2008 жылғы жаһандық дағдарыс қайта орала ма? – сарапшылар пікірі

2008 жылғы жаһандық қаржы дағдарысы әлем экономикасына ауыр соққы болған еді. Қаржы жүйесінің күйреуі, банктердің банкротқа ұшырауы және нарықтағы дүрбелең көптеген елдерді рецессияға алып келді. Бүгінде сарапшылар арасында “сол сценарий қайталана ма?” деген сұрақ жиі қозғалады. Банктер капиталын күшейтіп, қатаң реттеу шаралары енгізілгенімен, жаңа қауіп-қатерлер пайда болып отыр, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.

Қазақстандық экономист Айбар Олжайдың айтуынша, әлемде дағдарыс болса, ол қарыз дағдарысы болмақ.

Көптеген мемлекет өзнің жалпы ішкі өніміне шаққанда асатын мөлшерде бюджеттеріне жоғары пайызбен көп қарыз алып қойған. Оған жыл сайын сол қарызды қайтаруға деген шығын көбейе түседі. Солар міндеттемелерін орындамай, белгілі бір дефолттық жағдайларды көруіміз мүмкін, – дейді ол.

Ол негізгі экономикалық қауіп – тоқтамай тұрған инфляция екенін атап өтті.

Одан шығу ірі мемлекеттердің инфляциялық немесе анти-инфляциялық көзқарастарына байланысты. Егер олар өздерінің ақша массасын көбейтсе, көптеген дамушы мемлекеттер инфляцияны жеңе алмай қалады. Осылайша, инфляциялық тәуекел барлығына алып келеді. Ол біріншіден, базалық мөлшерлеменің жоғары болуына, несиелердің қымбаттауына, жеке тұлғалардың несиелерді қайтара алмауына, одан кейін мемлекеттің өздері берген облигация кредиттерін қайтара алмауына алып келеді. Себебі бюджетте ақша жетіспей қалуы кризистік мәселелерді туғызады. Дәл сондай кезде қаржы нарығында паника басталады, – деді ол.

Әлемдік экономистер не дейді?

Біз АҚШ-та биыл рецессия болуының ықтималдығын шамамен 40 пайыз деп бағалап отырмыз. Сауда саясатындағы белгісіздік пен сыртқы тәуекелдер экономикалық өсімге қысым түсіруде, – дейді J.P. Morgan бас экономисі Брюс Касман.

Ал Нью-Йорк университетінің профессоры Нуриель Рубинидің сөзінше,  әлемдік дағдарысқа әкелетін бірқатар тәуекел бар.

2008 жылы мен ипотекалық дағдарыстың ғаламдық банк жүйесін күйретіп, терең рецессияға алып келетінін ескерткенмін. Қазіргі жағдайда да бірнеше тәуекел қатар тоғысуы мүмкін. Олар қарыздың шамадан тыс өсуі, инфляциялық қысым, энергия дағдарысы және геосаяси шиеленістер, – дейді ол.

Bridgewater Associates негізін қалаушы Рэй Далио әлемді қаржылық “жүрек талмасы” қаупі күтіп тұрғанын айтты.

Қарызға батып отырған мемлекеттер нақты қадамдар жасамаса, қарыз дағдарысы сөзсіз орын алады, – деді ол.

Сондай-ақ Англия Банкі басшысы Эндрю Бейли ірі ойыншыларға да дағдардарыс қаупі жоқ деуге болмайтынын атап өтті.

Ұлыбритания инфляция мәселесінен әлі шыққан жоқ. Қаржы жүйесі үшін ең үлкен қауіп – инфляцияның ұзақ сақталуы және еңбек нарығындағы әлсіреу, – деді ол.

Сонымен көптеген срапшының пікірі бір арнада тоғысады: 2008 жылғы дағдарыстың дәл қайталануы екіталай, бірақ әлем жаңа сын-қатерлер алдында тұр. Қарыз көлемінің шамадан тыс өсуі, жоғары базалық мөлшерлемелер, тоқтамай тұрған инфляция және геосаяси шиеленістер кез келген сәтте жаңа қаржы дүрбелеңін тудыруы мүмкін.

Экономистердің ескертулерінен байқалатыны – егер мемлекеттер қарызға тәуелділікті азайтпаса және инфляцияны тиімді бақыламаса, кез келген экономикалық шок жаһандық деңгейдегі дағдарысқа айналуы ықтимал.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы