20 жылдан бері бөтен адамдар тұрған: Ақтөбеде 4 пәтер мемлекет меншігіне қайтарылды
Ақтөбеде әскери прокурорлар 20 жылдан астам уақыт бойы бөтен адамдар заңсыз пайдаланған төрт пәтерді мемлекет меншігіне қайтарды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ақтөбе гарнизонының әскери прокуратурасы жүргізген талдау нәтижесінде қорғаныс ведомствосының балансында есепке алынбаған төрт пәтер анықталды.
Аталған тұрғын үй-жайлардың 20 жылдан астам уақыт бойы тиісті түрде рәсімделген құқық белгілейтін құжаттары болмаған, соның салдарынан оларды заңды негіздерсіз бөгде тұлғалар пайдаланған. Қадағалау актісі негізінде Ақтөбе қаласы әкімдігінің талап арызы бойынша сот пәтерлерді мемлекет меншігіне қайтару туралы шешім қабылдады. Одан әрі аталған пәтерлер Қорғаныс министрлігінің балансына берілді. Қайтарылған тұрғын үйлердің бағалау құны 53 млн теңгеден асады. Әскери прокуратура органдары мемлекет мүддесіндегі меншік құқықтарын қорғау бойынша жұмыстарын жалғастыруда, - деп хабарлады Бас әскери прокуратураның баспасөз қызметі.