Маңғыстау өңірінде 2000 адам еліміздің әнұранын шырқады

Ақтау, BAQ.KZ тілшісі. Олардың арасынан 500-ден астам адам облыс орталығындағы әкімдік алдына орнатылған ең үлкен ту бағанының астына жиналды.

Ақтаудағы мемлекеттік рәміздер алаңына таңсәріден жиылған мемлекет қызметшілер, сала ардагерлері, облыс және қала әкімдігінің мамандары, аумақтық ведомстволардың өкілдері ашық аспан астында мемлекеттік гимнді жатқа айтты.

Қазақстан Республикасының әнұранына құрмет көрсеткендердің қатарында өңір басшысы Ералы Лұқпанұлы Тоғжанов пен 1991-1993 жылдары қазақ елінің Жоғары кеңесі төрағасының орынбасары қызметін атқарған тұлға, мемлекеттік рәміздер туралы Заңның қабылдауына тікелей араласқан мемлекет және қоғам қайраткері Қайролла Ережепов те бар.

«Осы мемлекеттік рәміздердің алдын ала дайындалып, соның қабылданғанына куә болған адаммын. Заңды осы күні президент Назарбаев қол қойса, соның артында жеті адамның қолдары қойылған. Сол жетеудің бірі менің қолым болатын маңғыстаулықтардың берген мүмкіндігінің арқасында. Қай жерде жүрсеңде  мемлекеттік рәміздерге сен. Үлкен бір мемлекетке, танымал мемлекетке қатынасың бар екенін, соның мүшесі екеніңе әрқашанда қуанып жүрсең бойынды әрқашан керемет күш билейді. Бүгінгі мерекемен бүкіл Қазақстан халқын құттықтаймын» - деді ол көпшілік алдында сөйлеген сөзінде.

Мемлекеттік рәміздер алаңда көршілік болып әнұранды шырқауға қала тұрғындары мен меймандары да қосылды. Сондай-ақ, бүгін бірнеше жас мемлекеттік қызметкер салтанатты түрде ант қабылдады.

«Мен бүгін Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері күні осы жерде рәміздер алаңында жиналып, бүкіл мемлекеттік қызметкерлер қатарында өзім осы әнұранды айтқаныма өте қуаныштымын. Себебі бұл шараның арқасында көшеде кетіп бара жатқан тұрғындар да келіп көрді, осы арқылы олардың жүрегінде патриоттық сезімді ояттық деп ойлаймын», - дейді Жібек Сырлыбаева есімді жас мемлекеттік қызметші.

Тұғырлы тәуелсіздіктің, еліміздің азаттығының айқын бір нышаны болып саналатын Мемлекеттік рәміздер күнін ұлықтауға арналған патриоттық шаралар Маңғыстау облысындағы барлық аудан-қалалардың орталық алаңында өткізілді.


Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерінің 27 жылдығына арналған мәдени-көпшілік шаралар кешке дейін жалғасады деп күтілуде. Жергілікті уақытпен кешкі 19.30-да Каспий жағалауындағы амфитеатрда «Маңғыстау атауының тарих бетінде пайда болғанына мың жыл» мерекесін тойлау басталады. Оған аймақтың өнер жұлдыздары ән-жырдан шашу шашпақ.

Айта кетелік, Қазақ елінің мемлекеттік туы мен әнұраны әлемнің ең биік шыңдары - Памир тауының Ленин белесінде және Эверест тауының ұшар басында, шамамен 8 мың 800 метр биіктікте шырқалған.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы