20 млрд теңгенің шығынының жолы кесілді: Президентке бизнес-омбудсмен есеп берді

Мемлекет басшысы Кәсіпкерлердің құқығын қорғау жөніндегі уәкіл Қанат Нұровты қабылдады, деп хабарлайды BAQ.KZ Ақордаға сілтеме жасап.

Президентке бизнес-омбудсменнің 2024 жылы атқарған жұмысының нәтижелері туралы есеп берілді.

Қанат Нұров кәсіпкерлердің құқығы бұзылуына қатысты келіп түскен 3275 шағымның 1759-ы (53,7%) бойынша оң шешім қабылданғанын жеткізді. Соның нәтижесінде 20 миллиард теңгеден астам шығынның алдын алуға мүмкіндік туды. Жалпы, арыз-шағым саны 12 пайызға азайған. Бұл әкімшілік әділет институтының тиімділігін көрсетеді, - делінген Ақорда хабарламасында.

Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында бизнестің дамуын тежейтін басы артық әкімшілік кедергілерді анықтауға және жоюға баса мән берілді.

Сонымен қатар бизнес-омбудсмен кәсіпкерлік қызметті реттейтін нормативтік-құқықтық актілерге өзгерістер енгізуге қатысты бірқатар ұсынысын жеткізді. Кейбір жекелеген жағдаяттар бойынша тиісті реттеуші және құқық қорғау органдарына талап-арыз жолданған.

Кездесу соңында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев кәсіпкерлердің құқығын қорғау шараларын одан әрі күшейту маңызды екеніне назар аударды. Мемлекет басшысы Кәсіпкерлікті қорғау стратегиясын жүзеге асыру аясында қордаланған проблемаларды шешуге бағытталған бірқатар тапсырма берді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Ақорданың баспасөз қызметі
Өзгелердің жаңалығы