Елімізде 200 теңгелік монеталар айналымға шығатын болады
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Ұлттық банкі 2020 жылы номиналы 200 теңгелік монетаны айналысқа шығарады, деп хабарлады банктің баспасөз қызметі.
Ұлттық банктің маңызды міндеттерінің бірі қолма-қол ақша айналысында жүрген қолма-қол ақшаның сапасын қамтамасыз ету болып табылады. Бұл банкнотты эстетикалық тұрғыдан қабылдау, оның санитариялық қауіпсіздігі және қорғалу мәселесі.
"Төмен номиналдағы банкноттар 1-1,5 жыл ішінде тозып кетеді. Салыстырып қарасақ, жоғары номиналдағы банкноттар және монеталардың қолданылу мерзімі көбірек. Монеталардың қолданылу мерзімі – 10-15 жыл", - деді Қолма-қол ақша айналысы департаментінің басшысы Жомарт Қажмұратов.
Қолма-қол ақша айналысын тиімді ұйымдастыру және төмен номиналдардың қолданылу мерзімін ұлғайту мақсатында, Ұлттық банк номиналы 200 теңгелік айналымға монетаны шығару туралы шешім қабылдады.
"Номиналы 200 теңгелік банкноттар заңды төлем құралы болып қалады және төлемдердің барлық түрлері бойынша қабылдануға міндетті. Олар тозуына қарай айналымнан алынатын болады", - деп түсіндірді Ұлттық банк өкілі.
Номиналы 200 теңгелік айналыстағы монеталарды айналысқа шығарудың жоспарланып отырған көлемі айналыстағы монеталардың жалпы сомасының 26% құрайды.