2 млрд ағаш отырғызу жобасына 200-ден астам орман питомнигі қатысады
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 2 млрд ағаш отырғызу жобасына 200-ден астам орман питомниктері мен басқа да ұйымдар қатысады.
Қазіргі уақытта Экология министрлігі еліміздің ауқымды көгалдандыру жобасын іске асырып жатыр. Оның аясында 5 жыл ішінде 2 млрд.ағаш отырғызу жоспарланған. Жоба басталғалы бері 81,5 млн ағаш отырғызылды. Күзде тағы 48,2 млн ағаш отырғызылады. Отырғызу көлемі 2021 жылғы 129,7 млн ағаштан 2025 жылы 642,8 млн ағашқа дейін ұлғаятын болады.
Жобаны жүзеге асыру үшін барлық облыс және министрліктің ведомстволық бағынысты мекемесінде орман өсірудің 5 жылдық кешенді жоспары бекітілді. Оны әзірлеу кезінде қолданыстағы питомниктердің және отырғызу материалын өсіруді жүзеге асыратын ұйымдардың мүмкіндіктеріне талдау жасалды.
Осы деректерге сәйкес ағаштар мен бұталарды отырғызу жұмыс көлемі бойынша жоспарлы көрсеткіштер әзірленді.
Облыстарда отырғызу материалдары жеткіліксіз қамтамасыз етілсе, жоспарлармен жұмыс істеп тұрған питомниктерді кеңейту және уақытша питомниктер құру көзделген. Сондай-ақ орман дақылдарының тұқымын жинау көрсеткіштері ескерілді.
Бүгінгі таңда Қазақстанда орман дақылдарының отырғызу материалдарын көбейту мен өсіруді жүзеге асыратын 44 тұрақты және 158 уақытша питомник пен ұйым жұмыс істейді. Қазіргі уақытта қарағай, шырша, балқарағай, қайың, шегіршін, сексеуіл, үйеңкі, шаған, емен және басқа да ағаш түрлерінің 1-3 жастағы көшеттері бар. Жалпы - 165,5 млн дана, - делінген хабарламада.
Айта кетейік, басқа елдерден отырғызу материалдарын сатып алу қарастырылмаған.
Жоба бойынша: сексеуіл – шамамен 610 мың дана; қарағай – 555 мыңнан астам дана; үйеңкі – 193 мыңнан астам дана; шегіршін – 132 мыңнан астам дана; қайың – 100 мыңнан астам дана және басқа да тұқымдар отырғызу жоспарланған.