2019 жылы ел экономикасы қалай дамыды

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Еліміз 2019 жылды қалай аяқтады, экономика саласында оң динамика байқалды ма? Инфляция деңгейі, ЖІӨ өсімі қанша пайызға жетті? Осы сұрақтар төңірегінде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, экономист Жетпісбай Бекболатұлымен сұхбаттасқан едік.

Міне біраз күнде 2019 жылды шығарып салып, жаңа жылды қарсы алғалы отырмыз. Жалпы биылғы жыл ел экономикасы үшін қалай болды, дамуда оң динамика болды ма? Осы жылдың экономикалық қорытындысын жасап көрсек.

Иә, бұл бір жағынан жақсы әдет. Жыл ішінде іске қосылып, түтіні бұрқырай жұмыс істеп жатқан зауыт-фабрикалар, әлеуметтік-мәдени нысандар тізімі қаржы-қаражат пен күш-жігер қайтарымы ретінде тілге тиек етіліп, оқырман-көрермен көзайымына айналып жатады. Бұлар жарнамалық шаралар. Ал, алдағы атқарылар істерге талдау жасалып, меже белгіленген талдамалық жұмыс нәтижелеріне қаламгерлер де, сарапшылар да көп көңіл бөле қоймайды. Шынтуайтына келгенде, болашақ жеңістер мен жетістіктердің іргетасы нақ осы жоба-жоспарларда қаланады.

Мысалға аграрлық-өнеркәсіптік кешенді алайық. Ауыл шаруашылығы өндірісін ұйымдастырудың оңтайлы қалыбын іздестіруге көп көңіл бөлініп отырғаны белгілі. Қазіргі таңда негізгі назар ірі құрылымдардан шағын шаруашылықтарға, жеке қожалықтарға ауа бастады. Көзіқарақты қауымның пікірінше, бұл өзін-өзі ақтайтын бағыт болғалы тұр. Өнім көлемінің артуы өңдеу саласын жандандыратыны рас, сөйтіп, "кумуляция әсері" делінетін құбылыс орын алады.

Бұл орайда сырттан өнім тасудан арылу мәселесін де айта кетуге болар. Құзіретті мекемелер есебінше, қазіргі таңда тек 6 тауар бойынша ғана импортқа тәуелділік орын алып отыр. Дерек пен дәйекке жүгінсек, бұлар 191,6 мың тонна немесе ішкі тұтынудың 49 пайызы көлеміндегі құс еті, шамамен 30 мың тонна немесе импорттағы үлесі 39 пайыз көлеміндегі шұжық өнімдері, 21,9 мың тонна немесе жалпы тұтынудың 46,5 пайызы көлеміндегі ірімшік пен сүзбе, 101 мың тонна немесе импорт үлесі 31,5 пайыз көлеміндегі алма, шамамен 250 мың тонна немесе импорт үлесі 57,3 пайыз көлеміндегі қант, 30,6 мың тонна немесе импорт үлесі 72 пайыз көлеміндегі балық. Жалпы алғанда, аграршылар импорт алмастыру міндетін орта мерзімді келешекте іске асыруды жобалап отыр.

Ауыл шаруашылығының басшы мамандарының баяндауынша, сүт бойынша жыл сайын кемінде 25 өнеркәсіптік тауарлық сүт фермасын пайдалануға енгізу жоспары бар. Құс етінің импортын алмастыру үшін қуаты 200 мың тонналық құс фабрикалары қосымша пайдалануға берілмек. Қазір 155 мың тонна құс етіне арналған 12 жоба жобалау мен іске асыру сатысында тұр. Алма импортын алмастыру үшін қосымша 12,5 мың гектар алаңда бақ өсірілмек, бұл 105 мың тонна алма өндіруге мүмкіндік береді. Ішкі нарықты қантпен молықтыру бойынша жаңа 2 зауыт салу және жұмыс істеп тұрған 3 қант зауытына жаңғырту жүргізу, сондай-ақ қант қызылшасы егістерін ұлғайту жоспарда бар. Импорт алмастыру жөніндегі бұл шаралардың іске асырылуы алдағы кезеңде сектордың негізгі капиталына шамамен 770 млрд теңге инвестиция тарта отырып, ішкі нарықты 80 және 100 пайызға дейін отандық өнімдермен молықтыруға мүмкіндік береді.

Осы орайда ғылым мен бизнестің күш-жігерін біріктіру, ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру, ғылымды бизнеске бағдарландыру міндетінің қойылғаны қуантады, себебі не себу керек, қандай технологиямен және қандай мерзімдерде егу қажет екеніне тек ғылым ғана жауап беріп, бизнестің көмекшісіне айналуы тиіс. Бұл-ауыл шаруашылығына жауапты мамандар пікірі.

Ауыл шаруашылығындағы осы егістік жерлерді қалай пайдаланып жатырмыз?

- Шетелдіктердің ұлтарақтай жерді де ұтымды пайдаланып, тіпті көпқабатты үйлер төбесіне егін салатынын оқып жатырмыз. Өткенде Орталық комуникациялар қызметінде айтылған мәліметке сәйкес, еліміздің аумағы 272 млн гектар, оның 105,3 млн гектары коммерциялық пайдаланудағы ауыл шаруашылығы жерлері екен. Нақтылап айтқанда бұлар шамамен 25 млн гектар егістік жерлер мен 72 млн гектар жайылымдық жерлер, сондай-ақ бүгінгі күні мемлекетте шамамен 96,7 млн гектар босалқы жер бар.

Ғасырда бір туатын Бауыржан Момышұлы нұсқаған тығырықтан шығудың стратегиялық екі жолының ауыл шаруашылығы үшін ең төтесі-өндірісті интенсивтендіру, яғни жаңа технологияға көшу, энергия тұтынуды кеміту, еңбек өнімділігін арттыру. Жер пайдалану тұрғысынан келгенде бұл шөл егістен көл егіске көшуді, басқаша айтсақ суармалы жерлер көлемін ұлғайтуды білдіреді. Суармалы жер демекші, климаты қуаң, өзен-көлдері тапшы Ырғыз-Торғай өңірінің өзінде негізгі дақыл-тарыны жаз бойы шығырмен суарып, Нұрпейіс Байғанин сияқты даңғайыр диқандардың рекордты өнім жинағанын біліп, естіп өстік. Ағылшын жұртында "жаңа деген-ұмытылған көне" деген мәтел бар, бүгінгі техника көмегімен осы өңірлерде жаңашыл жандар тамшылата суаруды қолға алып жатса, нұр үстіне нұр емес пе?! Енді әдетімізше ауыл шаруашылығы статистикасына және бұқаралық ақпарат көздерінің деректеріне жүгінейік. Бүгінде Қазақстанда 1,4 млн га суармалы жер бар. 2021 жылға қарай 2 млн га осындай жерге қол жеткізетін көрінеміз.

Осы жылғы мамыр айында Алматы облысында суармалы жердің қайтадан айналымға қосыла бастауы туралы бұқаралық ақпарат құралдары жарыса жазды. Бұл аймақ әкімшілігінде кезінде өзім еңбек етіп едім. Облыс әкімі Амандық Баталов аумақтағы ирригациялық желілерді қалпына келтіруді 2-3 жыл бұрын қолға алған. Соның нәтижесінде биыл 25 мың гектар суармалы жер айналымға қосылған екен. Жалпы өңірдегі суару жүйелеріне толық түгендеу жүргізіліп, қайта жаңғырту, күрделі жөндеу жұмыстарына жергілікті бюджеттен 10,3 млрд теңге бөлініпті. Жетісу өңірі – отандық ауыл шаруашылығы саласындағы өнімнің 20 пайызға жуығын беретін аграрлы аймақ. Осы күзде қызылшадан мол өнім алынып, қайта құрылған Ақсу, Көксу, Алакөл қант зауыттарына жіберіліп жатқанын, жүгері түсімі жақсы болғанын естіп-білдік. Бұл, жоғарыда атап өткеніміздей, елімізді импортқа тәуелділіктен арылту жолындағы игі қадамдардың бірі.

Еліміздің ішкі жалпы өніміндегі көмірсутекті шикізат үлесі он пайыздан асады екен. Бүгінде халықаралық биржалардағы мұнай мен газ бағасына алаңдайтынымыз жасырын емес. Осы салада көңіл көншітерлік көрсеткіштер бар ма, соған тоқталып өтсеңіз?

Таратып айтсақ, ұлттық статистика деректеріне сәйкес республикалық бюджет кірісінің 36, экспорттың 62 пайызы осы мұнай мен газға тиесілі. 2013-2014 жылдары тіпті 70%-ға жетіпті. Әзірге шетел валютасының қомақты бөлігін көмірсутек шикізаты әкеліп отыр. Алдын ала нәтижелерге сәйкес, 2019 жылы мұнай өндіру көлемі шамамен 90,4 млн тоннаны құрамақ. 2018 жылы бұл көрсеткіш 90,36 млн тонна болған екен. Енді осы цифрға аз-кем тоқталып өтелік. Өндіріс деңгейін 90 миллион тонна деңгейінде ұстап тұру - биылғы жылғы ірі жобаларды, яғни Теңіз, Қарашығанақ, Қашағандағы алғашқы күрделі жөндеуді қаперге алғанда - жақсы көрсеткіш. Жөндеу кезеңінде негізгі өндіріс тоқтатылғанына қарамастан, өндіріс көлемі қалпына келтіріліп, ұлғайтылды. 2025 жылға қарай елдің жылдық мұнай өндірісі 105 миллион тоннаға жетеді деп күтілуде.

Көгілдір отын-газ негізінен елдің ішкі қажетін қанағаттандыруға жұмсалуда. 2017 жылы Бейнеу-Бозой-Шымкент газ құбырының іске қосылуымен оңтүстік аймақтарды газдандыру және өзбек газына маусымдық тәуелділік мәселесі шешілді. Санаулы күннен кейін Сарыарқа магистралдық құбырын салтанатты түрде іске қосу жоспарланып отыр. Алдын ала нәтижелер бойынша, алдағы жылы газ өндіру 56,3 млрд текше метрді құрап, өткен жылмен салыстырғанда 1,4 пайызға артты. Ел ішінде газды тұтыну көлемі жыл сайын 4-5% деңгейінде өсуде, биыл газ тұтынудың ішкі көлемі 15,8 млрд текше метрді құрап, өткен жылғыдан 5%-ға өсті.

Қазіргі уақытта елімізде жалпы қуаттылығы жылына 1,2 млн тонна болатын 4 жол битумын шығаратын зауыт жұмыс істеп, отандық өндіріс жол саласының қажеттіліктерін толығымен қанағаттандыруда. 2018 жылдан бастап Атырау МӨЗ-де хош иісті көмірсутектер өндірісі басталды. Биылғы жылы бензол мен параксилол өндіру көлемі 125 мың тоннадан асты. Тамыз айында Алматы облысында жылына 100 мың тонна қуаттылықта майлау материалдарын өңдейтін зауыт іске қосылды. Өндіріс ішкі нарықтағы жағармайға деген сұранысты жабуға, сонымен қатар көрші елдерге экспорттауға мүмкіндік береді.

Енді қаржы, екінші деңгейдегі банктерге келсек. Мұндағы ахуал қандай, инфляция деңгейі көңіл көншіте ме?

Мен - ғылыми жұмысымды банк саласы бойынша қорғаған маманмын. Диссертацияның сарғая бастаған парақтарын ақтарып отырсам, көңілден кетіп, көзден бұл-бұл ұшқан сонау 1999 жылы елімізде екінші деңгейдегі 75 банк болыпты. Сиясы өше бастаған беттердің бірінен "бұл кезеңде, 1998-1999 жылдары банктердің капиталдандырылуы басым бағыттар қатарына қосылып, пруденциялық талаптарға жауап бере алмаған коммерциялық кредит мекемелерінің бірқатары жұмыстарын доғарып, бірақатары бір шаңырақ астында бас қосты" деген көмескі жазу көзге шалынды. Сол кездері еліміздің барлық облыстарында бөлімшелері бар "Тұранбанк" пен халықаралық экономикалық байланыстарға мамандана бастаған AlemBankKazakhstan-ның қалай біріккені әлі күнге көз алдымда. Бұл үдеріс он жыл өткен соң, 2009 жылы да жалғасып, қаржы-несие нарығында бар болғаны 35 банк қалды. Ал, күні кеше қолыма түскен Ұлттық банк есебін қарап отырсам, қаржыгердің тақ-тұқ тілімен "2019 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша Қазақстан Республикасының банк секторында 28 банк жұмыс істейді" деп тайға таңба басқандай жазылыпты. Тарих сағымына сіңгелі тұрған 10 жыл ішінде бақандай 7 банк қысқарған.

Инфляция туралы. Соңғы 2-3 жылда инфляция біртіндеп төмендетіліп, нысаналы дәлізде ұсталынып отыр. Айталық, 2017 жылы инфляция дәлізі 6-8%, өткен жылы 5-7% болса, биылғы жылы 4-6% аралығында болмақ. Ұлттық банктің соңғы деректері бұл жөнінде "жылдық инфляция 5,3% деңгейде қалыптасты және 4-6% нысаналы дәліздің ішінде тұр. Инфляцияның құрылымында жылдық көрсеткіш бойынша азық-түлік тауарларының бағасы 9,1%, азық-түлікке жатпайтын тауарлар 5,4% өскен. Ақылы қызмет көрсету бағасының жылдық өсу қарқыны ең аз тарихи мәнге жетіп, 0,7 пайыз болды. 2019 жылғы қыркүйекте халықтың жиынтерім нәтижелері бойынша инфляцияның бір жылдан кейін күтілетін сандық бағалауы 5,4% болды" дейді. Қаржы қызметкерлері алдарына қойған орта мерзімді міндеттемеде инфляцияны 4% дейін және келер 2020 жылдың соңында одан да төмен деңгейге түсіру көзделген. Реттегіш құралдар оңтайлы қолданылған жағдайда бұл қол жеткізуге болатын мақсат.

Сондай-ақ, банктердің экономиканы кредиттеу көлемі ұлғайды, халықтың салымдары бойынша ең жоғары мөлшерлемелерді белгілеу тетігі жетілдірілді.

Он айда Ұлттық банктің жалпы халықаралық резервтері алдын ала деректер бойынша, 2,4 пайызға немесе 29,5 млрд АҚШ долларына дейін ұлғайып, жылдың басынан бері төмендеуі 4,6% немесе 1,4 млрд АҚШ долларын құрады. Өсу алтынмен бағаланатын активтердің және банктер мен басқа да ұйымдардың Ұлттық банктегі шоттарындағы шетел валютасындағы қалдықтарының ұлғаюы есебінен болды. Жалпы алғанда елдің халықаралық резервтері Ұлттық қордың 59,9 млрд АҚШ долларлық шетел валютасындағы активтерін қоса алғанда 2019 жылғы қазанның соңында 89,4 млрд АҚШ долларына жетті.

Ел экономикасының алдағы уақыттағы даму тағдыры жайлы не айтар едіңіз?

Әр елдің экономикасы ол томаға тұйық өз алдына жеке қала алмайды. Өйткені халықаралық байланыстар, экономикалық ұйымдар бар. Сондықтан, экономиканың өсу көрсеткіштерін қарастырғанда осы факторларды біз есепке аламыз. Әсіресе соңғы кезде көңіл аударылып жүрген фактор Еуразиялық экономикалық қауымдастық болып отыр. Бұл қауымдастықта негізгі ел Ресей болған соң біз көп жағынан осы елге иек артамыз. Біздің экономикада болып жататын көптеген өзгерістер, яғни жағымды немесе теріс құбылыстар болсын оған Ресейдегі экономикалық саяси, әлеуметтік оқиғалардың әсері тимей қалмайды. Соңғы 3-4 жыл бойы Ресей экономикасын кері кетіріп, тұралатып тастаған санкциялар. Бұл санкциялар Ресейдің жоғары технологиялы өндірісіне, банк саласына, халықаралық қаржы және кредит алымдарына қойылып жатыр. Санкциялардың теріс әсерін тек зерттеуші сарапшылар ғана емес, іс басындағы адамдар мен қарапайым халық та сезініп отыр. Біздің ел Ресей сияқты шикізатқа сүйенетін ел. Қазақстан экономикасы халықаралық нарықтағы мұнай бағасына тәуелді. Мұнай бағасының жоғары көтеріліп, бірде төмен түсіп құбылып тұрғаны белгілі. Мұнай бағасына қатысты алдағы жылдың болжамдары қалай болады дегенге келсек, әркім әртүрлі пікір айтады. Дегенмен мұнай бағасының өзгеруіне әсер етіп отырған фактор Таяу Шығыстағы жағдай. Ондағы жағдай қалпына келген кезде мұнай бағасы күрт өзгеруі мүмкін. Бірақ сарапшылар Таяу Шығыстағы жағдайдың жуық арада қалпына келетініне сенімді емес.

Әңгімеңізге рахмет!



Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы