәрігерлердің, мәдениет, өнер, спорт саласында қызмет істейтін мамандардың жалақысы орта есеппен 25-30%-ға артатын болады. Сондай-ақ, әр түрлі әлеуметтік төлемдер көлемі де 5-30%-ға артады. Осылайша біз жалақы мен әлеуметтік төлемдерді өсіру арқылы жалпы 7 млн астам адамды қамтимыз. Бұл шараларға бюджеттен 3,7 триллион теңге бөлінген. Биылғы мемлекетіміздің бюджеті 50% әлеуметтік салаға арналған. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 12,5% көп, яғни оның қазіргі көлемі 8,5 триллион теңге, - деді Бердібек Сапарбаев.
Оның айтуынша қазіргі кезде денсаулық сақтау саласында 2025 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарлама қабылданды.
Біздің мақсатымыз – қазақстандықтардың өмір сүру ұзақтығын 73 жастан 2025 жылға дейін 75 жасқа дейін арттыру. Бұл жердегі Үкімет пен жергілікті атқарушы органдардың міндеті – медициналық қызмет сапасын және материалдық-техникалық базаны жақсарту, медицина қызметкерлерінің жалақсын арттыру, мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті дамыту. Біз 127 жобаны іске асыруды көздеп отырмыз. Бұл мақсатқа 59 миллиард теңге бөлінді, - деді премьер-министрдің орынбасары.
Қазіргі уақытта 221 миллиард теңге сомасына қажетті дәрі-дәрмектердің 88% сатып алынған. Олардың 95% емдеу орталықтарға жеткізілді.