2 млн теңге: Сенатор болашақ дәрігерлерді оқытатын білім ордаларындағы қаржыландыру мәселесін көтерді
Сенатор Ақмарал Әлназарова палатаның жалпы отырысында мемлекеттік медицина жоғары оқу орындарында оқытуды қаржыландыру мәселелерін көтерді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Айтуынша, қазір медицина мамандықтарына оқуға бөлінетін мемлекеттік тапсырыстың мөлшері мемлекеттік медицина жоғары оқу орындарының оқу процесін ұйымдастыруға жұмсаған шығындарына сәйкес келмейді. Қаржыландырудың жеткіліксіздігі оқу сапасына айтарлықтай әсер етіп, болашақ дәрігерлер үшін қиындықтар тудыруы мүмкін.
Қаражат көлемі кейінгі соңғы 10 жылдықта қайта қаралмай, 4-ші және одан жоғары курс студенттері үшін мемлекеттік гранттардың бағасы бүгінде 609 мың теңгені құрап отыр. Ал 2021 жылы қайта қаралған, ерекше мәртебесі бар жоғары білім беру ұйымдары үшін 1 млн 188 мың теңге, басқа жоғары білім беру ұйымдары үшін 1млн 1 мың теңге болып бекітілген баға, тек қана 2021 жылдан бастап оқуға түскен студенттерге ғана тиісті. Бүгінгі таңда, заманауи медицина талаптарына сай маман дайындаудың өзіндік құны - бір білім алушыға шамамен 2,0 млн теңгеге жуық, - деді Ақмарал Әлназарова Үкімет басшысының атына жолдаған депутаттық сауалында.
Сонымен қатар сенатор білім беру грантының жеткіліксіз құны медицина университеттерінің оқытушылары үшін жалақының тиісті деңгейін қамтамасыз етуге мүмкіндік бермейтінін атап өтті. Нәтижесінде, медицина қызметкерлерінің жалақысы оқу орындары оқытушыларының жалақысынан жоғары тұр. Бұл білікті оқытушылардың практикалық медицинаға кетуіне әкелуі мүмкін.
Осыған байланысты депутат бакалавриат, интернатура, магистратура, резидентура және докторантураның медицина мамандықтарын оқыту үшін мемлекеттік тапсырыс бойынша республикалық бюджеттен бөлінетін гранттардың мөлшерін арттыруды ұсынды.