200-ден астам оқушы халықаралық олимпиадаларда медаль жеңіп алды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Биылдың басынан бері 204 қазақстандық оқушы негізгі пәндер бойынша халықаралық олимпиадаларда медаль жеңіп алды. Жас дарындар ел қоржынына 26 алтын, 56 күміс, 122 қола медаль әкелді. 

Олар математикадан қашықтан өткен халықаралық Азия-Тынық мұхиты олимпиадасы, математикадан халықаралық «Жібек жолы» олимпиадасы, математикадан Балқан олимпиадасы, химиядан оқушылар арасындағы халықаралық Менделеев олимпиадасы, физикадан Азия олимпиадасы (APhO), мамандандырылған мектептердің оқушыларына арналған математика, физика және информатикадан Халықаралық Жәутіков олимпиадасы сияқты беделді құрлықтық олимпиадаларда Қазақстанның намысын қорғады.

Халықаралық пәндік олимпиадаларға барлығы 500-ден астам қазақстандық оқушы қатысты. Олар 200-ден астам медаль жеңіп алды. Бұл әрбір екінші оқушымыздың медаль жеңіп алғанын білдіреді. Біздің балаларымыз жүзден астам елдің жасөспірімдерімен сынға түсіп, үздік нәтиже көрсетті. Олар ұлттық құрамаға еніп, IMO, IPhO, IBO, IOL, IchO және т.б. басқа да халықаралық олимпиадаларға қатысуға мүмкіндік алады. Қазір балаларымыз ең беделді пәндік олимпиадаларға қатысып жатыр. Оқушыларымыз осы олимпиадаларда жүлделі орындарға ие болса, ақшалай сыйлықтар мен қазақстандық университеттерде оқу үшін гранттарға ие болады, - деді Мектепке дейінгі және орта білім комитетінің төрайымы Гүлмира Кәрімова.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша дарынды балаларды қолдау мақсатында биыл халықаралық зияткерлік олимпиадалардың жеңімпаздары қазақстандық ЖОО-да білім алу үшін ақшалай сыйлықтар мен гранттарға ие болады. Алтын медаль алған оқушыға 1 500 АЕК, күміс медальға 1 000 АЕК, қола медальға 500 АЕК көлемінде ақшалай сыйлық беріледі. Сонымен қатар оқушыларды байқауға дайындаған ұстаздарға да біржолғы сыйақы төленеді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы