11 Қараша 2026, 09:14 Фото: Су ресурстары және ирригация министрлігі

20 мың тұрғынды су басу қаупі азаяды: Қызылқұм каналында құрылыс қайта басталды

Үш ауысыммен жүріп жатқан құрылысқа 250 маман мен 50-ден астам техника жұмылдырылды. Көптен күткен жобаның нәтижесі қандай болмақ?

Су ресурстары және ирригация министрлігі Түркістан облысындағы Қызылқұм магистральдық каналын реконструкциялау жұмыстарын қайта бастады. Жобаны іске асыру шамамен 20 мың адам тұратын Алатау батыр ауылын су басу қаупін азайтуға, сондай-ақ Шардара және Арыс аудандарындағы 63 мың гектарға жуық ауыл шаруашылығы алқабын суармалы сумен қамтамасыз етуді жақсартуға мүмкіндік береді.

Реконструкция жұмыстарының қайта қолға алынуы министрліктің бұрын басталған су шаруашылығы жобаларын аяқтау бағытындағы жүйелі жұмысының нәтижесі болды. Бекітілген алгоритм аясында өткен жылдары құрылысы басталған, алайда ұзақ уақыт бойы аяқталмай қалған 10 нысандағы жұмыстарды кезең-кезеңімен аяқтау көзделген. Қызылқұм магистральдық каналы құрылыс-монтаж жұмыстары белсенді түрде қайта жанданған алғашқы нысандардың бірі болды.

Каналдың ұзындығы 3,8 шақырым болатын учаскесін реконструкциялауға мердігер ұйым 2026 жылдың қазан айында, вегетация кезеңі аяқталып, суармалы су беру тоқтатылғаннан кейін кірісті. Жобаны іске асыру мерзімінің тығыздығы мен оның әлеуметтік-экономикалық маңыздылығын ескере отырып, министрлік мердігер ұйыммен бірлесіп, қажетті еңбек, техникалық және материалдық ресурстарды жұмылдыру шараларын қабылдады.

Қазіргі уақытта құрылыс-монтаж жұмыстары тәулік бойы үш ауысыммен жүргізіліп жатыр. Нысанда шамамен 250 маман мен 50-ден астам арнайы техника жұмылдырылған. Құрылыс барысының үздіксіз жүруін қамтамасыз ету үшін қажетті материалдар мен жабдықтардың толық көлемде жеткізілуі ұйымдастырылды. Құрылыс алаңының өзінде бетон қоспасын үздіксіз дайындап, жеткізуге және бетондау жұмыстарын жоғары қарқынмен жүргізуге мүмкіндік беретін бетон араластырғыш қондырғы орнатылған. Жобаға сәйкес, канал арнасының ішкі беті бетонмен қапталады. Бұл суды тасымалдау кезінде болатын шығынды едәуір азайтып, су ресурстарын пайдалану тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Қызылқұм каналын реконструкциялауды аяқтау – министрліктің басым міндеттерінің бірі. Құрылыс жұмыстарының белгіленген кестеге сәйкес жүргізілуіне, орындалатын жұмыстардың сапасына және нысанның уақытылы пайдалануға берілуіне ерекше назар аударылып отыр. Жобаның іске асырылу барысы тұрақты бақылауда, - деді Су ресурстары және ирригация министрлігі Су шаруашылығы комитетінің төрағасы Нұрбек Серіков.