ШҚО-ның екі тұрғыны 2 тоннаға жуық рельсті ұрлаған
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Шемонаиха темір жол станциясының аумағынан темір жол бөлшектерін ұрлаған 23 және 34 жастағы екі ер азамат ұсталды. Бұл туралы көліктегі ПД-ның баспасөз қызметі мәлімдеді.
Өскемен-1 станциясындағы Желілік полиция бөлімінің қызметкерлері жедел-іздестіру шаралары барысында Шемонаиха темір жол станциясының территориясынан темір жол бөлшектерін ұрлап келген 23 және 34 жастағы екі ер азаматты құрықтады.
«Тергеу барысында құқық бұзушылардың темір жол станциясы маңында орналасқан бір ЖШС-не кіреберіс жолдағы жалпы салмағы 2 тоннаға жуық рельстерді арнайы аппаратпен кескілеп, бөліп ұрлағандығы анықталды. Олар аталған қылмысты жасағандарын мойындады», - делінген таратылған хабарламада.
Ұсталғандар ШҚО Шемонаиха аудандық сотының шешімімен кінәлі деп танылды.
Осыған ұқсас жағдай ШҚО Тұрғұсын-Зырян станцияларының өткелінде де орын алды. Екі ер азамат темір жол жиегіндегі учаскеден ұзындығы 15 метр болатын темір жол рельстерін ұрлап, металл сынықтарын қабылдау пунктіне өткізу үшін жымқырып, Алтай қаласына алып кеткен.
Олар ізінше көлік полицейлерімен ұсталды.
Ұсталғандар Зырян аудандық сотының шешімімен ұрлық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оларға 1 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан шектеу жазасы тағайындалды.