2019 жылы жемқорлық салдарынан мемлекетке 5 млрд теңге шығын келген
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі 2019 жылғы бюджет қаражатын жымқыру фактілері туралы брифнг өткізді.
Статистикалық мәліметтерге сәйкес, 2019 жылы сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өндірісінде жемқорлық фактілері бойынша 455 қылмыстық іс болған, оның 399-ын сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі тіркеген, 235-і өндіріспен аяқталып, оның 192-і сотқа жолданған. Осы қылмыстардан мемлекетке келтірілген шығын соммасы шамамен 5 млрд теңгені (4 989 387 мың теңге) құраған. Қазіргі уақытта оның 4 млрд-қа жуығы (3 853 038 мың теңге) мемлекетке қайтарылды, - деді ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің 1-департаментінің аға тергеушісі Данияр Биғайдаров.
Оның сөзінше, жемқорлықтың фактілерінің көбі тендерлерді бөлуге, шарттарды заңсыз жасасуға, жалған жұмыстарды орындау актілеріне қол қоюға, жалақы мен іссапар шығындарын заңсыз есептеуге байланысты. Бұл ретте ақшаны жымқыру барлық қызмет салаларын қамтиды.
Жалпы 2017 жылдан бастап 2019 жылға дейінгі кезеңде сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өндірісінде 1,5 мыңдай сотқа дейінгі тергеп-тексеру болды. Оның ішінде 1 мыңға жуық қылмыстық іс тергеумен аяқталды және сотқа жолданды. Бұл қылмыстардың залал сомасы 3 жылда 15 млрд-тан астам теңгені құрады. Қазіргі кезде оның 10 млрд теңгеден астамы өтелген, - деді Агенттік өкілі.