2019 жылы контейнерлік тасымалдау екі есе артады – министр
Астана, BAQ.KZ тілшісі. Осы жылы Қазақстан арқылы өтетін контейнерлік тасымалдау көлемін екі есе арттырып, 1 млн контейнерге жеткізу көзделуде. Бұл жөнінде ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің алқа мәжілісінде ведомство басшысы Жеңіс Қасымбек мәлімдеді.
«2018 жылдың маусым айынан бастап жер қойнауы туралы жаңа кодекс күшіне еніп, бұл құжат осы саладағы басқару процестерін айтарлықтай жеңілдетіп, геологиялық барлауға инвестициялар тартуға мүмкіндік берді. Аталған заң мен заң актілерінің қабылдануы нәтижесінде Қазақстан жер қойнауын пайдаланудағы инвестициялық тартымдылық бойынша Фрейзер институтының рейтингінде өткен жылдың өзінде өз позициясын 49 тармақ бойынша жақсартып, қазір 24-ші орында тұр. Бұл жыл сайын Қазақстанның қатты пайдалы қазбалар бойынша геологиялық барлау жұмыстарына 100 млрд теңге инвестиция тартуға мүмкіндік береді», - деді министр.
Жеңіс Қасымбектің айтуынша, өткен жылғы мұндай инвестиция көлемі 50 млрд теңге шамасында болған. Ол бүгінде Қазақстанда әлемдік танымал компаниялар жұмыс жасап жатқанын атап өтті.
«Өткен жылдың қорытындысы бойынша көлік қызметінің көлемі 2017 жылмен салыстырғанда 4,6% ұлғайды. Қазақстан территориясы арқылы өткен барлық жүк транзитінің көлемі 6% өсті. Сол сияқты, Қазақстан арқылы транзит бойынша контейнерлік тасымалдау көлемі де артып келеді. 2018 жылдың қорытындысы бойынша контейнерлік тасымалдаулар көлемі 537 мың контейнерді құрап, алдыңғы жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткішпен салыстырғанда 55% артты. Осы тұста, біз Қазақстан Еуразия орталығындағы транзиттік хабқа айналғанын сенімді айта аламыз», - деді ИИД министрлігінің басшысы.
Ол 2019 жылы контейнерлік тасымалдау көлемін 2 есеге арттыру жоспарланып отырғанын айтты.
«2019 жылдың қорытындысы бойынша елдегі құрылыс саласында тұрақты өсім байқалады. Аталған саладағы өнімділік бір жыл ішінде 9% құраса, тұрғын үй құрылысындағы инвестициялар 8% өсті. Рекордтық 12,5 млн шаршы метр жаңа баспана пайдалануға берілді», - деді министр.
Ақмарал ШАҒАТАЙ
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Алдыңғы жаңалық
Түркістанда Smart city аясында 2 жоба қолға алынды
Келесі жаңалық
ТЖМ қазақстандықтарға маңызды ескерту жасады
Өзгелердің жаңалығы