2 млн теңгеден 5 млн теңгеге дейін: Қай өңір ардагерлерге қандай төлем береді
2025 жылы Екінші дүниежүзілік соғысындағы Жеңіске 80 жыл толады. Еңбек министрлігінің мәліметінше, Қазақстанда 120 соғыс ардагері, сондай-ақ жеңіске үлес қосқан 42 545 азамат тұрады. BAQ.KZ тілшісі ардагерлерімізге мемлекет қандай қолдау көрсететінін білді.
Редакциямыз еліміздің барлық өңіріне ресми сауал жолдап, Жеңістің 80 жылдығына орай Екінші дүниежүзілік соғысы ардагерлеріне қандай төлемақы бөлінетініне жауап алды.
Астана
Астана қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының мәліметінше, биыл Екінші дүниежүзілік соғысы ардагерлерінің әрқайсысына 5 миллион теңгеден беріледі.
Қазір елордада Екінші дүниежүзілік соғысының 6 ардагері тұрады.
Басқа жеңілдіктер кімге беріледі:
Екінші дүниежүзілік соғысының ардагерлеріне теңестірілген ардагерлерге – 45 АЕК (176 940 теңге).
Басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлеріне – 45 АЕК (176 940 теңге).
Қазақстан Республикасының "Ардагерлер туралы" Заңында көзделген өзге де тұлғаларға– 15 АЕК (58 980 теңге) мөлшерінде бір реттік қаржылық көмек көрсетіледі.
Алматы
Алматы қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының статистикасына сәйкес, қалада Екінші дүниежүзілік соғысының 38 ардагері бар.
2024 жылы Екінші дүниежүзілік соғысындағы Жеңістің 79 жылдығына орай Екінші дүниежүзілік соғысының ардагерлеріне 2 млн теңгеден төленген.Екінші дүниежүзілік соғысының Жеңістің 80 жылдығына орай ардагерлерге берілетін осы төлемнің мөлшерін ұлғайту қаралып отыр.
Ал жеңілдіктер бойынша Екінші дүниежүзілік соғысының ардагерлеріне теңестірілген ардагерлерге - 100 мың теңге мөлшерінде көмек көрсетіледі.
Шымкент
Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының дерегінше, қазіргі таңға Шымкент қаласында ҰОС-ның 2 ардагері тұрады.
Басқарманың бізге жолдаған жауабына сәйкес, Екінші дүниежүзілік соғысының ардагерлеріне жыл сайын бір реттік 542 АЕК (2 131 144 теңге) мөлшерінде, ҰОС ардагерлеріне теңестірілген азаматтарға 45 АЕК (176 940 теңге) мөлшерінде және тыл ардагерлеріне 15 АЕК (58 980 теңге) мөлшерінде бір реттік әлеуметтік көмек төленеді.
Алматы облысы
Алматы облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы 2025 жылғы Жеңіс күніне орай төмендегі әлеуметтік көмек көрсетілетінін хабарлайды:
1. Ардагерлер саны
Алматы облысында 4 Екінші дүниежүзілік соғысының ардагері және 1 мүгедегі тұрады.
2. Жеңіс күніне арналған біржолғы әлеуметтік көмек
• Екінші дүниежүзілік соғысының ардагерлері мен мүгедектеріне: 8 847 000 теңге (біржолғы әлеуметтік көмек), сондай-ақ коммуналдық қызметтер үшін ай сайын 849 300 теңге қарастырылған.
• Тыл еңбеккерлері мен әскери қызметте наградталған тұлғаларға (соның ішінде 1941 жылғы 22 маусым мен 1945 жылғы 9 мамыр аралығында кемінде алты ай жұмыс істегендер) – 149 986 000 теңге сомасына біржолғы әлеуметтік көмек көрсетіледі. Бұл көмек 2 543 адамға бөлінеді.
• Ленинград қоршауында жұмыс істегендер (медаль немесе белгімен марапатталған) – 2 адамға 157 000 теңге сомасында біржолғы көмек көрсетіледі.
• Концлагерьлердің, геттолардың және мәжбүрлі ұстау орындарының кәмелетке толмаған тұтқындарына – 2 адамға 236 000 теңге мөлшерінде біржолғы әлеуметтік көмек көрсетіледі.
3. Жалпы қаражат
Жеңіс күніне біржолғы әлеуметтік көмек көрсету үшін 160 075 300 теңге қарастырылған.
Солтүстік Қазақстан облысы
Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы Петропавлда 3 ҰОС ардагері тұратынын хабарлады.
Біржолғы әлеуметтік көмек мынадай мөлшерде төленеді:
- Екінші дүниежүзілік соғысының ардагерлеріне – 1 500 000 теңге (төлем мөлшерін қайта қарау жоспарланып отыр);
- жеңілдіктер мен кепілдіктер бойынша Екінші дүниежүзілік соғысының ардагерлеріне теңестірілген адамдарға, бұрынғы кәмелетке толмаған концлагерь тұтқындарына – 100 000 теңге;
- Қоршаудағы Ленинград тұрғындарына – 60 000 теңге;
- Екінші дүниежүзілік соғысы кезінде алған жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауыруы салдарынан мүгедектік алған қайтыс болған адамның жұбайларына, наградталған тыл еңбеккерлеріне – 30 000 теңге;
- наградталмаған тыл еңбеккерлеріне – 5 АЕК (19660 теңге).
Бұл ретте, 2025 жылы Жеңістің 80 жылдығын мерекелеу аясында төлемдер мөлшерін Екінші дүниежүзілік соғысының ардагерлеріне 5 000 000 теңгеге дейін, тыл еңбеккерлері мен қайтыс болған ҰОС ардагерлерінің әйелдеріне 50 000 теңгеге дейін ұлғайту жоспарланып отыр.
Ақмола облысы
Ақмола облысының жұмыспен қамтуды және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының мәліметінше, биыл Екінші дүниежүзілік соғысының Жеңістің 80 жылдығына орай ардагерлерге біржолғы әлеуметтік көмек көрсетіледі.
Қазіргі таңда өңірде 5 Екінші дүниежүзілік соғысының ардагері тұрады. Ережеге сәйкес, олар үшін төлем мөлшері 1,5 млн теңгені құраса, облыс әкімінің тапсырмасы бойынша бұл сома 5 млн теңгеге дейін ұлғайтылды.
Сондай-ақ, жеңілдіктер бойынша Екінші дүниежүзілік соғысының ардагерлеріне теңестірілген азаматтарға 25-тен 30 АЕК-ке дейін (98 300-117 960 теңге) біржолғы әлеуметтік көмек беріледі.
Абай облысы
Абай облысының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының дерегінше, өңірде Ұлы Отан соғысының 3 ардагері тұрады.
Екінші дүниежүзілік соғысындағы Жеңістің 80 жылдығын мерекелеу аясында ҰОС ардагерлеріне 5 млн теңге көлемінде біржолғы материалдық көмек төлеу жоспарланып отыр.
Сонымен қатар, Екінші дүниежүзілік соғысының соғысы жылдарындағы тыл еңбеккерлерінежергілікті бюджет қаражаты есебінен берілетін біржолғы әлеуметтік көмек мөлшерін ұлғайта отырып, жекеленген санаттар бөлінісінде 30 АЕК (117 960 теңге) және 50 АЕК (196 600 теңге) көлемінде төлемдер беру қарастырылып отыр.
Ақтөбе облысы
Ақтөбе облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы өңірде Ұлы Отан соғысының 1 ардагері барын хабарлады.
Екінші дүниежүзілік соғысының соғысының ардагерлері мен қатысушыларына - 1272 АЕК, яғни 5 млн теңге төленеді. Өңірдегі 1 ардагер Хромтау ауданында тұрады.
Екінші дүниежүзілік соғысының ардагерлері мен мүгедектеріне теңестірілген - 60 АЕК мөлшерінде. Сондай-ақ басқа да азаматтарға бірреттік төлем беріледі.
Батыс Қазақстан облысы
Батыс Қазақстан облысы әкімі аппаратының мәліметінше, облыста 9 Екінші дүниежүзілік соғысының ардагері бар.
Биыл Жеңістің 80 жылдығына орай оларға 5 млн теңге мөлшерінде біржолғы төлем қарастырылған. Бұған дейін бұл сома 1,5 млн теңге болған. Сондай-ақ, ардагерлерге ай сайын 19 660 теңге мөлшерінде әлеуметтік көмек беріледі.
Екінші дүниежүзілік соғысының ардагерлеріне теңестірілгендерге көмек:
• Ленинград қоршауында болғандар, ерікті жалдамалылар, фашистік лагерь тұтқындары (жалпы 6 адам) – 120 мың теңге және ай сайын 19 660 теңге.
• Қайтыс болған ардагерлердің жұбайлары (124 адам) – 50 мың теңге.
• Тыл еңбеккерлері (2 076 адам) – 50 мың теңге.
Жамбыл облысы
Жамбыл облысы әкімдігі берген мағлұмат бойынша, облыста 6 Екінші дүниежүзілік соғысының соғысы ардагері бар. Жеңістің 80 жылдығына орай оларға 5 млн теңге көлемінде біржолғы төлем беріледі.
Сондай-ақ Екінші дүниежүзілік соғысының ардагерлеріне теңестірілген азаматтарға біржолғы төлем қарастырылған:
• Майдандағы әскери қызметшілер, ерікті жалдамалылар, полк балалары, партизан қозғалысына қатысушылар – 150 мың теңгеден кем емес.
• Ленинград қоршауында жұмыс істеген азаматтар – 60 мың теңгеден кем емес.
• Фашистік лагерьлердің кәмелетке толмаған тұтқындары – 100 мың теңгеден кем емес.
• Тыл еңбеккерлері (марапатталған және марапатталмаған) – 50 мың теңгеден кем емес.
• Қайтыс болған ардагерлердің жұбайлары мен отбасы мүшелері – 50 мың теңгеден кем емес.
Жетісу облысы
Жетісу облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының дерегінше, қазіргі таңда 3 Екінші дүниежүзілік соғысы ардагері тұрады. Жеңістің 80 жылдығына орай оларға 5 млн теңгеден біржолғы төлем беріледі.
Сондай-ақ, келесі санаттағы азаматтарға төлем қарастырылған:
• Екінші дүниежүзілік соғысының мүгедектерінің жесірлері (қайта тұрмыс құрмаған) – 100 мың теңгеден (52 адам).
• Фашистік концлагерь тұтқыны – 100 мың теңге (1 адам).
• Тыл еңбеккерлері – 100 мың теңгеден (1 738 адам).
Қызылорда облысы
Қызылорда облысында Жеңістің 80 жылдығына орай Екінші дүниежүзілік соғысы ардагерлеріне біржолғы төлем қарастырылған. 2 ардагердің әрқайсысына 680 АЕК (2,67 млн теңге) төленеді. Сонымен қатар, төлем мөлшерін 5 млн теңгеге дейін ұлғайту ұсынысы енгізіліп, өзгерістер енгізу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
ҰОС ардагерлеріне теңестірілген азаматтарға 40 АЕК (157 280 теңге) көлемінде әлеуметтік көмек төленеді.
Маңғыстау облысы
Маңғыстау облысында Жеңістің 80 жылдығына орай Екінші дүниежүзілік соғысының 2 ардагеріне 5 млн теңгеден біржолғы төлем қарастырылған.
Сонымен қатар, Жеңіс күніне (9 мамыр) орай:
• 100 Екінші дүниежүзілік соғысының ардагерлеріне теңестірілген азаматқа – 60 АЕК (235 920 теңге) төленеді.
• 104 ардагерге – 50 АЕК (196 600 теңге) көлемінде біржолғы материалдық көмек көрсетіледі.
Павлодар облысы
2025 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша Павлодар облысында 7 Екінші дүниежүзілік соғысының ардагері тұрады.
Жеңістің 80 жылдығына орай біржолғы төлем мөлшері ақпан-наурыз айларында жергілікті бюджет нақтыланғаннан кейін бекітіледі. Бұл төлемдер ҰОС қатысушылары мен оларға теңестірілген азаматтарға арналған.
Түркістан облысы
Түркістан облысында қазіргі уақытта 9 Екінші дүниежүзілік соғысы ардагері тұрады.
Жеңістің 80 жылдығына орай әр ардагерге 5 000 000 теңге көлемінде біржолғы материалдық төлемақы беріледі.
Екінші дүниежүзілік соғысының ардагерлеріне теңестірілген азаматтарға 50-120 мың теңге аралығында біржолғы қаржылай көмек қарастырылған. Сонымен қатар, “Ардагерлер туралы” заңға сәйкес әлеуметтік қолдау шаралары көрсетіледі.
Ұлытау облысы
Ұлытау облысында төмендегі санаттағы азаматтарға біржолғы әлеуметтік төлемдер қарастырылған:
• 523 тыл еңбеккеріне – 100 000 теңге;
• Екінші дүниежүзілік соғысында қайтыс болған қатысушысының (мүгедегінің) жұбайына (зайыбына) – 50 000 теңге;
• Концлагерьлер, геттолар және басқа да мәжбүрлі ұстау орындарының 3 тұтқынына – 100 000 теңге;
• Басқа мемлекеттердегі ұрыс қимылдарына қатысқан ардагерлер мен ҰОС ардагерлеріне теңестірілген азаматтарға – 300 000 теңге.
Шығыс Қазақстан облысы
Шығыс Қазақстан облысында 4 556 Екінші дүниежүзілік соғысы ардагері, оларға теңестірілгендер және тыл еңбеккерлері тұрады.
Төлемақы:
• Екінші дүниежүзілік соғысының ардагерлеріне төлемақы мөлшері ҚР Президент Әкімшілігімен бекітілу үстінде.
Қарағанды облысы
Қарағанды облысында 2025 жылдың 1 қаңтарындағы мәлімет бойынша 3240 ардагер тұрады, оның 9-ы Екінші дүниежүзілік соғысына қатысушы (7 қатысушы, 2 мүгедек).
Ардагерлерге төлемдер:
• Екінші дүниежүзілік соғысының 9 қатысушысы мен мүгедектеріне әрқайсысына 5 миллион теңгеден біржолғы төлем беріледі.
Қосымша төлемдер:
• Екінші дүниежүзілік соғысының ардагерлеріне теңестірілгендерге:
• Концлагерь тұтқындары мен Ленинград блокадасы тұрғындарына – 200 мың теңге;
• Тыл еңбеккерлеріне – 100 мың теңге;
• Қаза тапқан сарбаздардың жесірлері мен әйелдеріне – 50 мың теңге.
Атырау облысы
Атырау облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы өз құзыреті шегінде келесіні хабарлайды:
•Екінші дүниежүзілік соғысының ардагерлері Атырау облысында тіркелмеген.
• Жеңіс күніне орай облыс бойынша тыл ардагерлеріне келесі төлемдер қарастырылған:
• Марапатталған тыл ардагерлеріне – 100 000 теңге (2024 жылы 21 ардагерге, жалпы сомасы – 2 100 000 теңге).
• Марапатталмаған тыл ардагерлеріне – 50 000 теңге (2024 жылы 872 ардагерге, жалпы сомасы – 43 600 000 теңге).
• Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде концлагерьлерде, геттолар мен мәжбүрлі ұстау орындарында болған кәмелетке толмаған тұтқындарға – 1 000 000 теңге (2024 жылы 1 адамға).
• ҰОС қайтыс болған мүгедектерінің немесе Ұлы Отан соғысының мүгедектеріне теңестірілген адамдардың екінші рет некеге тұрмаған жұбайына – 60 000 теңге (2024 жылы 26 адамға, жалпы сомасы – 1 560 000 теңге).
Қостанай облысы
1. Қостанай облысындағы ардагерлер саны
Қостанай облысында 3516 ардагер бар, олардың ішінде Екінші дүниежүзілік соғысының қатысушылары мен оларға теңестірілгендер, тыл еңбеккерлері және еңбек ардагерлері бар.
2. Жеңіс күніне орай әлеуметтік көмек
Облыс бойынша Жеңіс күніне орай біржолғы әлеуметтік көмек көрсетіледі:
• Екінші дүниежүзілік соғысының ардагерлеріне – 5 000 000 теңге.
• Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде концлагерьлерде, геттолар мен басқа да мәжбүрлі ұстау орындарында болған кәмелетке толмаған тұтқындарға – 100 000 теңге.
• Ленинград қоршауында жұмыс істегендерге – 60 000 теңге.
• Тыл еңбеккерлеріне – 50 000 теңге.
• Қаза тапқан жауынгерлердің ата-аналары мен екінші рет некеге тұрмаған жесірлеріне – 50 000 теңге.
• Мүгедектігі бар адамдарға – 50 000 теңге.