Бүгiн 2026, 07:02 Фото: Иллюстрациялық фото: envato.com

200 мыңдық массажерді 1,3 млн-ға сатқан: Ақтауда алаяқтық әшкере болды

Әйел адам сатушылардың күшті психологиялық қысымы салдарынан асығыс шешім қабылдап, массажерді 1 300 000 теңгеге сатып алған.

Ел аралап сауда-саттықпен айналысып жүрген көшпелі сатушылар тауарларын нарықтағы бағадан бірнеше есе қымбатқа ұсынады. Олардың басты әдісі – агрессивті маркетинг, яғни сатып алушыға ойлануға мүмкіндік бермей, тез шешім қабылдату. Осындай кезекті жағдай Ақтауда тіркелді, деп хабарлайды BAQ.KZ Lada.kz-ке сілтеме жасап.

Облыстық Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті департаментінің мәліметінше, Ақтау тұрғынына массажер 1,3 миллион теңгеге сатылған. Ал дәл осындай құрылғы маркетплейстерде шамамен 200 мың теңге тұрады.

Жәбірленуші әйел сатушылардың күшті психологиялық қысымы салдарынан асығыс шешім қабылдап, массажерді 1 300 000 теңгеге сатып алған. Оған бұл ерекше емдік қасиеті бар, баламасы жоқ құрылғы екені айтылған.

Сатып алғаннан кейін есін жиған әйел ақпаратты тексеріп, қатты таң қалған: дәл сондай массажерлер интернет-дүкендерде шамамен 200 мың теңгеден сатылып жатыр.

Мұндай жағдайлар жиі кездеседі. Көбіне мұнымен көшпелі сатушылар айналысады. Олар тұтынушыны ақпаратпен «жауып», тексеріп үлгермейтіндей жағдай жасайды, “қазір ал, соңғы мүмкіндік” деген сияқты тәсілдерді қолданады. Әдетте, егде жастағы адамдарды нысанаға алады. Бұл жағдайда да солай болды. Әйел бізге қатты күйзеліс жағдайында келді. Департамент мамандары сатушыларды тауып, ақшаны қайтаруға мәжбүрледі, – деп хабарлады ведомствода.

Мамандар істі жедел қолға алып, қажетті жұмыстарды жүргізіп, тұтынушының құқығын қорғады – нәтижесінде ақша толық қайтарылды.

Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті ескертеді:

қысыммен шешім қабылдамаңыз;

сатып алмас бұрын ақпаратты тексеріңіз;

дәлелсіз «ерекше ұсыныстарға» сенбеңіз;

өз құқығыңызды қорғауға болатынын ұмытпаңыз.