Маңғыстауда 200-ден астам түлек "Алтын белгімен" бітіреді
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бұл туралы коммуникация орталығында өткен брифингте облыстық білім басқармасының басшысы Асқар Сейдалиев мәлімдеді.
Биыл 6365 оқушы мектеп бітіреді. Оның ішінде 5931-і күндізгі мектептің, 434-і кешкі мектептің түлектері. Пандемия жағдайына байланысты биыл 9 және 11-сынып бітіруші түлектеріне арналған қорытынды аттестаттау өткізілмейді. Мектеп бітіргендігі туралы аттестаттарға 4 тоқсанның жылдық бағалары қойылады – дейді басқарма басшысы.
11-сыныпта 206 оқушы "Алтын белгіге", 326 оқушы "Үздік аттестатқа" үміткер. Қазақстан Республикасының орта білім беру ұйымдарындағы "Біргеміз: ТҮЛЕК-2020" тақырыбындағы мектеп бітіру іс-шарасының тұжырымдамасына сәйкес:
22 мамыр сағат 11.00-де - "Балапан", "Еларна" телеарналарында 11-сынып түлектеріне кәсіптік бағдар беру туралы бірыңғай телесабақ;
25 мамыр сағат 11. 00-де - телеарналарда Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің құттықтауы көрсетіледі;
"Сәт сапар, жас түлек!", "Ұстаздарға мың алғыс", "Мектеп-білім ордасы", "Көңілді жазғы демалыс" (үздік мұғалімдер туралы, оқушылардың жетістіктері туралы, өңірдегі ең үздік білім беру жобалары туралы және т.б.) сынды білім мәселелеріне арналған сюжеттік желі ұйымдастырылады;
25 мамыр күні 1-10 сыныптарға соңғы қоңырауғаарналған онлайн-сынып сағаты өткізіледі. Оған қамқоршылық кеңестердің мүшелерін, аймақтың танымал тұлғаларын, еліміздің және әлемнің үздік университеттерінде білім алып жатқан жетістікке жеткен мектеп түлектерін, бизнес өкілдерін және мемлекеттік қызметшілерді қонақ ретінде шақырылады – дейді ол.
Мектеп бітіру шаралары әр сыныпта бөлек, мектеп алаңында, ашық ауада өткізіледі;
Түлектер іс-шараға мектеп формасымен қатысады;
Мектеп әкімшілігі мектеп бітіру кештерін өткізу күндері тәртіп бұзушылыққа жол бермеу шараларын қабылдайтын болады.