2018 жыл. Жаңа мегаполис – Шымкент, жаңа облыс – Түркістан

Шымкент және Түркістан, BAQ.KZ тілшісі. 2018 жыл – Қазақстан Республикасы картасындағы әкімшілік-аумақтың құрылымына елеулі өзгеріс енуімен есте қалды. Оңтүстік Қазақстан облысының орталығы болып келген Шымкент қаласының тұрғын саны 1 млн-ға жетіп, республикалық маңызы бар қала мәртебесін иеленді. Ал Оңтүстік Қазақстан облысының орталығы Түркістан қаласына ауысып, облыстың да атауы Түркістан облысы болып өзгерді. Сонымен ел тарихындағы елеулі жаңалықтың тікелей себепкері болған Шымкент қаласы мен Түркістан облысы 2018 жылды қалай өткізді? Шымкент пен Түркістанның 2018 - жылын 12 айға бөліп, болған оқиғаларды тізіп шықтық. 
 


 

ҚАҢТАР-2018
 

5 қаңтарда Шымкент-Ташкент халықаралық автобус бағыты ашылды.
 

 


 

Аталған бағыт бойынша қалааралық жайлы автобустар сағат сайын күнделікті таңғы 6-дан 20:00-ге дейін жүреді. Екі ел арасында күніне 15 автобус қызмет көрсетеді. Жол жүру уақыты техникалық аялдамасыз 4 сағатты құрайды. Автобустар, жолаушылар және қол жүгі кедендік тексеру мен шекаралық бақылаудан кезексіз өтеді. Тасымалдаушы компаниялар болып, Қазақстан жағынан KazNetworkBus ЖШС болса, Өзбекстан тарапынан ManzaraTourism ЖШҚ белгіленген. Тағы бір маңызды жайт, екі мемлекет басшыларының 2018 жыл Қазақстандағы Өзбекстан жылы болып жарияланды. Айта кетер бір жайт, 18 қаңтарда аталған бағыттағы жолақысы арзандады.
 

23 қаңтарда Шымкент қаласының бюджеті 122,1 млрд теңгеге ұлғайды. Осы күні Шымкент қалалық мәслихатының кезекті сессиясы өтті. Онда Шымкенттің 2018-2020 жылдарға арналған бюджетіне облыстық бюджеттің нақтылануына байланысты өзгерістер енгізілді. Нәтижесінде 2018 жылғы қала бюджетінің көлемі 114,9 млрд теңгеден 122,1 млрд теңгеге ұлғайды. 
 

Қаңтар соңында Шымкенттің төрт көшесінде «Арбат» демалыс орны ашылатыны мәлім болды. Түрлі өнер адамдарының басын қосатын мәдени демалыс орны енді қаладағы Қошқар ата бойы мен Бекет батыр, Асқаров және Бейбітшілік көшелері бойында орналаспақ. 
 


 


 

АҚПАН - 2018
 

Шымкентте 4 жол айырығы салынады. Бұл ақпарат 6 ақпан күні мәлім болды. Жол айрықтары Темірлан тас жолының Бекжан базары тұсы маңында,  Сайрам - Жібек жолы, Арғынбеков - Дулати көшелері және Рысқұлов - Қонаев даңғылы қиылысынан салынбақ. Қазіргі таңда жобалық-сметалық құжаттар жасалуда. Олар аяқталған соң құрылысқа қаржы бөліне бастайды. Бүгінде Темірлан тас жолы бойының Бекжан базары маңындағы жол айырығы пайдалануға берілген. 
 


 


 


 

7 ақпанда Шымкент қаласының әкімі Нұрлан Сауранбаев 2017 жылы атқарылған жұмыс бойынша халық алдында есеп берді. Қала әкімі облыс орталығының өткен жылғы дамуындағы негізгі бағыттарға тоқталып өтті. Нақты айтқанда, былтыр 4310 отбасы баспаналы болған деді әкім. 
 


 

Қала әкімі алдағы уақытта атқарылар негізгі тапсырмалар ретінде шаһар инфрақұрылымын дамытуды атап көрсетті. Нақты айтқанда әуежайды қайта қалпына келтіріліп, Қошқарата өзенінің бойын абаттанды, «Шымкент-сити» қалашығының құрылысы жалғасып, Металлургшілер және Фосфоршылар сарайларын мемлекет меншігіне қайтарылмақ. Бұған қоса қала аумағына қосылған елді мекендердің инфрақұрылымын дамыту жұмысы жалғасады. 
 

 
13 ақпан күні Үкіметтің отырысында Шымкент агломерациясының даму жоспары бекітілді. Селекторлық режимде өткен жиында Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Ж.Түймебаев Шымкент агломерациясының Өңіраралық схемасы туралы баяндады. Ал ҚР Инвестициялар және даму министрі Ж.Қасымбек Шымкент агломерациясын дамыту жобасын қолдауды сұрады. «Агломерацияның ықпал ету аймағында Шымкент - орталық қаласы, Арыс қалалық әкімшілік пен облыстық жеті ауданның бөліктері кіреді. Олар: Бәйдібек, Қазығұрт, Ордабасы, Сайрам, Сарыағаш, Төле би және Түлкібас. Халық санының 2030 жылға қарай 2,3 миллионға ұлғаятынын ескере отырып, агломерацияның көші-қон ағымдарын реттеу қажет. Негізгі жоспарлау осьтері бойынша Сарыағаш, Арыс және Тұрар Рысқұлов секілді ірі елді мекендердің базасында контрмагнит қалаларды қалыптастыру ұсынылады»,-деді министр. 

16 ақпан күні Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев Шымкент қаласындағы «Түркістан» сарайында өткен жылды қорытындылап, халық алдында есеп берді. онда әкім 2017 жылы өңірдің экономикалық және әлеуметтік салаларында атқарылған жұмыстарға тоқталып, алдағы жылда іске асырылатын жұмыс жоспарлары туралы баяндады. 
 


 


 

20 ақпанда Оңтүстік Қазақстанда облысында халқы ең тығыз орналасқан Мақтаарал және Сарыағаш аудандарын бөлу ұсынылды. Алтыншы шақырылымындағы облыстық мәслихаттың ХХ сессиясында аталған ұсыныс күн тәртібінде қаралып, депутаттардан қызу қолдау тапты. Сессияны қорытындылаған облыс әкімі Жансейіт Түймебаев халық күткен тарихи шешімді негіздеу үшін тиісті ауқымда шаралардың жүргізілгенін жеткізді. 
 

 


 


 
«2018 жылдың 16 ақпанында Сарыағаш және Мақтаарал аудандарының өкiлдi және атқарушы органдарының аудан аумағын бөлу жолымен аудандар құру, оларға атау беру, әкімшілік орталықтары мен шекараларын белгілеу туралы бiрлескен шешімдері қабылданды. Осыған орай, Мақтаарал ауданын үш ауданға яғни, Мақтаарал, Асықата, Жетісай, Сарыағаш ауданын екі ауданға яғни, Сарыағаш, Келес деп бөліп, бұрынғы аудан орталықтарын қайта қалпына келтіру ұсынылады», - деді. Жаңа құрылатын аудандарға атау беру мәселесі республикалық ономастика комиссиясының қарауына ұсынылмақ. Мақтаарал ауданының әкімшілік орталығы Мырзакент кенті, Асықата ауданының әкімшілік орталығы Асықата кенті, Жетісай ауданының әкімшілік орталығы Жетісай қаласы болып белгіленіп отыр. 
 

 

Ал Сарыағаш ауданының әкімшілік орталығы - Сарыағаш қаласы, Келес ауданының әкімшілік орталығы ретінде Абай ауылы белгіленді. 
 

27 ақпанда Шымкент қаласының әкімі Нұрлан Сауранбаев бастаған топ Шымкенттің ескі бөлігін аралап шықты. Нәтижесінде, қаланың ескі қалашығы жаңаратын болды.

 

НАУРЫЗ - 2018

12 наурызда Қазақстандық сайттар ОҚО-да жеті жасар баланы жоғары сынып оқушылары өткен жылдың тамыз айынан бері бірнеше рет зорлағаны туралы ақпарат таратты. Оңтүстік Қазақстан облысының Сарыағаш ауданындағы Абай ауылының тұрғыны Шәрипа Батырбекованың бірінші сынып оқитын немересін жоғары сынып оқушылары ұрып-соғып, зорлағаны туралы мәлімдемесі көпшіліктің қызу талқысына түсті.

 

15 наурызда Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаевтың төрағалығымен Сарыағаш ауданы, Абай ауылындағы мектептердегі орын алған келеңсіз жағдайға байланысты арнайы жиын өтті. Жиында әкім аталған оқиға дер кезінде назарға алынып, тиісті жұмыстар атқарылмағандықтан қоғамда  резонанс тудырғанына тоқталды. Ж.Түймебаев ендігіде аталған мәселе қатаң бақылауға алынып, жүргізілу керектігін жеткізді. Жиын қорытындысында аталған келеңсіздіктің орын алуына жол берген бірқатар сала басшыларына түрлі деңгейдегі қатаң шаралар көрілетінін мәлімдеді. 
 

Шымкенттен шалғай жатқан ауылдағы баланың әже-әпкесімен бірге облыс орталығына жеткізіліп, одан ары Алматыға жол тартып, бірақ күтпеген жерден Астанадан бір-ақ шығу оқиғасының қалай өрбігенін Baq.kz ақпарат агенттігінің тілшісі тізіп шықты.

20 наурызда ОҚО облыстық мәслихаттың кезекті ХІ сессиясында республикалық ономастика комиссиясының қарауына Оңтүстік Қазақстан облысындағы Түлкібас ауданының атауын қайта атау жөніндегі ұсынысы енгізілді. «Соңғы жылдары бұл мәселе бірнеше рет көтерілді. Кеңес заманында ауданның тарихи аты бұрмаланғаны тарихшы ғалымдарға да белгілі. Сондықтан Түлкібасы атауын Түркібасы деп өзгерту туралы ұсынысты бірауыздан қолдаймын. Аталған мәселе облыстық әкімдік пен облыстық мәслихат тиісті шешім шығарып, облыстық ономастикалық комиссияда қаралды. Соңғы шешімді республикалық ономастикалық комиссия қабылдайтын болады», - деді облыс әкімі Жансейіт Түймебаев.
 
 


 


 
21 наурызда Оңтүстік Қазақстан облысы Ұлыстың ұлы күні - әз Наурыз мерекесін ерекше сән-салтанатпен бастады. «Наурыз Қазығұрттан басталады» деген атпен шара биыл алғаш рет 1500-ге жуық өнерпаздың, мыңдаған өңір тұрғындарының қатысуымен Қазығұрт ауданы, Ақбұлақ ауылындағы Қазығұрт тауының бөктерінде ұйымдастырылды. Қазығұрт тауының етегінде тойланған Наурыз мерекесіне 34 млн теңге жұмсалды.

 


 


Наурыз соңында жүздеген шымкенттік құйылмалы балмұздақтан уланды. 


СӘУІР - 2018

3 сәуірде Шымкент қаласында балмұздақтан уланғандардың саны 188 адамға жетті. Бұл туралы ОҚО Қоғамдық денсаулық сақтау департаментінде өткен брифингте облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мұқан Егізбаев мәлімдеді. Осы брифингте балмұздақтан уланудың бастапқы себептері белгілі болды.

 
23 сәуірде Оңтүстік Қазақстан облысы Түлкібас ауданында «Ақсу-Жабағылы алауы, Шұбайқызыл жалауы» республикалық Қызғалдақ фестивалі өтті. Фестивальдің ашылу салтанатында сөз алған облыс әкімі Ж.Түймебаев алқызыл қызғалдақтың ең әдемілері Ақсу-Жабағылында және Шұбайқызыл аталатын теңдесі жоқ төбеде өсетінін атап өтті.  Жылына бір рет небәрі 10-15 күн ғана гүлдейтін қызғалдақтар тіршілік жаңарған шақта 20 гектар жерді алып жатқан алқап қызыл кілемге оранғандай әсем түрге енеді. Тарихта бұл жерді «Красная горка», кейіннен «Қызыл төбешік» деп атаса, қарымды қаламгер М.Байғұт бастамасымен «Шұбайқызыл шоқысы» атауы қайта берілді. Бүгін аталған төбеге "Қызғалдақ" белгісі орнатылды. 

 

 

МАМЫР - 2018

15 мамырда Шымкентте қала тұрғындары көптен күткен Арбат ашылды. Сейіл мекені Бекет батыр көшесінің бойынан орын тепкен. Нысан 15 мамыр – халықаралық отбасы күніне орай ел игілігіне беріліп отыр. Қала әкімдігінің жауапты мамандары 1 шақырымға созылған Арбат құрылысын 2 айдың ішінде аяқтады.

 


 


21 мамыр күні Шымкенттің екінші теміржол вокзалы салынатыны мәлім болды. Шымкент қаласында бекітілген дамудың Бас жоспарына сәйкес тәулігіне 20 мың жолаушы өткізетін жаңа айналма теміржол вокзалы салынады. Заманауи үлгіде бой көтеретін қаладағы екінші теміржол желісінің техникалық құрылысының сипатын Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаевқа «Байланыс жолдарын дамыту ғылыми-зерттеу институты» ЖШС-нің  директоры  А.Оразбеков таныстырды. 
22-23 мамырда Оңтүстік Қазақстан облысының орталығы Шымкент қаласында өткен Қазақстан-Өзбекстан бизнес-форумында 62 млн АҚШ долларынан астам сомадағы 8 құжатқа қол қойылды.


28 мамырда Шымкентте «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының бірінші кезеңінің жеңімпаздары анықталды. Биыл бесінші рет ұйымдастырылып отырған байқауда 33 отбасының ішінен үздік танылған екі отбасы қалалық оқушылар сарайында өткен салтанатты жиында марапатталып, өңірлік байқауға жолдама алды.  

24 мамырда миллионға жуық халқы бар Шымкенттің дамуының тұжырымдамалық бағдарламасы қабылданды. Бұл құжат Шымкент қалалық мәслихатының кезектен тыс жиырма сегізінші сессиясында қаралған болатын. Сессия тарихында алғаш рет Шымкент қаласы өңірлік мегаполисінің тұрақты және кеңістік дамуының тұжырымдамалық бағдарламасын қабылдау туралы ұсыныс айтылды. Қалалық мәслихаттың депутаттары Шымкент қаласының алып мегаполис болып, оның даму бағдарламасын бекіту туралы құжат тұңғыш көтеріліп отырғанын тілге тиек етті. Осылайша сессияда қаралған өзге де мәселелер депутаттар тарапынан қолдау тапты. 
 

 


 


 

МАУСЫМ - 2018
 

5 маусымда Шымкенттің республикалық маңызы бар қала мәртебесін алуына бір қадам қалды. Осы күні Шымкент қалалық мәслихатының кезектен тыс 29-сессиясында қала әкімдігі мен мәслихаты Шымкент қаласына республикалық маңызы бар қала мәртебесін беруге ұсыныс жасау туралы бірлескен шешімге қол қойды.
 


 

Осы күні Шымкенттің миллионыншы тұрғыны дүниеге келгені мәлім болды. Миллионыншы тұрғын мамыр айында туған. Бұл туралы Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев Шымкент қалалық мәслихатының кезектен тыс 29-сессиясында мәлімдеді. 
 

 


 


5 маусымдағы  елеулі жаңалық Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының кезектен тыс жиырма үшінші сессиясында айтылды. Сессияда депутаттардың қарауына Шымкент қаласы халқының бір миллионға жетуіне орай, оған ерекше мәртебе беру, облыс орталығын Түркістан қаласына көшіру және осыған байланысты облыстың, Түркістан, Кентау қалаларының шекараларына өзгерістер енгізу мәселелері ұсынылды. Оңтүстік Қазақстан облысының орталығы Түркістанға ауысқанда, Түркістан мен Кентау қалаларының шекаралары өзгереді.

6 маусымда Шымкенттің миллионыншы тұрғынының есімі жария болды. Осы жылдың 17 мамырында дүниеге келген Айсұлудың отбасына шымкенттік кәсіпкер Қайрат Молдасейітов екі бөлмелі пәтер сыйлады
 

 

 

 


Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Оңтүстік Қазақстан облысының әкімшілік-аумақтық құрылысындағы өзгерістер туралы Жарлыққа қол қойды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады. Жарлыққа сәйкес Мақтаарал және Сарыағаш аудандарының әрқайсысы екі ауданға бөлінді.

Түркістан қаласы облыс орталығына айналатыны туралы хабар шыққанынан кейін Түркістан қаласында жылжымайтын мүлік бағасы өсе бастады. «Түркістан облыс орталығына айналды. Енді со жақта үй мен жердің бағасы қымбаттайды екен». Дәл қазір Оңтүстікте екі адамның басы қосыла қалса, айналып өтпейтін тақырыптың бірі – Оңтүстік Қазақстан облысының әкімшілік орталығы Түркістанға көшірілетіні мен сондағы жылжымайтын мүлік бағасы болды. Бұған дейін Рухани астана ретінде танылып келген мекеннің облыс орталығы болатыны жөніндегі ақпар жергілікті жылжымайтын мүлік нарығын әрі-сәрі күйге түсіріп кетті. Үйін не жерін сатуға шығарғандары бағасын күрт көтерсе, пәтер иесі жалға беру ақысын қымбаттатып та жіберді. Әйткенмен, бұл абыр-сабыр өзін қаншалықты ақтап жатыр? Сырттағыны елітіп, талайды Түркістан нарығына үңілтіп қойған хабардың расында әсері қалай болды? Бұл туралы Baq.kz арнайы тілшісімен әңгімелескен түркістандық риэлторлар мен мүлік иелері айтып берді.

 


 


19 маусымда Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысының кейбір мәселелері туралы» жарлыққа жария түрде қол қойды. Мемлекет басшысы жарлыққа жария түрде қол қою рәсімінде сөйлеген сөзінде Шымкент миллионнан астам тұрғыны бар Астана мен Алматы қалаларының қатарына қосылғанын айтты. 
– «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» заңның 3-бабының 1-тармағына сәйкес бүгін мен қол қоятын жарлық Шымкентке республикалық маңызы бар қала мәртебесін береді. Бұл әкімшілік бірлік еліміздегі он жетінші аймақ болады. Облыс орталығы ғасырлар бойы Қазақ хандығының және бүкіл түркі әлемінің саяси әрі рухани орталығы болған Түркістан қаласына көшіріледі, – деді Қазақстан Президенті. 
 

 


 


 
20 маусымда ҚР Президентінің Жарлығымен Ғабидулла Рахметоллаұлы Әбдірахымов Шымкент қаласының әкімі болып тағайындалды. Ал, қала активіне жаңа әкімді ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев таныстырды. 

27 маусымда ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Асқар Мамин Түркістан облысының орталығы Түркістан қаласына жұмыс сапарымен барды.Сапары барысында Түркістан аймағын дамыту перспективалары туралы комиссияның бірінші отырысына қатысып, қаланың даму жоспарымен танысты. 
 

 


 

ШІЛДЕ - 2018
 

3 шілдеде Түркістан облысының орталығында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының тұрақты түрде жұмыс істейтін өкілдігі ашылды.  Ашылу салтанатына Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Серікбай Ораз, ҚР Қоғамдық даму вице-министрі Арын Берік және облыс әкімі Жансейіт Түймебаев пен облыс ардагерлері мен зиялы қауым өкілдері, мешіт имамдары қатысты.  
 
 

 


10 шілдеде алтыншы шақырылымдағы облыстық мәслихаттың кезектен тыс жиырма жетінші сессиясында Түркістан облысының таяуда бөлініп, қайта құрылған Жетісай, Мақтаарал,  Келес,  Сарыағаш аудандарының шекаралары бекітілді.

 
13 шілдеде Түркістан қаласында Түркістан облысының әкімі Ж.Түймебаевтың қатысуымен Түркістан қаласын түркі әлемінің рухани-мәдени орталығы ретінде дамыту бойынша өткен жиын өтті. Жиында облыс әкімі Түркістанның сәулеті шығыс стилінде салынатынын айтты.  

17 шілдеде Шымкент қаласы әкімдігінің алғашқы бес басқармасы құрылды. Жаңадан құрылған басқармаларды уақытша сынақ мерзімімен басқаратын басшылары да тағайындалды
 
 

25 шілдеде Шымкент қаласында орналасқан аумақтық органдардың бірі - Мемлекеттік кірістер департаменті облыс орталығы Түркістан қаласына алғашқылардың бірі болып көшті бастады. Яғни,  Түркістан қаласында бүгін ҚР Қаржы министрлігіне қарасты аумақтық органдарының өкілдігі ашылды.  
 


27 шілдеде Түркістан облысында өткен облыстық кезектен тыс ХХVІІІ сессиясында Түркістан қаласындағы 721745 га аумақ жер, яғни, 12 ауылдық округ Кентау қаласының аумағына өтетін болды.  

 

 

ТАМЫЗ - 2018
 

13 тамызда Шымкент қаласы әкімдігінде бірқатар тағайындау болды. Қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов әкімдік жиналысында жаңадан құрылған алты басқарманың басшыларын және тағы бірқатар лауазым иелерін таныстырды.  
Осы күні Шымкент қалалық білім беру басқармасының басшысы тағайындалды
 

 

15 тамызда Түркістан қаласына облыстық әкімдіктің бірқатар басқармалары көшіп келді.
 
Бұл көш 17 тамызда да жалғасты. Дәлірегі, осы күні Түркістан облысы әкімдігінің мемлекеттік қызметкерлері  Шымкент қаласынан облыс орталығы - Түркістан шаһарына көшті. Аймақ басшысы Жансейіт Түймебаев бастаған көштің құрамында облыс әкімінің орынбасарлары және аппарат басшысы, облыстық мәслихат хатшысы мен аппараты, облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы және аппараты, «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары және қызметкерлері, облыстың зиялы қауым өкілдері, облыс ардагерлері, құзырлы орган басшылары, әкім аппараты қызметкерлері, 28 аумақтық департаменттің басшылары мен қызметкерлері, 24 облыстық басқарма басшылары мен қызметкерлері, республикалық және жергілікті БАҚ өкілдері сынды, жалпы саны, 1 мыңға жуық адам бар.  
20-21 тамызда ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаевтың Шымкент қаласы әкімдігінің активі және жергілікті кәсіпкерлермен кездесуі өтті. Шымкентте ауқымды жобалар жүзеге асырылмақ және оны қала әкімдігі Орталықтың қолдауын күтпей, бастай беруіне болады. Осы кездесуде қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов 5 ірі жобаны таныстырды

24 тамызда Түркістан облысының Жетісай ауданы, Жетісай қаласындағы орталық саябақта "Қауын fest" облыстық фестивалі өтті. Фестивалге аталған аудандарынан бөлек, облыстың өзге қала, аудандарынан қауын-қарбыз егумен айналысатын шаруалар жиналды. Олар қауынның 27 түрінен 30 тонна көлемінде қауын әкелді. 

 

 

ҚЫРКҮЙЕК - 2018
 

10 қыркүйекте «7-20-25»: Шымкентте тұрғын үй құнының лимиті 25 млн. теңгеге дейін ұлғайтылды. Бұл туралы «Баспана» Ипотекалық ұйымының басшысы Қайрат Алтынбеков мәлімдеді. «Бұл Шымкент тұрғындары үшін жағымды жаңалық. Қалада тұрғын үй құрылысы белсенді түрде дамып келеді. Бүгінде Шымкентте 700 мың шаршы метр тұрғын үй салынуда. Лимиттің ұлғаюы қала тұрғындарына тұрғын үй жағдайын жақсартуға қосымша мүмкіндік береді», - деді «Баспана» Ипотекалық ұйымының басшысы Қайрат Алтынбеков. 
 

29 қыркүйекте Елбасы Н.Ә.Назарбаев Түркістан қаласына ресми сапары барысында әуелі Түркістан қаласының даму копцепциясымен танысып, салтанатты түрде жаңа әкімшілік іскерлік орталықтың капсуласын салды.  

Сосын «Әзірет Сұлтан» тарихи-мәдени қорық-музейінің аумағында орналасқан Қожа Ахмет Яссауи мавзолейін аралап көрді. Мемлекет басшысына Түркістанның тарихи-мәдени орталығын қайта жаңғыртуға байланысты «Әзірет Сұлтан» қорық-музейінің даму жоспары таныстырылды.  
 

 
Түркістанға жасаған жұмыс сапарында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев облыс активінде Түркістан қаласын дамыту бойынша кеңес өткізді. Жиында Елбасы Түркістан қаласының дамыту бағытындағы ойларын ортаға салды.

Түркістан облысының орталығы – Түркістан қаласына ресми сапарында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев шаһардағы «Этноауыл» алаңында ұйымдастырылған «Түркістанға оралу» салтанатты іс-шарасының құрметті қонағы болды. Сондай-ақ, мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөнінде кеңес өткізгені белгілі. Сол жиында Елбасы министрлер мен үкімет мүшелеріне, еліміздегі алпауыт компаниялардың басшыларына Түркістан қаласына бір-бір нысан салу жөнінде тапсырма берді
 

Президент Оңтүстік өңіріне сапары барысында Шымкент қаласының активімен де кездесті. ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Шымкентке сапарында республикалық маңызы бар қала мәртебесіне ие шаһардың ендігі даму бағыты қалай боларын, нені алға шығарып, қандай көрсеткіштерді жақсарту керегі жөнінде міндеттер жүктеді. 28-29 қыркүйек күндері Шымқалада болып, үшінші мегаполистің болашағын пайымдаған Елбасының Шымкент мұнай өңдеу зауытынан басталып, қала активімен кездесуіне жалғасқан сапарының қалай өткенін Baq.kz аймақтағы тілшісі шолып шықты
 

 


 

ҚАЗАН - 2018

5 қазанда Шымкенттіктер Елбасының Қазақстан халқына жолдауын тыңдауға жиналды. Мектеп мұғалімдері, дәрігерлер, ардагерлер, депутаттар мен қала әкімдігі аппаратының қызметкерлері Шымкент қаласының әкімшілік-іскерлік орталығындағы әкімдік ғимаратының үлкен мәжіліс залында Елбасының қазан жолдауын тікелей эфирде тыңдады. Сондай-ақ мемлекет басшысының Жолдауын Түркістан облысының тұрғындары тікелей эфирден тамашалады
 

9 қазанда Түркістан мен Алматы қаласының арасында жүрдек пойыз бағыты ашылатыны мәлім болды. Аталған пойыз Алматыдан жұма күні шығып, жексенбі күні кері қайтады. Саяхатшы жолаушылар қонақ үй іздемей, осы пойызда тынығып, Түркістанды екі күн аралайды. Әзірше бұл пойыз аптасына 4 рет жүргізілсе, келешекте күн сайын сапарға шығады деген жоспар бар. 

Шымкентте ресми түрде Қала күні - 19 маусым болып бекітілді. 25 қазанда Шымкент қаласы мәслихатының кезектен тыс 40-сессиясы барысында депутаттар осындай шешім қабылдады. 
 

23 қазанда Түркістанда алғашқы 5 жұлдызды қонақүйдің құрылысы басталды. Облыс әкімі Жансейіт Түймебаев «Қала күні» мерекесінің қарсаңында«RIXOS KHADISHA TURKESTAN» бес жұлдызды қонақ үйінің капсуласын салу рәсіміне қатысты
 

 

26 қазанда Шардара ауданы «Аққала» демалыс аймағының жағалауында алғаш рет «SAFARI SHARDARA» атты фестиваль өтті. Айтулы шарада өңірдің туристік әлеуетін арттыруға бағытталған көрме ұйымдастырылды. 
 

 
 Фестивалде Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев ұлттық спортты дамытуға қосқан үлесі үшін бүркітші Айшолпан Нұрғайыпқызын арнайы сыйлықпен марапаттады
 

31 қазанда Түркістан қаласының дамуы бойынша 2018-2021 жылдарға арналған даму концепциясы жасалып, Түркістан қаласын 3 аймақ бойынша дамыту жұмыстары әзірленіп жатқаны мәлім болды. Атап айтқанда, тарихи киелі аймақ - 89 гектар; құрылыс салуды реттеу аймағы - 98 гектар; әкімшілік-іскерлік орталығы - 700 гектар аумақта орналасқан. Бұл туралы Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев ҚР Орталық коммуникация қызметі ұйымдастырған көшпелі брифингте мәлімдеді. 
  

 

 

ҚАРАША - 2018
 

Қарашаның алғашқы күні Шымкент қаласына Ташкент бағытынан кіретін қақпа жаңартылды. Шаһардың кілт бейнесіндегі қақпасының сәулеттік кескіндеме өзгеріссіз қалды. Тек гранит тастармен безендіріліп, қақпа төріндегі облыс атауы Шымкент қаласына ауыстырылды. 
19 қарашада Шымкентте Қазақстан-Өзбекстан бизнес форумы өтті. Шымкентте алғаш рет өткен Қазақстан мен Өзбекстанның өңіраралық ынтымақтастығының алғашқы форумында бірқатар келісімдер жасалды. Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Асқар Мәмин және Өзбекстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Ачилбай Раматов әріптестікті дамыту бойынша меморандумға қол қойды. Пленарлық отырыста екі елдің облыс және қала әкімдері де бірлесе меморандум түзді. 

22 қарашада Шымкентте бұрынғы қорғасын зауыты аумағындағы биіктігі 210 метрлік мұржа-мұнара құлатылды. Алып мұржаны құлату процессі бір аптаға созылды. Арнайы техника күнұзаққа мұржаның етегін айналдыра тескіледі. 22 қараша күні кешкісін мұржа-мұнараның құлатылған видеосы таралды
 

 

30 қарашада Түркістан облысының орталығы - Түркістан қаласындағы әкімшілік-іскерлік орталығында "іскерлік орталықтың" алғашқы құрылыс жұмыстары басталды. "Ауданы 50 мың шаршы метрді қамтитын ғимарат 4 қабаттан тұрады. Мұнда заманауи тиімді кеңселер, су мен энергияны тиімді пайдалану жүйесі қарастырылған. Яғни, іскерлік орталық автоматтандырылған "ақылды ғимарат" қағидасымен жобаланған", - деді облыс басшысы. 


 

Нысанның құрылысын «BI group» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өз қаражаты есебінен жүргізуді ұсынып отыр. Алғашқы іргетасы 2019 жылдың қаңтар айынан бастап қаланатын орталықтың жоспар бойынша аяқталуы 2020 жылдың наурыз айына тура келеді деп күтілуде. 

 

 

ЖЕЛТОҚСАН - 2018
 

1 желтоқсан – ҚР Тұңғыш Президенті күні қарсаңында Шымкентте «Арбат» ашылды. Қала орталығындағы Бейбітшілік көшесінің бір бөлігіне орналасқан Арбаттың ұзындығы 430 метр, ал ені 35 метрді құрайды.  
 
 

 

 

10 желтоқсанда Түркістан қаласының Ташкент шаһарымен сауда-экономикалық, туристік қатынастарын нығайту мақсатында «Түркістан-Ташкент» халықаралық автобус бағыты ашылды. Айта кетерлігі, бағыттың жалпы қашықтығы - 335 шақырым. Жолға кететін уақыт - 6 сағат 40 минут. Екі бағытта күнделікті 2 автобус қатынайды.  Түркістан қаласынан шығу уақыты («Алтын Орда» автобекеті) сағат 07:00 және 17:00-де. Ал Ташкент қаласынан шығу уақыты («Ташкент» автовокзалы) - сағат 08:00, 18:00 (Астана уақытымен). Техникалық аялдама – 30 минут. Жол жүру тарифі - 2000 теңге немесе 50000 сум. 
 

11 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев телекөпір арқылы Түркістан қаласындағы Түйе сүтін өңдейтін «GOLDEN CAMEL GROUP LTD» зауытын салтанатты түрде іске қосты. Кәсіпорынның ашылу рәсіміне Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев пен зауыт директоры Янг Джи қатысты. 
 Құрғақ шұбат пен құрғақ қымыз шығаратын зауыттың қандай екенін және ондағы өндіріс процессінің қалай жүретіні туралы Baq.kz аймақтағы тілшісі  жазған болатын.  
 

 

24 желтоқсанда Түркістан облысының орталығы - Түркістан қаласында облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың қатысуымен жаңа әкімшілік-іскерлік орталықта орналасқан «Түркістан-жаңа қала» тұрғын үй алабының қазығын қағып, іргетасын қалау рәсімі өтті. 


 


 
28 желтоқсаны күні Шымкент және Дубай қалалары аралығында тікелей ұшақ қатынай бастады. Жолаушыларды «Fly Dubai» компаниясының ұшақтары тасымалдайды. Әуе кемесі екі қаланың арасында 1 аптада екі рет ұшады. Рейстің ұзақтығы – 3 сағат. 

Мінеки, 2018 жылдың басын бір облыс және оның орталығы болып біртұтас бастаған бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысы, яғни қазіргі Түркістан облысы мен бұрынғы облыс орталығы, қазіргі жеке қала Шымкент жыл ортасына таяғанда бір-бірінен ажырады. Осылайша, 2018 жылды әрқайсысы жеке-жеке тарихымен аяқтады. 
 
 

Жанат Смағұл

 

 


 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы