2019 жылы спортқа 30 млрд теңге жұмсалады

Астана, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстанда спортпен айналысатын адамдар саны – 5,4 млн адам. Оның ішінде 2 млн астам адам дене шынықтыру және спортпен шұғылданады. Бұл мәліметтерді ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитеті ресми сауалға берген жауабында мәлімдеді.

2019 жылға арналған республикалық бюджетте спорт саласына 30 406,5 млн теңге көзделген. Оның ішінде бұқаралық спортқа – 515,2 млн теңге, сондай-ақ спорт объектілерін салуға – 1 641,5 млн теңге.

Сонымен қатар, «Дене шынықтыру және спорт туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жергілікті атқарушы органдардың, қаладағы аудан, аудандық маңызы бар қала, ауылдық округ, кент және ауыл әкімдерінің құзыретіне тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiк аумағында бұқаралық спортты және ұлттық спорт түрлерiн дамытуды қамтамасыз ету енеді. Осыған байланысты, республика бойынша өңірлік жерлерде бұқаралық спортты қаржыландыру тиісті әкімдіктердің жергілікті бюджеттерінде қарастырылған қаражат есебінен жүзеге асырылады.

Республика бойынша дене шынықтыру және спорт ұжымдарында 123,4 мыңнан астам спорттық секциялар мен үйірмелер құрылған, олардың ішінде ауылдық жерлерде 61 мыңнан астам спорттық секциялар жұмыс істейді.

ҚР ҰЭМ Статистика комитетінің 2018 жылғы 1 қарашадағы мәліметтері бойынша, республикада жүйелі түрде дене шынықтырумен және спортпен

5,4 млн адам шұғылданады, бұл елдегі халықтың 29,8 % құрайды. 2017 жылмен салыстырғанда шұғылданушылар саны 1%, яғни 271 552 адамға ұлғайды.

Ведомстволық статистикалық есепке сәйкес Қазақстанда ұлттық спорт түрлерімен шұғылданушылар саны – 375926 адам, паралимпиадалық және сурдолимпиадалық спорт түрлерімен шұғылданушылар саны – 31952 адам.

Еске сала кетсек, биыл елімізде 44 ірі спорт жарысы өтеді.

Назерке Абибулла

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы