2018 жылы экономикалық өсу 4,1% құрады - Руслан Даленов
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Инфляцияның деңгейі 2017 жылы 7,1% болса, 2018 жылы бұл көрсеткіш 5,3% дейін төмендеді. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрі Руслан Даленов халық алдында есеп беру кезінде айтты.
Жиын барысында министр өткен жылғы экономикалық өсім жайлы баяндай келе Ұлттық экономика министрлігінің 2018 жылы атқарған еңбегі туралы есеп берді.
«2018 жылы экономикалық өсу 4,1% құрады. Осылайша өткен жылғы деңгейді қайталады. Мұндай өсімді біз тұрақты деп айтамыз. Өйткені жалпы ішкі өнімнің өсуі 2016 жылы 1,1% болған. Осы жылдың жалпы бес айының қорытындысы бойынша ЖІӨ 4% құрды. Инвестиция да өсу үстінде 5,8% болған, 2018 жылдың соңында 17,2% құрады, бұл өте жақсы көрсеткіш. Инфляцияның деңгейі 2017 жылы 7,1% болса, 2018 жылы бұл көрсеткіш 5,3% дейін төмендеген», - деді ол.
Сондай-ақ, ол Қазақстан экспорты 12,5 млн долларға өсіп, 61 млрд долларды құрағанын айтты.
«Негізгі басымдық шикі мұнайға тиесілі болып отыр, шамамен 38 млрд АҚШ долларын құрауда. Сонымен қатар, өңделген тауардың экспорты да өсіп 16 млрд долларды құрады. Бұл өте жақсы көрсеткіш. Өндірістік кәсіпорын өндірісі 28 трлн теңгені құрады. Бұл 2017 жылмен салыстырғанда 4,1% жоғары», - деді министр.
Сөз арасында ол 2018 жылы министрлікпен бюджеттік рәсімдерді жеңілдету жұмыстары жүргізілгенін де айтып өтті.
«Жалпы республикалық бюджет жоғары дейгейде игерілді. Рәсімдеу барысы жеңілдетіліп, шығындардың тиімділігі артты. Сондай-ақ, салықтық заңнама жетілдіріліп, 100 млдр теңгенің салығын қарау жойылды. Салықтық жүктеме 10 есеге төмендетілді», - деді ол.
Есеп беру барысында министр мемлекеттік-жекеменшік әріптестік арасындағы келісімшарт жасау механизмінің жетілдірілгеніне тоқталды.
«Өткен жылы 1,3 трлн теңгенің 500 келісімшарты жасалды. Бұған дейінгі уақытпен салыстырып қарайтын болсақ 2018 жылға дейін 60 млрд теңгенің 21 келісімшарты ғана жасалған. Сондай-ақ электронды сауда жасау шарттары да жетілдірілуде. Өткен жылы электронды сауданың ауқымы 100 млдр теңгеге артты», - деді Руслан Даленов.